#Жаңа Қазақстан

Ғылыми қорытындыларға сүйену маңызды

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткені белгілі. Алқалы жиында Президент: «Алдымен баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер арқылы Қазақстан ғалымдарына жылы лебізімді жеткізгім келеді.

Шын мәнінде, бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды. Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі» деді.

Сондай іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен елордада өткен «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты халықаралық-практикалық конференцияға қатыстық.

ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов­тың модераторлығымен өткен ғылыми жиында сөз сөйлеген шешендер Қаныш Сәтбаевтың отандық ғылымның негізін қалаудағы орны мен қазақ елінің даму жолындағы рөліне әр қырынан тоқталды.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық кеңесте қабылданған шешімдерге арнайы тоқталды, атап айтсақ, ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы қарар қабылданғанын, ғалымдардың жалақысы екі есе өсіп, озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау күшейіп, докторантурада оқуға арналған білім грантының саны артып, ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беру жалғасын табатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның дамуына үлес қосатын бағыттарды белгілеп бергенінен де жиынға қатысушыларды құлағдар етті.

Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды екеніне екпін түсіре айтқан Мемлекет басшысы: «Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек» деп нақты тапсырмалар бергені белгілі болды.

Алдағы уақытта мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сү­йенуі керектігі міндеттелді.

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің әлеуметтік-экономиналық дамуына ғылымның қосар үлесін еселей түсу үшін отандық ғалымдар да аянбай атсалысуы керек деп санаймыз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық ғылым академиясы

директорлар кеңесінің мүшесі, академик, Астана қаласы

Қоғамдық кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button