Әлеумет

Иппотерапия – ерекше емдеу тәсілі

Елордада жеті мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың бір мыңға жуығына науқастарына қарай иппотерапиямен айналысу аса қажет деп есептеледі.

Иппотерапия – атпен жүру арқылы тірек-қимыл аппаратының дамуын ынталандыратын, координацияны жақсартып және төзімділікті жаттықтыратын емдеу тәсілінің бір түрі. Атқа мінген кезде баланың барлық бұлшық еттері әрекеттеніп, жалпы физикалық дамуы жақсарады. Иппотерапияның ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі балалардың психикасына әсер ететін үйлесімінде жатыр. Бұл әдіс инсульттан, бас миының жарақатынан және жұлын жарақаттарынан кейінгі оңалтуда тамаша нәтижелер көрсетеді. Церебралды сал ауруы, аутизм, психикалық және мінез-құлықтың кейбір ауытқушылықтарын емдеуде жақсы нәтиже береді.

Елордада мүмкіндігі шектеулі балалардың иппотерапиямен айналысуы үшін «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені өткен жылдың көктемінен бастап жұмыс істей бастады. Балалар, оның ішінде ерекше балалар иппотерапия сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Иппо­дром балалардың денсаулығын нығайтып, психоэмоционалды жағдайын жақсартатын пайдалы іс-шараларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

– Кешеннің ғимараттары, спорт алаңдары халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Мұнда да республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі турнирлер мен спорттық іс-шараларды өткізуге де мүмкіндік бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің балалары да орталықтың игілігін пайдаланады, – дейді «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені басшысы Аманжол Хасенов.

Енді иппотерапиялық балаларды емдеу әрі спорт кешеніне онлайн кезекке тұра алады. Цифрландыру бағдарламасы 1 сәуірден бастап іске қосылды. Жаңа бастама Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және цифрландыру басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Енді қызмет түріне алдын ала тапсырыс беріп, кешен тарапынан үш күнде жауабын алады. Онлайн тапсырыс бере алмайтын қызмет алушы Астана қаласындағы Қарқаралы тас жолы, №1 мекенжайында орналасқан «Арғымақ» ат спорттық сауықтыру кешені ғимаратына келіп тапсырыс бере алады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button