Басты ақпаратҚала мен сала

Күзгі жәрмеңке көңілден шықты

Астанада қыркүйек айынан басталған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өңірлік жәрмеңкесі мәресіне жетті. Оны Ақмола, Қос­танай және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері аяқтады.

Биылғы жәрмеңке Қарқаралы тасжолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтті. Оның соңғысына қатысқан үш облыс фермерлері елордаға 800 тоннаға жуық өнім әкелді.

Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуынша, аталған облыс – Астананың азық-түлік белдеуі.

– Ақмола облысы Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құрудың негізгі буыны және жалпы республикалық астық өндірісінің төрттен бірінен астамын өндіреді. Осындай игі іс-шара аясында біз елордамен тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз. Елорда тұрғындары үшін өнімдеріміз қашанда сұранысқа ие, – деді басқарма басшысы.

Бұл жолы Ақмола облысы 300 тоннадан астам жаңа өнімдерді, оның ішінде ет, сүт, көкөніс және жарма өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге қатысушылардың арасында «Гормолзавод», «Родина», «Макинск құс фабрикасы», «Бижан», «Қазгер құс» сияқты ірі жергілікті өндірушілер бар. Бурабай ауданының «Жас» ЖШС жетекшісі Зәуре Ғалиақпарова жәрмеңкеге жыл сайын келетінін, дәстүр бо­йынша биыл да ет және еттен жасалған түрлі өнімді алып келгенін жеткізді.

Қостанай облысының аграршылары 402 тонна өнім, оның ішінде 52 тонна ет, 95 тонна көкөніс және 40 тонна ұн, сонымен қатар брендтері рес­публикаға және одан тыс ­жерлерге танымал «Милх», «ДЕП», «Баян сұлу», «Бекиров» және т. б. кәсіпорындар өздері өндірген сүт және кондитерлік өнімдер әкелді. Ұлытау өңірі жәрмеңкеге 70 тонна ет, көкөніс және сүт өнімдерін жеткізді.

Жалпы биылғы іс-шара қыр­күйектің 21-інде басталып, жәрмеңке маусымын алғашқы болып Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының аграршылары ашқан болатын. Олар елордаға 400 тонна өнім жеткізді. Ақтөбе облысында өндірілген өнімдердің арасында ет және сүт, көкөніс түрлері мол болса, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші 10 аудан мен Тараз қаласының 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 10 автокөлікке тиелген азық-түлік жеткізді. Оның ішінде 33,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 4 тонна шұжық өнімдері, 22,2 тонна сүт өнімдері, 6 мың жұмыртқа, 10 тонна қант, 2,5 литр өсімдік майы, 1 тонна ас тұзы, 4 тонна балық, 4 тонна ұн, 6,8 тонна бал және 202,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері болды. Ал Атырау облысынан алғашқы жәрмеңкеге барлығы 27 шаруашылық иелері қатысты.

28-29 қыркүйекте астаналықтарға Абай және Қызыл­орда облыстарының шаруалары 830 тоннадан астам өнім әкелді. Бұл жолы жұрттың көбі Қызылорданың күрішін сатып алуға арнайы барса, Абай облысының атынан Астанаға экологиялық таза бал сататын 6 шаруа қожалығы келді. Олардың өнімдері тек Қазақстан бойынша ғана емес, шетелге де жеткізіліп жүргені шындық. Жергілікті фермерлердің айтуынша, бұл жердің балы – ең таза әрі экологиялық пайдалы өнім. Жалпы Абай және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 400 тонна күріш, 100 тонна балық, 100 тонна сиыр және жылқы еті, сондай-ақ 30-40 тоннаға жуық бал әкелді.

12-13 қазан күндері Павлодар, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарының аграршылары елордалықтарға өз өнімдерін ұсынды. Ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер елордалық жәрмеңкеге 900 тоннадан астам өнім әкелді. Олардың арасында ет, сүт, шұжық, көкөністер, жеміс-жидектер, сүт өнімдері, өсімдік және жануар майлары, бал, балық, қант, ұн, жарма, түрлі кондитерлік өнім көп болды. Жәрмеңкеге Павлодар облысы 550 тоннаға жуық өнім әкелді, оның басым бөлігі – картоп, көкөніс және бақша дақылдары. Жетісу облысының аграршылары, жаңа піскен жеміс-жидектер, ет және қантты қоса алғанда, 120 тоннадан астам тауар ұсынса, Батыс Қазақстан облысы ет өнімдерінің алуан түрін, сондай-ақ ұн мен макарон өнімдерін әкелді. Алматылық фермерлер елордалықтарға 200 тонна өнім ұсынды, олардың ішінде әйгілі «Апорт» сұрыпты алмалары ерекше сұранысқа ие болды.

19-20 қазанда Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының аграршылары астаналықтарға өз өнімдерін ұсынды. Бұл жолы Қарағанды облысының аграршылары 400 тоннаға жуық өнім әкелді, оның жартысы картоп пен көкөністер болса, Солтүстік Қазақстан облысы 735 тоннадан астам тауар әкелді, оның да үштен бірін картоп пен көкөністер құрады. Сондай-ақ сөрелерде ет, сүт өнімдері, жұ­мыртқа, ұн және шұжық өнімдерінің небір-небір түрлері самсап тұрды. Шығысқазақстандықтар жәрмеңкеге шамамен 70 тонна бал әкелді. Сонымен бірге олар елордалықтарға 40 тоннаға жуық жаңа ет пен құс етін ұсынды.

Қысқасы, биыл елордада ұйымдастырылған күзгі жәрмеңкеге 14 өңірден 70-ке жуық фермер келіп, олар 5 мың тоннадан астам өнім сатты. Әр облыс елордаға өздері өсіретін немесе өндіретін өнімдерін әкелді. Бұл ретте оңтүстік аймақтар бақша дақылдарымен, ал батыс өңірлері балық және солтүстік облыстар ет өнімдерімен танымал екені белгілі.

Жәрмеңкеге келген тұрғындардың бірін тоқтатып, әңгіме тарттық. Шырайлым Балтабекқызы зейнеткер екен. Ол демалыс күндері өзіне қажетті заттарды арзандау бағаға сатып алу үшін осында келетінін айтты.

– Астанада өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өтіп келеді. Күзгі жәрмеңкелер көңілімізден шықты. Барлық азық-түлік өнімін осы жерден сатып алып жүрміз. Мұндағы баға дүкендегіден әлдеқайда арзан. Сол себепті мен жыл сайын ұйымдастырылып жүрген осындай жәрмеңкелерден қалмаймын. Маған тауарларды тікелей шаруалардың қолынан алған ұнайды. Әсіресе кешкі мезгілде еттің бағасы арзандайды. Сондай-ақ бұл жерде сатушылармен саудаласуға болады. Осындай іс-шаралар елордада жиірек өтіп тұрса, қарапайым халыққа қолдау болар еді, – деді қала тұрғыны.

Ұйымдастырушылардың мә­лімдеуінше, аталған жәрмеңкелер өңірлерден келген ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тауарлардың бағасы нарықтағыдан 10-20 пайыз­ға төмен. Сауда-саттықтан басқа, іс-шараға келушілер аймақ әртістерінің қатысуымен өткен концерт бағдарламаларын тамашалады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button