Әлеумет

ҚАРТТАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

_SAM5694

«Апа, мені Астана қаласындағы қарттар үйін басқаруға жіберіп отыр» деді Айтуар. Бұл азаматтың шын есімі – Кенжеболат. Ағасы Күнтуар болған соң соған ұқсатып, ата-анасы, ауылдастары осылай атап кеткен.

Тоқсаннан асқан анасы Зұлқия шешей біраз үндемей отырады да: «Балам, қарттар  үйін басқаруға дедің бе? Сен соны  қалай түсінесің? Ол үйді басқаруға  бармайсың, ондағы қарттарды аялауға барасың. Олай дейтінім сол қарттардың ең бертіндегісі – отызыншы жылдардың ішінде дүниеге келгендер. Ал, олардан ертерек туғандар заманның ауыр кезеңдерін бастан кешті. Олар ашаршылықты, әкелерін «халық жауы» деп  алып кеткенде жетімдікті, соғыстың  тауқыметін көрді. Бүгінде қарттар үйіне жайдан жай келіп отырған жоқ. Жұбайларынан, балаларынан айырылып немесе жетесіз ұл-қыздарының қатыгездігінен сол үйді паналап отыр. Әрқайсысының мұңы бір басына жетерлік. Сондықтан оларды кәрі қойдай жастары қалғанда, ренжітпей, мәпелеп өмірден өткізу – сен басқаратын мекеме қызметкерлерінің  парызы. Балам, мен сенен  осыны қалаймын» деп сөзін түйіндеді қарт әже. Анасының тілегін  берік ұстанған Кенжеболат Сапарұлы  Бәпішев  алғашқы  күнінен бас­тап  қарттар мен мүгедектердің жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Содан бергі он бір жылдың ішінде бұл мекеменің жағдайын адам танымастай өзгертті. Бұрын ескі ғимаратта болатын. Тар бір бөлмеде бірнеше адамның  орналасуы ыңғайсыздық туғызатын.

2007 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен қаланың шетінде, Есіл өзенінің жағасында, табиғаты әсем жерде 400 орындық жаңа ғимарат салынды. Құрылыс барысында біраз шаруалар ескерілмеген. Мысалы, мұндағы тұрғындардың біразы арбамен жүретіндігіне байланысты жағдай жасалмаған. Осындай кемістіктер көп болды. Негізінде, тапсырыс беруші соны пайдаланатын мекеме болуы керек еді. Ал, мұнда қаланың басқа мекемесі тапсырыс беруші болған. Ғимараттың ішінде біраз өзгерістер жасауға тура келді. Бүгінгі танда  тұрғындарға толық  жағдай жасалған. Бөлмелерге бір, екі адамнан жайғасты. Мұнда таза төсек орын, теледидар, тоңазытқыш, үстел, орындықтар қойылған. Жуынатын жер де толық  жабдықталған, тіпті,  су бүріккішке дейін бар. Ыстық, суық сулар үзілмейді. Тамақ бес мезгіл беріледі.  Дәрігерлік көмек тәулік бойына көрсетіліп тұрады. Хауыз, бассейн жұмыс істеп тұр. Емдеу-денешынықтыру бөлмесі керек құралдың барлығымен жабдықталған. Шаштараз шашын, сақал-мұртын тегін алып беріп отырады. Спорттық ойындар: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бильярд, теннис ойнайтын бөлмелер қарастырылған. Кітапхана, оқу залы жұмыс істейді. Бөлмелердің бәрі жылы. Мұнда шетелден, республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар жиі келеді. Барлығы таңғалыспен қарап, ризашылықтарын білдіреді. Осының  бәрі – басшының сауатты басқаруының арқасында Кенжеболат Сапарұлының бұл қырын бұрын да байқағанмын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында Ақкөл ауданына қызметке келдім. Қызмет бабымен Жалғызқарағай (ол кезде Приозерный) орта мектебінде болдым. Мектептің қирамаған жері жоқ, астан-кестен боп жатыр. Мұғалімдер ұжымы жік-жікке бөлінген, ешқандай тәртіп жоқ. Директорды жедел  ауыстыру қажеттігі туды. Содан осы Кенжеболат Сапарұлын зорға көндіріп жібердім.

Кенжекең менің үмітімді ақтады. Үш жылда мектепті аяғынан тік тұрғызып, тәуірлердің қатарына қосты. Содан партия  қызметтеріне  жоғарылатылды. Онда да  абыройлы еңбек етті. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінде аттан түскен жоқ. Жергілікті жерлерде азық-түлік болмай, дүкендер жабылып жатқанда «Цесна» корпорациясының Ақкөл ауданында «Аксна» деген филиалын ашып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырыс­ты. Аудандағы  жекешелендіру шараларына да  белсене араласты.

Қазір студенттік кезде танысып, отбасын құрған Гүлнәр Ризабекқызымен үш бала тәрбиелеп  отыр.

Биылғы желтоқсан айында алпыстың асқар шыңына шығып отырған Кенжеболат Сапарұлы артына көз салса, біраз шаруалар тындырған азамат екендігі көрініп тұр. Астана қаласы мен Ақкөл ауданына зор еңбегі сіңді, әлі де бергеннен берері көп жан.

Көбінесе орталық басылымдардан бастап жоғары шенеуіктердің, белгілі ғалым, ақын-жазушылар мерейлі жасқа келгендерін атап өтуге тырысады. Оған мен қарсы емеспін, олар халықтың өте аз бөлігі ғой, ал осы мақаланың кейіпкері сияқтылар еленбей қалады. Биыл Елбасының  ұсынысымен өткізілген «Мерейлі отбасы» конкурсы қандай керемет идея жемісі еді. Сол арқылы бүкіл қазақстандықтар біраз үлгілі отбасыларымен танысты. Олардың ішінде ақмолалық Мұқашевтер әулеті мен астаналық Ахметовтер болды. Бұл – керемет насихат, онымен қоса  үлгілі отбасы болуға тәрбиелеу емес пе? Ендеше, қарапайым еңбеккерлер мен үлгілі отбасылар туралы мақаланы  баспа бетінен жиі көріп отырсақ, жас ұрпаққа өнеге болар еді.

Ойымды қорытындылай келіп, Кенжеболат Сапарұлына баянды бақыт тілей отырып, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқан «қарттарын ардақтай білген елдің рухы  биік, мерейі үстем» деген қағидасын орындау жолында әлі де ұзақ жылдар үлесін  қоса берсін демекпін.

           Еркін ДӘУЕШОВ,

ардагер ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button