Мәдениет

Трилогия тұсаукесері

Қазақ елінің соңғы ханы Кенесары туралы ақын, жазушы Әділбек Әбдірайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы кітап болып қайта басылып шықты. Жаңа кітаптың таныстыры­лымы Астанадағы Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде өтті.

Кездесуге белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп бастаған бір топ депутат, Қуаныш Жиенбай сияқты қабыр­ғалы қаламгерлер, Жанболат Аупбаев тәрізді кәнігі журналистер, кітапты оқып қойған, оқуға ынтызар оқырмандар мен әдебиет жанашырлары қатысты. Кездесуді дүлдүл ақын Дәулет­керей Кәпұлы жүргізді.

Құрылымы мен мазмұны күрделі, тарихи деректерге қанық шығарма үш-төрт ғасырды қамти отырып, қазақтың басынан кешкен хикметтерді сипаттаған. Трилогияның бірінші кітабы «Арланның азуы», екінші кітабы «Серт», үшінші томы «Рух» деп аталады. Мұнда қазақ елінің патша империясы отаршылдығына қарсы күресі, Кенесарының қолбасшылығы мен қайраткерлігі, сондай-ақ, ханның ұлы, мұрагері Сыздық сұлтанның сол күрес­ті жалғастыруы баян етіледі. Туындының өн бойынан рухты қозғайтын сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік оқиғалар, мінез-­құлық құбылыстары шынайы және кестелі түрде көрсетіледі.

– Кітап шығару, жазу­шылықты және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып жүрген «Фолиант» баспасы осы халықаралық іс-шараның өтуіне тікелей мұрындық болуда. Бұл олардың кәсіби-салалық жобасына айналған. Сондай-ақ көптеген туындының жарық көруіне, соның ішінде «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының қайта басылып шығуына қолдау білдірді. Мұны әдебиетке деген үлкен қамқорлық деп білеміз. Сол үшін «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Сәрсенбіұлы бастаған ұжымға шексіз ризашылығымды білдіремін! – деді автор.

Қазақ елінің соңғы ханы Кенесарының тағдыры мен қайраткерлігі, қазақ халқының қиын да қаһармандыққа толы өмір жолы суреттелген «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы былтырғы жыл қорытындысында жоғары бағаланған еді. Содан болар кітап жақсы саудаланды. Кездесуге қатысушы әдебиет өкілдері Кенесары туралы жазылған тұңғыш туынды саяси иірімдерге бейімделген заманның шығармасы емес, ұлттық рухымыз бен намысымызды әйгілейтін тәуелсіздіктің төл туындысы екенін айтты. Сондай-­ақ романның қоғамда тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқарары сөзсіз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button