Мәдениет

Күй атасына арналды

Шуақты Наурыз мерекесі қарсаңында «Астана Операда» Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында аңызға айналған қазақ композиторы, домбырашылық мектептің негізін қалаушы, авторлық орындаушылық мәнерді қалыптастырушы, қазақ халық музыка мәдениетінің дамуына зор ықпал еткен тұлға Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған «Құрманғазы – рухты саздың сардары» концерті зор табыспен өтті.

Атақты күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тыңдармандарға ұлы композитор Құрманғазының шығармашылығы жайында кеңінен әңгімелеп, дала данышпанының қиыншылыққа толы өмірі мен терең адамгершілік құндылықтары туралы жан-жақты айтып берді.

Концерт шымылдығын «Күй атасы» ашты. Жыр шашу ақын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жүлдегері Еркебұлан Қайназаровтың орындауында шырқалды. Зал Құрманғазының көпшілік ұнататын «Айда бұлбұл, Айжан-ай» шығармасына да қол соқты, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ­Айтжан Тоқтаған сондай әсерлі, әрі жан тебірентерліктей етіп ұсынды.

Жалпы, бағдарламада Құрманғазының «Ақбай», «Байжұмадан» бастап, «Қайран шешем», «Күреңше», «Арба соққан» мен «Терісқақпайға» дейін түрлі күйлері жинақталды. Оның күйлерінің көбі қазақ халқының азаттық сүйгіш рухын көтеретін ақындық ұранға, ұлттық тарихтың әуен тілімен жазылған ұлы эпопеясына тән болғаны белгілі. Халықты азат ету және жеке бас бостандығы – оның шығармашылығындағы өзекті тақырып.

Құрманғазының күйлерімен қатар, көпшілікке Әбікен ­Хасеновтің «Қоңыр» туындысы ұсынылды, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров шебер орындады, оның аспаптық интерпретациясы музыкалық ерекшелікке, мәнерлілікке ие болып, көрермендер аудиториясының қошеметін туғызды.

Сондай-ақ Камералық зал сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Орынбай Дүйсен, Тұрар Әліпбаев, Әбілғазы Ахмадиев, ҚР мәдениет қайраткері Марат Нүкеев, мәдениет саласының үздігі Еділ Басығараев, Бақытжан Дүйсенғазинов, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан, Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов пен республикалық байқаулардың лауреаттары Ақжусан Иманғазықызы, Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Абылайхан Орманбек және тағы басқалары жарқырай өнер көрсетті.

Музыканттар домбыра­шылық өнер жанкүйерлерін Жантөре, Исламбек Ысқақов, Нұрғиса Тілендиев, Ахат Байбосынов, Манарбек Ержановтың және тағы басқаларының шығармаларымен таныстырды. Орындаушылардың аспаптық шеберліктері қазақ даласының асқақ рухын жеткізді. Шығармалардың көбі шынайы лирикалық сезімдерге толы болды, оларды залда отырған әрбір адам сезіне алды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button