Құқық

Жазбаша талқылаудың мәні зор

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Әкімшілік іс қаралуы барысында белгілі бір жайларға байланысты талап қойылуы арқылы шешім шығарылып, жазбаша іс жүргізу тәртібімен де қаралуы мүмкін.

Жазбаша талқылаудың артықшылығы неде десек, сот ісін жүргізу барысында бұл тәсілді қолдану арқылы әдеттегі істі қарастырудың жеңілдетілген түрі қамтылады.

Жазбаша іс жүргізу тәртібі және жазбаша істерді қарау ерекшеліктері ӘРПК-нің 23-тарауымен реттеліп, қарастырылады. Сот алдын ала тыңдау кезінде әр тарапқа әкімшілік істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарауды ұсынуға құқылы. Кейін олардың жазбаша келісімін алған сәттен бастап, сот істі осындай тәртіппен қарау туралы ұйғарым шығарады. Мұнда міндетті түрде әр тараптың келісімі керек.

Жазбаша іс жүргізудің негізгі артықшылықтарының бірі: сот талқылауын жүргізу тәртібін жеңілдетіп, сотқа тараптарды шақыр­май істі қарас­тыруға мүмкіндік береді. Егер де істі жүргізу барысында дұрыс әрі нақты шешім қабылдауға қосымша мәліметтер жетпесе, сот өз қалауы бойынша ауызша форматты талқылауға көшуге құқылы. Мұндай жағдай тараптың бұрын жіберілген келісімді қайтарып алу туралы өтінішхаты келіп түссе  қарастырылуы мүмкін.

Жазбаша әкімшілік іс жүргізу мерзімі де көптің көңілінен шығып жүр. Ал талап қою берілген күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарастырылады. Аса күрделі әкімшілік істер бойынша соттың уәжді ұйғарымымен мерзім үш айдан аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін. Сот талқылауындағы мерзімді ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.

Істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен жүргізу сәтінен бастап, барлық процесс жазбаша өтеді және бүкіл мәліметтерді жазбаша хабарлайды. Олар: сот процеске қатысушыларға талап қоюдың түскендігі, жауапкердің талап қоюға пікір мен құжаттарды ұсыну қажеттілігі. Сондай-ақ барлық процестік құқықтарды және міндеттерді жазбаша түрде түсіндіреді.

Барлық істерді жеңілдетілген тәртіппен қараудың басты ерекшелігінің бірі, осындай істер бойынша сот жазбаша дәлелдемелерді зерделеп, саралау негізінде тараптарды шақырмай-ақ, сот отырысын тағайындамай шешім қабылдайды.

Жазбаша талқылауда егер бұл әкімшілік істің тез шешілуіне ықпал жасаса, соттың процестік мәселені шешу үшін ауызша талқылау тағайындауға құқығы бар. Қажетті ауызша сот талқылауынан кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүзеге асыруға жол беріледі, бұл қосымша ұйғарым шығарылмай-ақ жалғасын табады.

Дегенмен жазбаша іс жүргізуге көшетін кезде әрбір іс бойынша оның күрделігіне мән берген дұрыс.

Көбіне жазбаша іс жүргізу істерді қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік береді және сотқа келу, жолға кететін шығын, тұрғын жай жалдау, іс-сапарға төленетін төлемдер сияқты шығындарды болғызбайды, уақыт тұрғысынан тараптарға да сотқа да тиімді екені сөзсіз.

Сондықтан халық арасында бұл туралы түсіндірме жұмыстарын кеңірек жүргізген жөн.

Бақытбек ДӘУІТОВ,

Астана қаласы мамандандырылған  ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button