Әлеумет

Қордың қамқор бастамалары

2020 жылдың мамыр айында Астана қаласында құрылған «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры ерекше балалары бар отбасылардың өмір сүру сапасын жан-жақты жақсартуға арналған. Осы мақсатта балалар мен ата-аналар үшін шеберлік сыныптары, сондай-ақ оқыту мен біліктілігін арттыру курстары өтуде. Әлеуметтену үшін инклюзивті іс-шаралар қарастырылған. Қордың айрықша ерекшелігі – ол бүкіл отбасын қамтиды. Бүгінде мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған 703 отбасын аталмыш қордың айналасында бірігіп, қоғамды ізгілендіру жолында еңбек етуде.

Отбасында мүмкіндігі шектеулі баланың тууы – кез келген отбасы мүшелері үшін ауыр қайғы, психологиялық стресс. Бала туғанға дейін айрандай ұйыған шаңырақ, дәрменсіз сәбидің дүниеге келуімен шайқалатын жағдайлар да жоқ емес. Бұл, алдымен, анасына батады. Науқас бала туралы үнемі уайым­дау, не істерін білмей дағдару, күйзеліс отбасының бұзылуына ғана емес, отбасы мүшелерінің қоғамнан оқшаулануына алып келеді. Бұл – өмірде дәлелденген жағдай. Тек кейбір жағдайларда ортақ қайғы отбасы мүшелерін біріктіріп, қиындыққа қарсы әрекет етеді.

Елімізде мүгедек балалары бар отбасыларды әлеуметтік қорғау тиісті нормативтік құқықтық негізде жүзеге асады. Заңда мүгедек бала мен оның отбасына, яғни бірге тұратын отбасының барлық мүшесіне берілетін жеңілдіктер сараланған. Мұндай ерекше баласы бар отбасын әлеуметтік қорғау нақты мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен бірге, ең алдымен, оның жеке әлеуетін нығайтуға және дамытуға бағытталған. Бұл үдерісте әлеуметтік қызметтер мен осы мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың рөлі ерекше болады, олар отбасына күнделікті қиындықтарды жеңуге көмектесіп қана қоймай, отбасы мүшелеріне өзін-өзі және өзара көмек көрсету жолдарын үйретуі керек.

Біздің әңгімеміздің кейіпкері – Ботагөз Сұлтанова, жасы елуден енді асқан. Екі баласының бірі мүмкіндігі шектеулі бала болған соң, бұл жағдайды жақсы біледі. Содан да 2019 жылы өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 300 ата-анадан тұратын бастамашыл топ құрылып, алдымен мұндай отбасылардың баспана мәселесін көтеруді ұйғарады. Осы істің басында жүргенде бір-бірімен араласып, танысу барысында, баспанадан бөлек, мәселелердің аз емес екені белгілі болды. Тұрғын үйден басқа, білім, денсаулық сақтау, жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру, тренингтер, айта берсе шаш етектен. Ақылдаса келе, 2020 жылы «Бақытты шаңырақ» қорын құруды шешті. Сол жылы әкімдіктен 70 шаршы метрлік бірінші ғимаратты алып, бұрын еш жерде жұмыс істемеген 13 ана жұмысқа орналасып, қордың жұмысы басқаларға үлгі болып, бір ортаға біріге бастады. Қазір олар шаштараз, тігінші, массажист, тырнақ стилисті және татуировка мен кірпік ұзарту бойынша мамандар болып жұмыс істейді.

Қоғамдық қордың бастамасын қолдап, еріктілер тарапынан көп қолдау болды. Осы мақсатта балалар мен ата-аналар үшін шеберлік сыныптары, сондай-ақ оқыту курстары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу тоқтаған емес. Әлеуметтену үшін инклюзивті іс-шаралар өтеді. Қордың ерекшелігі – тек мүмкіндігі шектеулі бала ғана емес, барлық отбасы мүшелерін түгел қамтиды. Өз күшімен анимация қызметін ашты. Сегіз анадан тұратын бұл ұжым ерекше балаларға арналған әрбір іс-шарамен бірге жүреді. Сәбилердің туған күндері, түрлі спорт жарыстары, мерекелер аниматорлармен бірге өтеді. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қолжетімді шаралардың басын құрады. Тіпті отбасы мерекелеріне арналған гелий шарларын да шығара бастады.

2020 жылдың қыркүйегінде «Үйдегі көмекшілер» жобасы іске қосылды, бүгінде оның атауы қордың үйлестірушісі болып өзгерді, командада сегіз ана бар. Әрқайсысына 65-70 отбасы бекітіліп, соларға еріп, қолдап, көмектесіп отырады. Үйлестірушілер үнемі тренингтер мен семинарлардан өтеді. Психологиялық көмек қызметінде де сегіз ана жұмыс істейді. Сонымен қатар балаларға арналған аспаздық шеберлік сабақтары, кітап оқу сайыстары, шахмат турнирлері, вокалдық байқаулар, сурет салу және т.б. шаралар өтеді.

«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасының барлығына, баланың диагнозына қарамастан, жан-жақты көмек көрсетеді. Қордың сіңірген еңбегінің арқасында жаңашылдық қабылданды, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелет жасына толған соң, баспана кезегіндегі орнын сақтап қалады. Бұл норма 20 мың отбасының кезекте тұруына мүмкіндік береді. Бұрын 18 жасқа толған мүгедектер қайтадан кезекке тұруға мәжбүр болатын. Сондай-ақ мүгедек бала қайтыс болған жағдайда тұрғын үй кезегі отбасында қалады. Қордың бастамасымен Астана қаласында онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға қосымша жәрдемақы тағайындалды. Қордың күш-жігері мен мемлекеттік органдармен кешенді жұмысының арқасында 2021 жылы «Бақыты отбасы» ипотекалық несиелендіруге бөлінген квоталар санын ұлғайттық, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша берілген 4177 өтінімді 100 пайыз қамту болып табылады.

– «Бақытты шаңырақ» қоры отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жұмыс істейді, ол үшін ата-аналарды оқытып, жұмысқа орналастырамыз, түзеу-ағарту, оңалту жұмыстарын жүргіземіз, психологиялық және құқықтық көмек көрсетеміз, – дейді Ботагөз.

Қоғамдық қор қандай жобалар ұйымдастырса да оның барлық отбасы мүшелеріне қолайлы жағын қаперде ұстайды. Мысалы, ата-аналардың қажеттіліктеріне қарай түрлі бағыттағы білім беру курстары мен тренингтер ұйым­дастырылғанда, (тіл курстары, қаржылық сауаттылық бойынша семинарлар, компьютерлік курстар, түрлі спорттық және шығармашылық іс-шаралар). одан басқа кәсіптік курстар, шеберлік сабақтары, психология­лық тренингтер және басқа да іс-шаралар кезінде қарауындағы балаларына да дамыту үшін ұйымдастырылған бөлмелерде қалдыра алады. Балалардың мүмкіндігінше кәмелетке толған соң салық төлеуші болып, елінің игілігі үшін еңбек етуін қамқорлап, кәсіптік бағдар жүргізілді.

Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасының отбасылық өмірі, әдетте, сау балалары бар қатардағы отбасынан ерекшеленеді. Баланың науқасына байланысты күтім мен көп уақыт бөлу керек. Мұндай отбасыларда сау балаларына қарауға да жағдай бола бермейді. Орталық психологтары атап өткендей, ата-анасына және айналасындағыларға іштей реніш осындайда шығады.

– Біздің жобада мамандар мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналардың бүкіл отбасын және оның қалыпты аға-әпкелерін біріктіру үшін отбасылық іс-шараларды өткізуге бар күш-жігерін салды. Біз отбасын әлеуметтендірудегі бұл тәжірибені үнемі қолдану керек деп есептейміз, сонда қазіргі дамыған қоғамда маңызды болып табылатын отбасы құндылықтарын сақтауға болады, – дейді қор басшысы.

Елорданың № 22 және №80, №89 мектептердегі қанатқақты жоба бойынша мектеп оқушыларының мүмкіндігі шектеулі балалар тұрғысындағы толерантты көзқарасты қалыптастыруда қор біршама жұмыс жасады. Түрлі шарлар арқылы 2200 адамды қамтып, қордың 6 психологы қатысты. Мақсаты – инклюзивті білім беруді ақпараттық қамту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға қабылдаудағы кедергілерді жою.

Расында да бүгінгі күннің проблемасы – білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балалардың мінез-құлық ерекшеліктері туралы балалардың, ата-аналардың, мұғалімдердің бейхабар болуы. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру біздің жобаның мақсаты болғандықтан, бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button