Қоғам

Өзекті мәселелер талқыланды

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған білім беру, медицина ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ басқа да өкілетті орган қызметкерлері, комиссия мүшелері қатысты.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова жүргізіп, инклюзивті орта қалыптастыру бойынша жұмыс­тар оқу орындарында қалай жүріп жатқанын, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуда және оны дамытуда қандай кедергілерге тап болып жатқанын талқылаймыз деп атап өтті. Сондай-ақ қазіргі кезде таралып жатқан адам папилломавирусының алдын алу шараларының қай деңгейде жүріп жатқаны, оған қарсы 11 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға екпе егу мәселесі басталғанын да айтып өтті.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Ақмарал Исабекова және Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмурзаева баяндама жасады.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары туралы баяндама жасаған Ақмарал Әбуқызы экономиканың барлық секторында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілеріне, оның ішінде кәсіпкер әйелдерге кәсіпкерлікті қаржылай және басқа да қолдау шаралары туралы ақпарат-консультация қызметі туралы айтып өтті. Оның айтуынша, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы оларға 7 түрлі бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар орталық кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер мен кәсіпкер әйелдердің қажеттіліктерін анықтау, тренинг өткізу, бизнесті сыртқы бағалау және тәлімгерлік бойынша қызмет көрсетіп, әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес-әлеуетін дамытуға бағытталған форум, конференция, басқа да іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады.

– Қазіргі уақытта кәсіпкер әйелдердің саны мен олардың экономиканы дамытудағы маңызы артып келе жатқанын атап өткім келеді. Үкімет Қазақстанда ШОБ-ты дамытуға үлкен көңіл бөледі, оның ішінде қолдау әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында кәсіпкер әйелдердің үлесі жоғары көрсеткішке жетті. Қазіргі заманда бизнесте жүрген әйелдер өздерінің бизнес-идеясын іске асыру, компанияларды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады, – деп атап өтті А.Исабекова.

Астана қаласы Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмурзаева қазіргі таңда жатыр мойны обыры бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өзекті мәселелердің бірі болып тұрғанын айтты.

– Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің дерегінше, әлемде жыл сайын оның 500 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеледі және жыл сайын одан 300 мыңнан астам әйел көз жұмады екен. Елімізде ауырсыну белгілері еленбейтін бұл дерт жылына 600-ге жуық қыз-келіншектің өмірін қияды. Науқастардың 15 пайызы ауруы асқынғанда ғана дәрігерге жүгінетінін байқап отырмыз. Сондықтан бұл кеселді болдырмау, оның алдын алу үшін қазіргі таңда елімізде 11-13 жастағы қыздарды вакциналау жүріп жатыр. Біз халыққа әлі де екпенің кері әсері жоқ екенін, бала босануына кедергі келтірмейтінін түсіндіруіміз керек, – деді Гүлназ Төленқызы.

Отырыс соңын Назгүл Мақжанова Астана қаласында «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасы жанындағы әйелдерді қолдау орталықтарының биылдан бастап жойылып жатқаны турасында айтып, мүмкіндігі шектеу­лі жандардың, кәсібін дамытқысы келген әйелдердің өздері өндірген немесе қолдан жасаған заттарын сататын заңды орындардың ашылуына Үкімет тарапынан қандай да бір көмек көрсетілсе екен деген тілекпен сөзін түйіндеді.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button