Басты ақпаратБілім

Мұғалім мерейі

Биыл бірінші рет мұғалімдердің кәсіби мерекесі Үкіметтің қаулысымен жаңартылған мемлекеттік мерекелер тізімінде 5 қазанға бекітіліп, дүние­жүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды.

Қандай мамандықтың да өз қиындығы бар. Ал, баланың өміріне, біліміне жауап беретін мәртебелі маман иесі – мұғалім болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ғаламтор билеген ғасырда үйдегі екі-үш баласының сөзін көтере алмайтындар қаншама, ал күніне алдына жүздеген оқушыны оқытып, білім дәнін егетін жандар – нағыз өз ісінің майталмандары. Мұғалімді мектептің жүрегі, басты тірегі атауы да сондықтан болса керек. Елімізде қазанның алғашқы жексенбісінде Мұғалімдер күні аталып өтеді. Елорда ұстаздары – ел бойынша ұстаздар қандай болуы керек, кімдерге қарап бой түзеу керектігін көрсетіп келеді. Біз бүгін елордалық ұстаздар арасында мұғалімдер династиясында дүниеге келіп, еңбек жолын ерекше, ауылда бастап, бүгінде

Астана қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде география пәнінен сабақ беретін, осы салада жемісті еңбек етіп жүрген, көп балалы ана Дүйсақова Айгүл Есенгелдіқызы туралы айтуды жөн көрдік.

Өрнекті өмір жолы

Қазақтың ұлттық құндылықтарын баланың бойына дарытып, білімін жетілдіруде ауыл ұстазының орны ерекше. Батыс Қазақстан облысының Казталов ауылының Бостандық ауылында дүниеге келген Айгүл Есенгелдіқызы мектепті бітіргесін, 1991 жылы «Құрмет Белгісі» орденді А.С.Пушкин атындағы Орал педагикалық институтының география факультетіне оқуға түсті. 1996 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтаған ол еңбек жолын  Казталов ауданының Карл Маркс атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Әлі есінде, сыныптағы бүлдіршін балаларға әріпті үйретіп, қолына қалам ұстатқаны, білімге жетелеп, арқадан қаққаны, кейбір қиындау сәттерде көзіне жас келіп тұрса да қабағын ашып, сабағын беруге тырысты, тәжірибелі ұстаздардан көп нәрсе үйренді, әке-шешесінің ақыл-кеңестеріне жүгініп, педагогиканың қыр-сырын меңгеруге барынша тырысты. Өйткені, жас мұғалімге оқушыларға сабақ үйрету жақсы дайындықты, жауапкершілікті және әр балаға жеке-жеке көңіл бөлуді, айрықша қарауды талап ететін. Облыс орталығынан шалғайда жатқан, ата-бабаларының мекені – Казталов ауданынының Бостандық ауылынан түлеп өсіп, оқу бітіргесін дипломмен туған жеріне оралған Айгүл Есенгелдіқызы осында география пәнінен сабақ бере жүріп тәлімгер болды, уақыт өте келе екбекқорлығымен, жауапкершілік қасиетімен, кәсіби біліктілігімен педагогикалық ұжым арасында зор беделге ие болған ол мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Өз ісіне жауапты, заманауи, тәжірбиелі мұғалім.

Мамандығым – мақтанышым

– Мамандығым өзіме ұнайды. Үнемі шығармашылық ізденісте жүремін. Жақсы нәтижеге ғана жұмыс жасаймын. Мен үшін шәкірттерімнің ой-арманы, мақсаты, жақсы білім алуы – бірінші орында. Оқушыларым аудандық, қалалық олимпиада жүлдегерлері. Мәселен, Ерлік Алибеков  7 сынып арасындағы, Әнел Азаматқызы 10 сынып арасындағы қалалық олимпиада жүлдегерлері, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

– Әрбір баланың бала кездегі ойнаған ойыны, арманы есейгенде мамандық таңдауға бірден-бір әсер ететін нәрсе дер едім. Шыбық сүйреп, доп қуып, еркелеген бұла кездер, балалық шақта қуыршақтармен бірге менде әдемі қоңыр тақта болды. Жанында әріптер ойылып жазылған, есептейтін кішкене шоты да болды. Үнемі мұғалім болып, тақтаға  бормен жазу жазып, есеп шығарып ойнайтынмын. Сірә, содан болар мамандық таңдауда қиналмадым, ата-анамның кәсібін мен де болашағыммен байланыстырған едім. Өскен ортам, отбасым, алған тәрбием, білімім бәрі де – келешектегі педагогтің жолына берілген батадай, ақ тілектей әсер етті. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мұғалім мамандығын таңдағаныма әлі күнге дейін еш өкінген емеспін, жұмысымды жақсы көремін, мамандығығымды мақтан тұтамын. Менің нағашы әжем Сағида Бақтығалиева – бастауыш пәнінің мұғалімі болса, әкем Есенгелді Дүйсақов өмір бойы ауылда физика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етті. Кәсіби білікті, білімді маман, отбасында жақсы әке болған ол кісі көп жылдар бойы Бостандық орта мектебінің директоры қызметін де адал атқарды, аудандағы ең беделді ұстаздардың бірі еді. Анам Айғаным Жакыпова –биология пәнінің мұғалім ретінде көптеген баланың шырағын жағып, үлкен өмірге қанаттандырды, алтын ұясынан ұшырды. Талай талантты балаларды тәрбиелеген, шеберлігін ұштаған әкем мен анам «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, осы саланың майталмандары ретінде ел есінде. Өмірден озса да артында ұрпағына, шәкірттеріне зор естеліктер, мол тағылым қалдырды. Әке-шешемнің оқушылары оларды жақсы естеліктерімен еске алып отыратыны қуантады. Қазір ауылдағы Бостандық орта мектебінде Есенгелді Дүйсақов атында арнайы кабинет бар. Ата-анасы мұғалім болғандар ғана үйдегі кішігірім педкеңестің қандай боларын түсінетін шығар. Үйде ата-анамнан педагогиканың қыр-сырын айтып отырғаны менің жақсы мұғалім болып қалыптасуыма көп септігін тигізді деп ойлаймын, – дейді Айгүл Есенгелдіқызы.

Елордадағы ерен еңбек

Отбасы ел жүрегі – Астанаға қоныс аударуына байланысты 2008 жылдың қыркүйегінен бастап елорданың тұрғыны. Елордадағы №58 мектеп-гимназиясында география пәнінің мұғалімі, тәлімгер болып жұмысқа тұрды. Жаңа қала, жаңа ортаға бейімделу, әрине, оңай емес, бірақ ұжыммен, балалармен тез тіл табысқанының арқасында еліміздің астанасында еңбек жолын жалғастырып, еңбек етті. 2015 жылдың қараша айынан бастап Астана қаласының №53 мектеп-лицейіне әлеуметтік педагог, география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда осы Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде география пәнінен сабақ береді. 1996 жылы бірінші санатты мұғалім санатында болса, кейін тұрмысқа шығып, бала күтімінде болды. Қазір «Педагог-сарапшы» деңгейінде еңбек етіп жүр. Астана қаласы Білім басқармасының,  аудандық, қалалық әкімдіктіктің Алғыс хаттарымен марапатталған.

– ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болу  керек деген мәселе мені толғандырады, яғни бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуде біздерге, педагогтарға қойылар талап үлкен, жауапкершілік жоғары. Сабақ барысында бір ғана кітаптың құндылығын айта отырып, оған шәкіртті қызықтыру үшін бүгінгі мұғалімнен заманауи инфрақұрылымдарды, техниканы меңгеру қажеттілігі туындап отыр. Сала шығармашылық ізденісті, тың жаңалықтарды талап етеді. Мысалы, әлемді, дүниені тануда ерекше орын алатын география пәнін оқытудың ерекше әдіс-тәсілдері, тың дүниелері мені айрықша қызықтырады және осы бағытты білімімді жетілдіре түсемін. Ұлы данышпандар айтқанындай, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ешқашан да білу, өмірді тану артықтық етпейді. Сондықтан да оқушымен қатар біз де ізденеміз, біз де ілім іздеп, алға ұмтыламыз, шеберлігімізді шыңдаймыз, – дейді А.Дүйсақова.

Үлкенге сыйлы, кішіге құрметті ізетпен қарайтын Айгүл Есенгелдіқызы  отбасының жылуын келтіріп, отын жағып отырған асыл жар, мейірімді ана, үш ұлы, қызы бар. Тұңғышы – Еңлікгүл Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті сәтті тәмамдап, анасының жолын қуып, мұғалім болды. Алматы қаласында №153 мектепте физика сабағын ағылшын  тілінде береді. Ұлы Бауыржан Астана университеттерінің бірінде студент болса, Талғат Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, кішісі Димаш та оқушы.

P.S. Ұстаздар туралы ұлылар ұлағат қалдырған, шәкірт жүрегіне жол тапқан мұғалім, ұстаздың алар орны ерекше. Себебі, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты десек, артық айтқандық емес. Ұлағатты ұстаз алдындағы талап қай кезде де күшті болған, бірақ бүгінгі күні ұстаз – жаңалыққа жол бағыттаушы бағдаршам болуы қажет екені түсінікті. Мықты мұғалім – мектеп айнасы. Ендеше, қарапайым еңбек жолын шалғайдағы ауылдан бастап, бүгінде лауазымды қызметте емес, мектептегі білікті мұғалімі болып қызмет істеп осы салаға ерекше серпін беріп,  мыңдаған шәкірттің шырағын жағып, санасына сәуле ұялатқан Айгүл Дүйсақовадай ұстаздар – елорданың ғана емес, еліміздің білім саласындағы жас мамандарға, замандастарына үлгі, өнеге. Мәртебелі мамандықтың мерейін асырып жүрген оған өмірде де, қызметте де сәттілік тілейміз.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button