Басты ақпаратЕлорда тынысы

Серпінді сенбілік

Елордада қаланы санитарлық тазалауға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экология сенбілігіне 115 мыңнан аса адам қатысты. Тазалық жұмысына қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер, оқушылар мен студенттер шықты.

Экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелер, тротуарлар, кварталішілік аумақтар, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізілді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою сынды іс-шаралар кешені өтті. Полигонға 1000 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды, аялдама павильондарын, бағдаршам нысандарын, жер­асты және жерүсті өткелдерін жуу және жөндеу жүргізілді, 4600 шақырымнан астам арық желісі тазартылды. Экология акциясы кезінде бес ауданның әрқайсысында ағаштар мен бұталар отырғызылды.

Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуға әр тұрғын білек сыбана кірісті. Сондай-ақ ауқымды экоакциядан қала кәсіпкерлері де шет қалмады. Кәсіпкерлік нысандардың 5 мыңнан астам өкілі – кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілері, сауда орталықтары, салондар, кафелер, дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдар өз нысанына іргелес аумақтарды қоқыстан тазартуға үлес қосты.

«Ғашықтар» саябағын тазартуға қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының 100-ден астам спортшысы мен қызметкері қатысты. Басқарма басшысы Василий Левит мұндай экология іс-шаралары спортшылардың назарынан тыс қалмайтынын атады.

«Сенбілік – командалық рухты көтерудің және кез келген ұжымдағы психологияны жақсартудың тамаша тәсілі. Сенбілікке елімізге белгілі спортшылар, оның ішінде әлем чемпионы – елордалық ауыр атлет Едіге Емберді, сондай-ақ Астана құрамасының джиу-джитсудан спортшылары, нақтырақ айтқанда, Азия ойындарының алтын жүлдегері Нұржан Батырбеков қатысты» деді В.Левит.

Зейнеткерлер де қаланың тазалығына өз үлесін қосып, демалыс аймағын қоқыстан тазартты. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері «Байтақ» жасыл партиясымен бірлесіп, Республика даңғылы мен Мәскеу көшелерінің қиы­лысында орналасқан А.Пушкин атындағы алаңды тазалады. Бас-аяғы 20 зейнеткер өздеріне тапсырылған аумақты тазалап, айналаны безендіруге атсалысты.

«Нұра ауданының «Күміс волонтерлері» ұжымының белсенді аталары мен әжелері сенбілікке шықты. Біз өзімізге берілген аумақты тазарттық. Астана тұрғыны болғандықтан, қаламызды өте жақсы көреміз, оның тазалығына өз үлесімізді қосуға тырысамыз» деді волонтерлер ұжымының жетекшісі Ләззат Өтеғұлова.

Бұған дейін әкімдік қаланың үш жерінде «Орел мен решка» бағдарламасы форматында демеушілерден әрқайсысы 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар жасырылғанын хабарлаған болатын. Аталмыш сенбілікте 3 астаналық ақшалай сыйлыққа ие болды. Солардың бірі – елордалық Гүлнәр Сұлтанқұлова орталық саябақта жасырылған ақша қораптарының бірін тауып, қуанышымен бөлісті.

«Бұл сенбілік ерекше болды, өзім қатты қуандым. Менің 4 немерем бар. Бұл сыйлықты немерелеріме көрсетіп, оларға тәттілер сатып аламын. Жыл сайын сенбілікке шығамыз, қаламыздың әдемі, таза бол­ғанын қалаймыз» деді жеңімпаз.

Екінші жеңімпаз – «Жасыл ел» компаниясының қызметкері Қуанышбек Жұматаев жүлдесін Ботаникалық бақтан тапса, үшінші жеңімпаз атын атамауды жөн көріп, жақсы көңіл күй сыйлап, экология акциясын ұйымдастырғандарға алғысын білдірді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button