Білім

Ұрпақ жалғастығы

Астана қаласының №44 орта мектебінде «Ата-ана ұлағаты – ұрпаққа аманат» атты іс-шара өтті. Бұл игі шараның мақсаты – оқушыларға ата-бабадан қалған асыл мұраларды дәріптеу, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсету, өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімін ояту, ана тіліне, әдет-ғұрпына сүйіспеншілікті арттыру. Тағылымды іс-шара мектептің домбыра ансамблі орындаған «Ерке сылқым» күйімен ашылды.

– Мектеп ұжымы өткізіп отыр­ған бұл іс-шараның маңызы тереңде жатыр. Ғасырлар бойы халқымызда жинақталған салт-дәстүр мен ұлағатты өнеге – біз үшін аманат. Олай болса сол аманатты жастарға жеткізу, түйсігіне сіңіру, үйрету біздің басты мақсатымыз болуға тиіс. Мына бір терең мағыналы, ұлағаты мол іс-шара бір мектеп аясында қалып қоймай, астанамыздың барлық мектебінде өтсе құба-құп болар еді. Айта кететін жағдай, ардагерлер ұйымын жиырма жылдан астам уақыт басқарып отырған құрметті ардагер анамыз Майра Әлімханқызының жастарға тәрбие беру жолында атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Алдағы уақытта да біздің осындай ардақты қарияларымыз жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне жіті араласады деген зор сенімдеміз, – деді іс-шараға қатысқан Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы.

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің атынан осындай игі шара өткізіп, жұртты риза еткен мектеп директоры Ләззат Құлтаеваға алғыс хат табысталды.

Қарт ана Елена Әбішқызы балалары мен немерелерінің осы мектептен тәлім алғанын айтып, мұғалімдерге ризашылығын білдірді.

Мектеп ұстаздары мен балалардың қуанышы жақсы ән-жырға, назды биге ұласты.

 Баянды ӘЛПИ,

Алматы ауданы

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button