Руханият

Қарттардың қамқоршысы

Пединституттың 70-жылдардың аяғындағы түлегі, білім саласында, ұзақ жыл басқару қызметінде партия-кеңес қызметкері болған Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев Астана қаласының қарттар мен мүгедектер үйіне – қазіргі «Шарапат» әлеуметтік-оңалту орталығына 2000 жылдардың басында директор болып келді. Содан осы жұмысқа бел шешіп кірісіп кетті. Міне, содан бері жиырма жылдан аса уақыт өтіпті.

Ол кезде әр жерде ашылған қарттар үйінің негізгі мақсаты – келушілерді тамақпен тоқ қылып, жайлы орынға орналастыру. Жұмыс істей келе, мұның жеткіліксіз екенін түсіндім. Ең бірінші мұндай мекемеге психолог қажет екеніне көзім жетті. Сол кезде мен Кенжеболат Сапарұлына жұмыс сұрап бара қалдым. Ол кісі менің ұзақ жыл білім саласында қызмет атқарғанымды біледі. Штатта жоқ педагог-психолог қызметіне тағайындады. Балалардың психологиясын білемін ғой, институттан алған білімімді, өмір тәжірибесін пайдаланып, 15 жылға тарта адал, абыройлы еңбек еттім. Оның бір белгісі – сол қызметте жүргенде «Құрмет» орденімен марапатталдым. Қазақстандағы әлеуметтік саладағы тұңғыш психолог болдым. Содан кейін осындай мекемелерге психолог қызметі енді.

Қарттар мен мүгедектерге бос уақытын тиімді өткізу қажеттілігі туды. Үстел ойындарынан басқа да қызығушылығын арттыратын іс-шаралар жасауға мекеменің жағдайы келмеді. Бірақ Кенжекең жоқтан бар жасауға тырысты. Жиналыс залын, коридорды тиімді пайдаланып, бильярд, шахмат, дойбы, әйелдерге тігін машиналары, т. б. мүмкіндіктерді пайдаланды. Осылай үйдің тарлығынан қысылып жүргенде, Президенттің нұсқауымен елорда әкімдігі қаланың шет жағынан, экологиясы таза ауданнан, Есіл өзенінің жағасынан жаңа ғимарат салып берді. Жобалаушының қателігінен бе, басшыға кейбір жерлерін қайта істеуге тура келді. Мысалы, балконға терезелер орнатылмағандықтан, арбада отыратын мүгедектер бөлмеден балконға шыға алмады. Одан 1-2 жыл өткенде монша мен бассейні бар ғимараттың, кір жуатын үйдің іргетасы отырып, қабырғалары жарыла бастады. Біраз уақыттан кейін негізгі ғимараттың төбесі сыр бере бастады. Оған шатыр жасауға тура келді. Сөйтіп, ауланы дұрыс пайдаланатындай жағдай жасалды.

Мерейлі жасқа келген тұрғын өз ағашын отырғызатын дәстүр пайда болды. Кейін бұл үлкен саябаққа айналды. Жаңа ғимаратта тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Бұл жер шипажайдан кем емес деп те айтар едім. Үлкен кітапхана залы, шахмат ойнайтын бөлме, бильярд үстелдері, тренажерлер залы, медицина блогы және т. б. бар.

Терапевт Л.А.Асмус, психотерапевт Әбіл Перзадаев, реабилитолог Болатбек Байзолданұлы, тәжірибелі медбикелер қарттар мен мүгедектерге қызмет атқарып жатты. Тұрғындар арасынан еңбек етуге жарамдылары әр салада жұмысқа тартылды. Мысалы, мүгедек Нұрлыбек Алдангоров кітапханашы болса, соғыс ардагері, зейнеткер Олег Линник музей меңгерушісі қызметін атқарса, тағы басқалары әртүрлі еңбекке араласты. Орталық тұрғындары арасынан жаңадан отбасын құрғандар да кездесті. Юрий Лопатин және Раиса Сафоничева отау құрды. Арбаға танылған Құрмаш Әбуов те отбасын құрып, қаладан пәтер алып, жеке кәсібімен шұғылданып кетті.

Кенжеболат Сапарұлының қарттарға жасаған қамқорлығы, жоғары жауапкершілігі мен адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мемлекеттік марапаттардың иесі, «Құрмет» орденінің, «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, мақтау грамоталарының иегері. Абыройлы қызметті 15 жылға таяу атқарып, зейнетке шықты.

Бүгінде бұл мекемені осы кісіден тәрбие алған Ардақ Сеитова басқарады. Кенжекеңнің мұндай еңбегі әлі де Астана қарттарына қажет болды. Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Есілов пен азамат М.Еркетаевтың ұсынысымен қаланың барлық ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Сарыарқадағы орталықты басқару К.Бәпішевке тапсырылды, ал Есілдегі орталықты бұл кісінің тағы бір шәкірті Ж.Есенаманова атқаруда.

Кенжекең бұл шаруаны да дөңгелетіп алып кетті. Көбіне жұмыстың жүруі, өрге басуы бірінші басшыға байланысты. Оңалту гимнастикасына – 129, йогаға – 30, «Айкөне» жаттығуына – 37, цигунға – 40, еңбек терапиясына – 41, компьютерді меңгеруге – 20, қазақ тілін үйренуге – 14, ағылшын тіліне 30 зейнеткер қатысады. Үстел теннисі, волейбол, тренажер залында көптеген зейнеткер денені шынықтырып, бос уақытын тиімді пайдаланады. Яғни күніне 180-200 қызмет алушы әртүрлі үйірмеге қатысып, елорда әкімдігі мен орталыққа ризашылығын айтып жүреді.
Еңбек өтілінің жартысына жуығын қарттар мен мүгедектерге арнаған Кенжеболат Сапарұлы – қарттардың қамқоршысы. Бір кездері қарттарға жасаған қамқорлығыңыз бен жақсылығыңыз шығар, олардың ақ батасы болар, бүгінде өзіңіз де жетпістің желкесіне шығып отырсыз. Құдай қосқан зайыбыңыз Гүлнәрмен немере-шөбере ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіңізге тілектеспін!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button