Мәдениет

Шаһризада шақырады

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы классикалық вокал бөлімінің әншісі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Шаһризада Тыныштыққа өнер қан арқылы дарыған. Оның ата-анасы Қайрат Жәлімбетов пен Мақпал Шәкірова – Сыр еліне белгілі музыканттар. Олар қыздарының ауыр өнер жолын таңдауын қаламаған еді. Дегенмен, бойындағы бұлықсыған өнерді байқағаннан кейін бағын байламады.

Шаһризада кішкентайынан сахнаның сыртында өсті. Қызылорда қаласында сол жылдары балабақша жағы қиындау болғандықтан, ата-анасы оны концерттерге дайындықтарға, музыкалық кештерге ертіп келуге мәжбүр еді. Осылайша ата-ана үлгісі өнер жолына алып келді. Қайрат пен Мақпал қыз­дарының таңдауын естігеннен кейін музыкалық колледжді «қызыл» дипломмен бітіресің деген шарт қойды. Шаһризадаға колледжде өңірге белгілі педагог Самал Байсейітова сабақ берді. Әрине, ата-ана да қыздарының оқуын қадағалап, керек жерінде кеңестерін беріп тұратын.

Колледждің екінші курсында оқығанда алғашқы байқауға қатысты. Бұл Павлодар қаласында өткен республикалық Дельфий ойындары еді. Онда екінші орынды иеленді. Бір жылдан кейін Алматы қаласында П.Чайковский атындағы жас орындаушылардың XXXII республикалық байқауы ұйымдастырылды. Онда Шаһризада жеңімпаздар қатарынан табылды. Музыкалық колледжді де «қызыл» дипломмен бітіріп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне грантпен оқуға түсті.

Осы оқу орны профессоры Роза Тіленшиевадан дәріс алды. Елордада оқи жүріп, бірнеше байқауға қатысып, топ жарды. Атап айтқанда, республикалық студенттер олимпиадасының және Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» ІІІ халықаралық музыка фестивалінің лауреаты атанды. 2019 жылы осы байқау алтыншы рет ұйымдастырылып, елордада өтті. Шаһризада онда айды аспанға шығарды деп айтсақ болады. Байқаудың бас жүлдесін, елорда әкімінің кубогын, Нұрғиса Тілендиев шығармасын үздік орындағаны үшін арнайы сыйықыны және Тұңғыш Президент қорының сыйлығы электронды фортепианоға ие болды.

Дарынды қыздың өнердегі жетістіктерін көрген Қазақ ұлттық өнер университетінің басшылығы Италияға тағылымдамадан өтуге жіберді. Рим қаласындағы Санта Чечилия консерваториясында төрт ай бойы оқыды.  Милан консерваториясының профессоры, «Giacosa di Ivrea» театрының көркемдік жетекшісі Паоло Боизионың шеберлік сабақтарына қатысты.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясына әнші болып қабылданғанына биылғы қыркүйек айында 10 жыл болады. Өнер ұжымына әлі студент кезінде келген еді. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын бітіріп, осы оқу орны колледжінің оқытушысы болды.

Шахризада Тыныштық Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық байқауында 1-орынды, кейіннен осы байқауда бас жүлдені алды. Ахмет Жұбанов атындағы «Жұбанов көктемі» V халықаралық фестивалінде бас жүлдені және «Шабыт» 18-шығармашылық жастардың халықаралық байқауында гран-при иеленді.

«Шабыт» фестивалінде дарынды әнші «Академиялық вокал» аталымында топ жарды. «Сол кезде қуанышым қойныма сыймады. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Италия, Израиль, Германия, Қытай елдерінің көрнекті өнер қайраткерлері, белгілі музыканттар болды. Осы жеңісіммен мақтанамын» дейді Шаһризада.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында әнші «Қыз Жібек пен Сансызбай» қойылымына қатысты, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» қойылымында Антониа партиясын орындады, Ахмет және Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсында Әуес партиясын шырқады.

Осы уақытқа дейін өнері толысып, біраз тәжірибе жинақтаған Шаһризада жеке концертіне шақырады. Бағдарламада әлем классикасы орындалады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button