#Жаңа Қазақстан

Өзгерісті өзімізден бастайық – депутат

Президенттің халыққа жолдаған Жолдауында қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі, экономикалық-әлеуметтік бағыт-бағдары айтылды. «Мықты мемлекет болу үшін саясимен бірге экономикалық өзгерістер қатар жүруі керек» деді Мемлекет басшысы.  Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Бастысы Жолдауда айтылған бастамалардың іске асу мерзімі де айтылды.

Ел президенті әуелі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында жасалып жатқан бірқатар шараларға тоқталды. Халыққа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді.

«Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет, – деді Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанын айтты. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті деп атап өтті Президент.

Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады.

«Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда балалардың қауіпсіздігі де айтылды. Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ең төменгі жалақы мөлшері өсетінін де тілге тиек етті. 2024 жылдан бастап ол  85 мың теңге мөлшерінде бекітілді.

«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді.Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Жолдау барысында Президентіміз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру аса маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл бірінші кезекте жастарға бағытталып отырғаны рас. Оның дәлелі – «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің енгізілуі.

«Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады, – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде АЭС салына ма әлде салынбай ма? Бұл сауал өте жиі қойылады. Ал қоғам болса, екіұшты пікірде. Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Осы маңызды мәселеге Президент Жолдау барысында нүкте қойған болатын. Нысанды тұрғызу не тұрғызбауды халық референдум арқылы шешеді. Ал оның уақыты әзірге белгісіз. Осы әрекеттің өзі әр азаматымыздың дауысының маңыздылығының дәлелі емес пе? Өйткені негізгі билік халықта, яғни сіз бен бізде.

«Реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз. Мен былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырдым. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек, – деді Президент.

Бір жағынан жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелердің бюджеттен қаржыландыру арқылы шұғыл шешілуін қамтамасыз етуге тиіс.

«Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін» жасау тәсілі енгізіледі.Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн.Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент нарықта белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындарға қолдау көрсету қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірленетінін жеткізді.

Бір ерекше атап өтерлігі, Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда айтылған экономикалық эәне әлеуметтік реформалар 3 жылдың ішінде орындалуы тиіс деді. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.

Менің ойымша, демократиялық қоғам қалыптастыруда қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан реформалар алдағы уақытта жемісін береді.   Бастаманың нәтижелі болуы – барлығымызға тікелей байланысты. Оның ішінде Үкімет мүшелері, Парламенттің және қоғамдағы әр азаматқа байланысты деп ойлаймын.

Біз, бір ел болып тек көрсеткіштерді ғана емес, санамызды да  өзгертуіміз керек. Сондықтан бұған сіз бен біз болып, ат салысуымыз қажет.

«Алдымен ойыңды түзе, ол сөзге айналады. Сөзіңді түзе, ол іске айналады. Ісіңді түзе, ол әдетке айналады. Содан кейін әдетіңді түзе, ол мінезге айналады. Ал мінез – сенің тағдырың» – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы өз заманында айтып кеткендей, бұл ойлы адам үшін өзгерудің дайын формуласы.

Өзгерісті өзімізден бастайық. Барлығы сіз бен біздің қолымызда.

«AMANAT» партиясы атынан

Астана қаласының мәслихатының

VIII сайланымының депутаты

Бекзат Жолжақсынов

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button