Басты ақпаратСұхбат

Серік РҮСТЕМБЕКОВ, Астана қаласы Сәулетшілер одағының төрағасы, «ORTA» ЖШС жобалау компаниясының директоры: Шетелге шықсам, Астанаға асығамын

Еліміздің бас қаласы Алатаудың бау­райындағы әсем Алматыдан Арқа төсіндегі ежелгі Ақмолаға көшірілген күннен бастап шаһар дамуына үлес қосып келе жатқан жандар бүгінде саусақпен санарлықтай болса да бар. Солардың арасында Астананың алғашқы бас жоспары авторларының бірі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстан Сәулетшілер одағының вице-президенті Серік Рүс­тембеков есімінің алар орны ерекше. 200 мыңдай ғана тұрғыны бар шағын қаланың алғашқы қадасын қағып, Есіл өзенінің сол жағалауын жаңғыртуға бағытталған тың жобаларды жүзеге асырған белгілі сәулетші газетіміздің тілшісімен болған сұхбат барысында еліміздің басты шаһары қалай өзгергені және оны көркейту үшін әлі не істеу керектігі төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Серік Исаұлы, Астананың алғашқы бас жоспары қалай жасалды? Әңгімені осы тұстан бастасаңыз.

– Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы саяси шешім менің өмірімде ерекше рөл атқарды. Ол кезде елдің жағдайы белгілі, бюджет қызметкерлері уақытында жалақысын ала алмай, Қарағандының кеншілері шеруге шығып, құрылыс әбден тоқтап, еліміздің экономикасы тоқырап тұрған  тұс еді. Көпшілік астананың ауысатынына сенген жоқ. Бірақ, шешім қабылданды. Сол сәтте біз, Алматыдағы бір топ тәжірибелі сәулеткерлер бір-бірімізбен ақылдасып, болашақта астана көшсе, оған бас жоспар керек деп, өзіміз соған ыңғайлана бастадық. Сөйтіп, Ақмолаға келіп, біраз мәліметтер жинап, кеңес құрып, жердің жағдайымен таныстық. Сонда көзіміз Есілдің сол жағалауындағы бос жерге түсті. Жаңа қала осы жерде болуы керек деп болжап, өз ойымызды қағазға түсіріп, сол кездегі Мемлекет басшысына ұсынысымызды баяндап бердік.

Бастама Президентке өте ұнады. Содан халықаралық конкурс жария­ланып, бас қаланың негізгі эскизі таңдалды. Біз Алматы мен Астана сәулетшілерінен құрылған шығармашылық бірлестік сол конкурсты жеңіп алдық. Осылайша, 1996 жылы Ақмолада «Ақ Орда» жобалау-құрылыс компаниясы құрылды, ол Қазақстанның жаңа астанасы Ақмоланың бас жобалаушысы болды. Әріптестерім оның бас­тығы етіп мені сайлады. Сол жылы мен Алматыдан өзім туып-өскен қалаға жаңа шаһар салу үшін сәулетшілер десантын алып келдім.

1999 жылы үкімет үлкен Бас жоспарға халықаралық конкурс жариялады. Сонда өте атақты жапон архитекторы Кисе Курокава жеңімпаз болды. Белгілі сәулетшінің есімі бізге сонау студент кезден мәлім болатын. Оның шетел журналдарындағы мақалаларымен, жобаларымен сол кезден таныс едік. Шындығында, Бас жобаны жасауға ол кезде бюджетте ақша да болған жоқ. Ал жапон архитекторының артында халықаралық қор тұрды. Сол қордың шарты бойынша бұл іске жергілікті жобалау фирмалары мен жергілікті мамандар қатысуы керек еді. Сөйтіп біз атақты сәулетшімен жақынырақ танысып, бірге қызмет етуге кірісіп кеттік. Сол тұста бүгінде мен жетекшілік ететін «Орта» деген фирма тіркелді. Бас қаланың тарихы осылайша басталып кетті.

Өмір өзгерістерін толығымен есепке алу мүмкін емес қой. Бұрынғы есептің сыртында халық санының тез өсіп кеткені бас жоспарға өзгеріс енгізуге себеп болды. Болжам бойынша 2020 жылға дейін Астана халқының саны 800 мыңнан аспауға тиіс еді. Бұл аспаннан алынған жоқ, мамандандырылған екі институттың мәліметтеріне сүйене отырып жасалған зерттеулердің нәтижесі болатын. Қазір қала тұрғындары 1 млн-нан асып кетті. Оның үстіне елорданың  жан-жағындағы Қосшы, Қоянды, Талапкер, Ильинка секілді елдімекендер де ерекше қарқынмен дамып келеді.

– Ол кезде Есіл өзенінің сол жағалауы құр батпақ пен қамыс жайлаған бос жер еді ғой. Сол сайын далада ғажайып қала тұрғызылатынына сенгендер болды ма?

– Жоқ, әрине. Иә, ол тұста Есілдің сол жағалауы иен дала еді. Бұл маңда Комсомольский атты шағын аумақ, қаптаған дачалар ғана болатын. Астананың қай уақытта осындай көркем шаһарға айналғанын өзіміз де сезбей қалдық. Өйткені осыдан ширек ғасыр бұрын бұл қаланың сипаты мүлдем басқаша болатын. Қазіргі бойымен көк тіреген зәулім үйлердің орны қамыс өскен саз батпақ еді ғой. Есілдің сол жағалауына ел қонады дегенге ешкім сенбеді. Сол жағалауға ешкімнің барғысы келмейтін, өйткені ешқандай инфрақұрылым жоқ.

Президенттің бұйрығымен Ақорданың құрылысы басталғанда басқа инвесторлар қызығу­шылық таныта бастады. Осылайша, сол жағалауда «Ақорда» резиденциясы, «Қазмұнайгаз» бен «Бәйтеректің» қазығы қағылды. Кезінде сары дала болып жатқан аумақтың жайқалған желекке оранып, көркем шаһарға айналғаны, әрине, көз қуантады.

Қаланың ішінен жарып өтетін тамаша Есіл өзені, оған құятын екі бұлағы Ақбұлақ пен Сарыбұлақ және бірнеше бульварлар бар. Біздің мақсатымыз – ең бірінші қала сыртынан жасыл аймақ жасау, жасыл желектерді өзеннің және бұлақтардың бойы­мен қалаға кіргізіп, сыртқы ормандарымен қосып, қала структурасына жалпы су, көк өсімдіктер енгізіп, қаланың ішін табиғаттағыдай етіп, адамның күнделікті тұрмысына ыңғайлы ету болатын. Бас жоспар осындай мақсатпен жасалған. Бірақ, географиядан белгілі, жер шарының айналуына және айдың әсеріне байланысты қай өзеннің болсын оң жағалауы биік, жар, ал сол жағалауы жазық болады. Тарихта осыған ұқсас талай деректер бар. Бізде де жазғытұрым Есілдің сол жағалауын өзеннің тасқын суы басып кеткен жағдайлар болған. Сол қауіпті ескеріп, бас жоспардың жалғасы ретінде бір үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, сол жағалауды инженерлік қорғау қолға алынды. Осы бағытта өзеннің жобасын 20 жылға жобалап шықтық.

Қаланы апаттан қорғау үшін инженерлік-гидротехникалық шешімдермен өзенді түзетіп, кеңітіп, тереңдетіп, жағалауларын безендіріп, осы қаланың ішінен өткіздік. Жоғарыдан тасқын су келгенде қаладан тура өтіп кететіндей жағдай қарастырылып, жасанды екі арал жасалды. Көпшілік біле бермейді, өзеннің ұзындығы – 37 км, біздің ұжым соның әр метрін жобалап шықты. Соның 80 пайызының құрылысы аяқталып, іске қосылды.

– Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының ең әдемі және сүйікті демалыс орындарының бірі – Есіл өзенінің жағалауы. Бұл да сіздің көп жылғы еңбегіңіздің нәтижесі. Өзеннің сол жағалауына жан бітіріп, көпірдің астына кеме жүргізу идеясы қайдан туды?

– 2005 жылы Президентке қала ішінде өзенге кеме жүргізу концепциясын ұсындық, ол қабылданды. 2007 жылы бұл бағдарлама іске қосылып, бірінші кемелер пайда болды. Қазір қаланың тұрғындары ондағы үлкенді-кішілі 17 кемемен серуендеп жүр.

Жалпы, әлемде өзен жағасына салынған қалалар аз емес. Өзенге көңіл бөлу себебіміз, ол жалпы бас жоспарға үлкен әсер етті. Белгілі дүниежүзілік астаналарда Москва, Санкт-­Петербург, Париж, Лондон бәрінде де өзен бар. Біз де шағын болса да өзенімізді кеңейтіп, біраз көркейтіп, безендіріп, қаланың жалпы ландшафтының ең басты бір элементі еттік.

Қазір қарасаңыз, өзеннің жағалауы нағыз қала тұрғындарына, қонақтарға серуендеп, қысы-жазы демалып жүретін жерге айналды. Бүгінде қала тұрғындары мен туристердің ең сүйікті демалыс орнына айналған өзеннің жағалауы – жазда жағасы жанға сая болса, қыс­та коньки, шаңғы, сырғанақ тебетін таптырмас жер. Есілде кеме жүргізу жобасы әу баста елорданың туристік тартымдылығын арттырып, қаланың сыртқы көрінісін ажарландыра түсу мақсатынан туындағаны белгілі. Бүгінде мұнда шетелдіктер де жиі келеді.

Алғашында бұл Тельман мен Газ аппаратура зауыты аралығындағы 20 шақырым жерді автобуспен барғанша, осы кемемен жүріп өтуге ыңғайлас­тырылған жоба болатын. Өкінішке қарай, бүгінде кемелер жөндеуді қажет етіп тұр.

Өз басым шетелге шыққанда көбіне көліктің осы түріне отырғанды ұнатамын. Өйткені қаланы жаяу аралаудан аяқ шаршайды. Ал кемеде тамаша, тынығып отырып, тамағың мен сусыныңды ішіп, діттеген жеріңе кептеліссіз әрі еш кедергісіз жетесің. Керемет емес пе?!

– Кептеліс демекші, соңғы кездері қалада жолдар кеңейтіліп, жаңа көпірлер бой көтергенімен, кейбір көшелерде көлік тығыны азаймай тұр. Сіздіңше, себебі неде? Жалпы бұл мәселеден құтылудың жолы бар ма?

– Әрине, бұл – үлкен мәселе. Басты себеп, біріншіден, қаланың транспорттық жоспары дұрыс есепке алынбаған. Оның үстіне қай қала болса да, қаланың орталық жағын айналып, қай бағытта болсын тоқтамайтын, үздіксіз қозғалыс магистралі болуы керек. Мысалы, қазір Астананың қандай кең көшесімен жүрсеңіз де, алдыңыздағы бағдаршамға барып тірелесіз. Сондай светофорсыз жол тобырлары, яғни развязкалар болса, онда әр бағыт өз бетімен, бір-біріне кедергі келтірмей, біраз мәселе шешілер еді. Елордада осындай магистральдың тапшылығы сезіледі. Бас жоспарда бұл мәселе қарас­тырылған. Дегенмен, жол тобырына көп жер көлемі керек. Кезінде өте қажетті жол тораптары уақытында салынбады. Кейбір жерде олардың орнына басқа ғимараттар тұрғызылып, қала құрылысында біраз қателіктер орын алды. Енді қазір оны түзету үшін қаражат және уақыт керек.

Кептелістен құтылудың бірден-бір жолы – развязкаларды көбейту. Тағы бір үлкен мәселе, бұрын кеңес заманында шағын аудандарда мектеп, балабақша, дүкен, дәріхана, химиялық тазалау, шаштараз деген көп болса 500 метрден аспайтындай аумақта орналасатын. Қазір ше, тұрғындардың жұмыс істейтін жері ана шетте, мектеп мына шетте, балабақша тіпті басқа жақта, соның салдарынан адамдар қарама-қарсы бағытта ертелі-кеш сартылдап бірін-бірі тасымалдайды да жүреді. Қаладағы көлік кептелісінің азаймауының тағы бір себебі – осы.

– Бүгінгі бас қаланың 100-ден астам ғимаратында сіздің қолтаңбаңыз барын білеміз. Солардың ішінде «Самал» шағын ауданын жобалап, салған кездер есіңізде ме?

– Әлбетте. Астана Арқаға ауысқаннан кейін орталық мемлекеттік органдарды орналастыру күн тәртібіндегі маңызды мәселе болды. Осы орайда біз ескі орталықты жаңғырту жұмыс­тарымен айналыстық. Бұл үйлерді салу басында Қазақстанның атақты құрылыс компанияларына ұсынылды. Кейін бұл жобаны түріктер қолға алды. Сөйтіп, «Самал» шағын ауданында 9 және 12 қабатты 718 пәтер салынды. Сол үйлердің сыртқы бояуы әлі күнге дейін сол қалпында сақталған. Баршаға белгіл, ол кезде сапаға көбірек көңіл бөлінуші еді.

Уақыт өте келе астанамыздың бейнесі қалыптаса бастады. Жаңа ғимараттар қаланың көркін аша түсті. «Самал» тұрғын үй кешенімен бірге мен «Миллениум» галереясын, «Бизнес сервис орталығын», Қаржы министрлігі алдындағы алаң, Астаналық саябақтағы «Аквапарк» кешенін, «Қазақ халқына алғыс» монументін, «Ұлытау» аллеясын жобалау, салу жұмыстарына тікелей араластым. Осылайша, отандық және шетелдік ең үздік сәулетшілермен бірге астанамыздың жаңа келбетін қалыптастырдық.

Өкінішке қарай, қазір құры­лыс сапасы төмендеп кетті. Мысалы, бүгінгі құрылысшылар үйлердің қасбетін қаптауда, оның бекітетін заттары да, есіктер, цемент, арматура, бәрінің бағасына қарайды. Бәріңізге мәлім, бизнестің заңы шығынды неғұрлым азайтып, табысты ұлғайту. Дегенмен, бұл ретте бақылауды күшейткен жөн. Жобалаушы сметаны дұрыс жасап, жауапкершілікті сезінуі керек, мемлекеттік сараптама мен техникалық шешімдер дұрыс болуы қажет. Бұрын жобаны қабылдау үшін мемлекеттік комиссия болатын. Қазір бәрі басқаша. Оның үстіне бүгінде тәжірибесі, білімі жоқ мамандар көбейіп кетті. Жауапкершілікті сезінбеудің салдары құрылыстағы небір келеңсіздіктерді тудырып отыр.

Шетелде заң біздікіндей емес, қатал. Жасыратыны жоқ, қазір құрылыс үлкен бір бизнеске айналып барады. Оған қызықпайтын адам жоқ. Олар құрылыста қалыптасқан ережелер барын, жобалау тәртіптерін ескере бермейді. Қазір кейбір бақылаушылар лицензияны сатып ала салады. Авторлық және техникалық бақылаушылар құрылыс барысын жіті қадағалауы қажет. Себебі қай істе болсын ең басты мәселе – сапа. Бірақ, бұған мән беріп жатқандар шамалы.

Кеңестер заманында жобалау­мен айналысатын көп болса, 200 контора болатын. Ол кезде әр министрліктің өз жобалау компаниясы және облыста олардың филиалдары жұмыс істеуші еді. Қазір Қазақстанда 15 мың жобалау компаниясы бар.

– Серік Исаұлы, өміріңізде Астананың алар орны ерекше екені белгілі. Өзіңіз тұрғызған қаланың келешегін қалай елестетесіз?

– Осындай тарихи жағдайға қатысып, ел астанасының салынуына, оның дамуына үлес қосқаным – мен үшін үлкен құрмет, мәртебе. Ең бастысы, ойдағы нәрсені қағаз бетіне түсіріп, оның іске асырылуына куә болу, әрине, үлкен бақыт.

Астана – тек менің, тұрғындардың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Бәріміз де осы елордамен мақтанамыз. Балалық шағым Астанадан алпыс шақырым жерде орналасқан шағын ауылда өтті. Анаммен Ақмолаға келгенде, ауылдан шыққан автобус қазіргі «Пуча» дүкенінің алдына келіп тоқтайтын. Сонда бөтен қалада адасып кетпейін деп, анамның етегінен мықтап тұрып ұстап алатынмын. Қазір қарап отырсам, ол кезде қала кіп-кішкентай болған екен-ау. Енді, міне, алып астанаға айналған елордадан ешқайда кеткім келмейді. Бір жаққа шықсам, Астанаға жеткенше асығамын.

Алматыда оқып, білім алып, жұмыс істеу кезінде әр қазақтың арманы болатын. Сол жерде 30 жыл тұрдым, қызмет еттім. Бірақ, қазір Алматыға барсам, көп болса бір-екі күн ғана боламын, кейін қайтадан осында келгім келеді де тұрады.

Бүгінгі елордамыз келешекте жиырма бірінші ғасырдың ауыз толтырып айтатындай үлкен қаласы бола берсін! Астанада қызмет ету, Астана үшін еңбек ету, Астанамен бірге өсу, өрлеу – бұл үлкен мәртебе. Сол үшін де тағдырыма өте ризамын.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button