Қала мен Сала

Күзгі жәрмеңке көңілден шықты

Ауа райының салқындағанына қарамастан, сенбі-жексенбі күндері жәрмеңкеге шыққан елорда тұрғындарына Ақтөбе мен Қостанай облысының шаруа қожалықтары көктем мен жазда тер төккізген еңбектің жемісін ұсынды.

Ақтөбе облысының 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары азық-түлік өнімдерін саудаға шығарса, жәрмеңкеде Қостанай облысының 14 ауданынан және 3 қаласынан 50-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

Шаруалар елордаға 400 тонна тауар әкелді. Мәселен, ақтөбеліктер елордалықтар үшін 220 тоннадан астам өнімді жеткізді. Оның ішінде 80 тонна ет, 61 тонна картоп пен көкөніс, 30 тонна сүт, 17 мың жұмыртқа, 6 тонна балық, 1 тонна бал, 10 тонна шұжық, 8 тонна ұн мен макарон өнімдері бар. Астанадағы жәрмеңкеде Ақтөбе облысының 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам шаруалар мен қайта өңдеу кәсіпорындары өнімдерін ұсынды.

Жақсысы сол, өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. Жәрмеңкеде сүт және ет кәсіпорындары бар, олардың брендтері бүкіл елге және одан тыс жерлерге танымал.

– Мына саңырауқұлақтарды (шампиньон) 1000 теңгеден алдым, тіпті арзан, печенье (топленое молоко) бізде 1500 теңге болса, мұнда жарты бағасына тұр – 750 теңгеден, сыр мен сары майдың келісі бізде – 5500, мына жерден 3000-нан алдым. Грек жаңғағы бізде 2500-ден жоғары, мұнда 900-1000 теңгеден, жәрмеңкеге келгеніме қатты қуанып тұрмын, – дейді елордалық зейнеткер Айжан Біралқызы бізбен әңгімесінде.

Шынында да, қазір қымбатшылық алқымнан қысып тұр. Бар тапқаныңды тамақ алуға жұмсайсың. Астананың қақ ортасында осындай қолжетімді бағамен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің ұйымдастырылғаны көптеген елордалық тұрғын үшін тиімді әрі ел тағамының дәмін татып, бір жағынан қысқа қор жинап алуға әбден болады. Өнімдердің сапасына күмән келтірмедік, себебі облыстардың санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің қызметкерлері тағамдардың арнайы сертификатпен сатылып жатқанын сеніммен айтты. Елордалықтардың әр демалысын күзгі керемет көңілді, дәмді аймаққа айналдырған жәрмеңке қазан айының соңына дейін жалғасын таппақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button