«Адал ұрпақ»
Астанада «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының қалалық слетінің ақтық кезеңі өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
«Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұзақ мерзімді үш жылдық жобаны жүзеге асырып жатыр. Осымен екінші рет өткізіліп жатқан жоба елордада парасаттылықты ілгерілету, жемқорлықпен күресу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы Үкіметтік емес сектормен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева.
Іс-шара екі кезеңнен тұрады: іріктеу және ақтық кезеңдер. Іріктеу кезеңдері әр аудан бойынша өткізілді. Оған елордадағы 80 мектептен 300-ге жуық оқушы қатысып, нәтижесінде ақтық кезеңге 10 мектеп жолдама алды. Әр мектеп өз қойылымында «Жемқорлықсыз өмір – адал өмір» тақырыбын айқындап, әділдік пен ар-намыстың маңыздылығын көрсетуі қажет.
Слетті Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, Астана қаласының Білім басқармасы және «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.
«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слетіне біз жыл сайын қатысып тұрамыз. Мұндағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықты бастапқы кезеңде мектеп қабырғасынан үйрету және түсіндіру. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бұл іс-шараның пайдасы мол. Мәселен, былтыр алғаш рет өткенде слетке көп оқушы қызығушылық танытты. Олар сыбайлас жемқорлық тақырыбында суреттер салды», – деді Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқарма басшысының орынбасары Диас Қозыбаев.
Ақтық кезеңге жолдама алған мектептер:
1. Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы;
2. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы;
3. Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы;
4. Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясы;
5. Шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицейі;
6. Ілияс Есенберлин атындағы №67 гимназия;
7. Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясы;
8. №15 мектеп-лицей;
9. Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейі;
10. №97 мектеп-гимназия.
«Мұнда үздік қойылымдар марапатталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді. 3-орынға 30 000 теңгелік, 2-орынға 50 000 теңгелік және 1-орынға 100 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Сонымен қатар мектептерге белсенді қатысқаны үшін дипломдар берілді», – деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы Үкіметтік емес сектормен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, әділдік пен адалдыққа шақыра отырып, еліміздің болашағын жарқын әрі адал етіп қалыптастыруға зор үлес қосады.