#Жаңа Қазақстан

Алға ұмтылу керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзін тыңдағанда ұлы Абайдың: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген жанашыр сөзі еріксіз ойға оралды. Президент ойының Абай сөзімен үндесуін оның осы құрылтайда айтқан елдің ел болу бағытына ұсынған алты құндылығы дәлелдейді.

Үшінші құрылтайда халқына сенген Президент: «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек» деп ел болашағына апарар жолды анық көрсетіп берді. Ендігі жол – адал жолға түсіп, мемлекетіміздің көсегесін көгерту. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабаларымыз.

Президент ұсынған құндылықтар жүйесі қоғамдағы барша жұртқа: ел басқарғанға да, еңбеккерге де, ұстазға да, шәкіртке де, бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да бағыт-бағдар бола алады. Ең бастысы – адал ниет, отаншылдық жүрек, таза намыс.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өнеге ғып ұсынған мысал бәрімізді ойға қалдырса екен: «Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысал көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?».

Әр адам өз орнында, өз қыз­метінде адал азамат болса, Абай айтқандай, «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректің» иесі болып, әр ісін әділетке сынатса, Қазақстан алдағы он жылда-ақ биікті бағындырып, еңсесі биік ел болады. Себебі біздің мемлекет – жас мемлекет. Жастарымыздың үлесі көп әрі қазір олар өте талантты, ­креативті және жасампаздыққа құштар.

Атыраудағы үшінші құ­рылтайда Президентіміз «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек» деген сөзімен жастар әрекетінің берекеті бар екенін анық түсіндірді.

Қандай оқу орны болмасын оның абыройы да, беделі де – оның түлектері. Уақыт безбені бәрін де өлшейді, екшейді. Болашақта ғылымда болсын, еңбек майданында болсын халықаралық білім ордасынан ұшқан түлектер үлкен биікті бағындыратынына сенеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі баршамызға рух беріп, қайткенде Қазақ еліне адал азамат боламыз, қандай бастаманы қолға алсам екен деген жігер сыйлады.

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,

Назарбаев университетінің профессоры,

Ұлттық мәдениет орталығының директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button