#Жаңа Қазақстан

Отаншыл азамат – ел тірегі

Күні кеше өткен кезекті құрылтай тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын айқындап қана қоймай, саяси жаңғыру жоспарының рет-ретімен жүзеге асып жатқанын, жаңа реформа бағдарының өзгермегенін көрсетті. Расын айту керек, Қазақстан осыдан екі-үш жыл бұрынғы қалпынан әлдеқайда өзгерді. Бұған ынтымақ пен бірліктің, халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпірді бұзбай, сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік.

Құрылтайда Мемлекет басшысы әсіресе зиялы қауым алдына үлкен міндет жүктеді. Ешқандай өзгеріс әкелмейтін, өнбейтін дауды қуалай берудің қажеті жоқ екенін айтып, елдің болашағын жалпыұлттық деңгейде ойлауға шақырды. Шындығында, қазіргі таңда жеке мүдде емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Қазақстан геосаяси аймақта саяси тұрақтылық жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет болғандықтан, тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасқаны баршамызға белгілі.

Келешекте де оның мән-­маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқме­йілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес, ол бүкіл қоғам болып жұмылатын ауқымды іс екенін терең түсінуіміз қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ислам дінінің маңызына тоқтала келіп, қара жамылып, бет-бейнесін тұмшалап алған әйелдер мен қыздардың қатары көбейіп бара жатқанына қынжылыс білдірді. Несін жасырамыз, 25 жасқа жетпей қауғадай сақал өсіріп, шолақ шалбар киіп, «ассалаумағалейкүм» дегеннің орнына «бәрәкату» деп амандасатын жастар қатары азаяр емес. Кезінде теледидардан орын бермей дүмше-діндарлар қоғамға жат пәлсапа насихат жүргізгенін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Мемлекет басшысы әсіредіншілдіктің етек алып бара жатқанын айта келіп, қазақтардың дәстүрлі діні суниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деді. Енді құқық қорғау органдары халықты теріс бағытқа жетелейтін әсіредіншілдерге бұдан кейін тосқауыл қояды деп ойлаймыз.

Ел арасында тамыр алып бара жатқан құмарпаздық қасіретінен қалай құтылу керек? Деректерге сүйенсек, казинолар мен букмерлік кеңселерде құмар ойынға байланған адамдардың саны 400 мыңға жуықтаған. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл үлкен бір қала халқының санымен бірдей. Демек, бүтіндей бір қала жұртшылығы құмар ойынның құрбаны болып отыр деген сөз. Құмар ойынды қызықтап, қарызға батып, өз өміріне қол салғандар қаншама. Енді жас ұрпақты бұл дерттен аластату үшін тәрбиелік, заңдылық жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Қоғамдағы қатыгездік те қатерлі дертке айналып барады. Заң мен тәртіп үстемдік құратын кез жетті.

Мемлекет басшысы бүгінгі жастар бойында патриотизмді қалыптастыру қажет екенін еске салды. Бұл өте дұрыс. Патриотизм дегеніміз ерлік, ал ерлік дегеніміз патриотизм емес пе?! Кешегі қан майданда қаһармандық пен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр аталарымыз Сағадат Нұрмағанбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен мемлекеттік орден тағайындау – өте құптарлық іс. Бұлардың көзсіз ерлігі, отансүйгіш қасиеті кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс. Президент озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруымыз керек. Отаншылдық – табысты елге айналудың басты кілті. Әрбір адам туған елінің патриоты болса, елімізде әділ қоғам орнайды деп ерекше атап өтті. Олай болса халық арасында отансүйгіштік қасиетті дамытып, алтын бесік елін, ана тілін, салт-дәстүрі мен батыр бабалар ерлігін ұмытпауға және кіндік кескен жерін қорғайтын, осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл-қайратын жұмсайтын отаншыл, адал азаматтарды тәрбиелеу өте маңызды.

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» осы ажырамайтын үш ұғым табысты, бай-қуатты елге айналудың басты кілті» деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. Шындығында, әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді емес пе?! Демек, жастар бойында адалдық пен әділдік, жауапкершілік пен мақсат болған жағдайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік туады. Мемлекет қолға алған саяси-экономикалық реформаларды әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени өзгерістермен қатар жүзеге асыруымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Сонда ғана үздіксіз алға қадам басамыз. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, рухани құндылықтарымызды нығайтқанда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекетіміздің тұғырын нығайта түсеміз.

Мағжан САДЫХАНҰЛЫ,

«Жаңа Қазақстан» республикалық ­инновациялық орталығының директоры, философия ­ғылымдарының кандидаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button