Қаржылық сауат алаяқтықтан сақтайды
Елорданың №101 орта мектебінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздікті нығайту мақсатында жиын өтті. Қалалық Білім басқармасы және Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыруымен өткен кеңеске білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің қаржылық қауіпсіздігін арттыру, онлайн-алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Алдын алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілуіне қарамастан үлкен де, кіші де білместіктен алаяқтықтың құрбаны болып жатыр. Бұл туралы жиын барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев атап өтті.
«Балалар интернет пен мобильді құрылғыларды белсенді пайдаланады. Бұл бір жағынан жаңа мүмкіндіктерді ашса, екінші жағынан оларды әртүрлі қауіптерге, мысалы, «дропперлер», интернет-алаяқтық және қаржылық қылмыстарға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан оқушыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі аспектілерінің бірі – олардың цифрлық кеңістікте хабардар болуы және қорғалуы. Осы бағытта 5-11-сынып оқушыларына арналған сыныптан тыс ашық сабақ бағдарламалары әзірленді, олар тәуекелдердің алдын алуға және пайдалы дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді» деді басқарма басшысы.
Ал Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Тергеу басқармасының басшысы Мэлс Ақылбаев бүгінде оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға және қаржылық пирамидаларға құныққан жастардың саны, өкінішке қарай, артып келетінін атады.
«Елде заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанмен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Сондықтан жас ұрпақпен кешенді жұмыс жүргізу өзекті. Мәселен, республика бойынша қаржы пирамидаларына 2500-ден астам азамат алданып, 3 млрд теңге көлеміндегі қаржысынан қағылды. Сондықтан жасөспірімдер үшін маңыздысы – ата-анасының айтқанына құлақ асу және жеңіл ақшаға құнықпау» деді М.Ақылбаев.
Экономикалық тергеу департаменті «Заң мен тәртіп» баяндамасы аясында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды елорданың барлық мектебінде жүргізуде.
Жиын барысында педагогтар тарапынан сұрақтар қойылып, кәмелетке толмағандар арасындағы қауіпсіздікті арттыру бағытындағы тапсырмалар нақтыланды.
«Лудомания, онлайн-алаяқтық, қаржы пирамидалары – көпшілікті алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі. Мұндайда оған немқұрайдылық танытпай, қаржылық сауаттылықты жетілдіру қажет екені сөзсіз. Қазірдің өзінде оқу бағдарламасындағы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында қаржылық сауаттылық негіздері оқытылады. Алдағы уақытта ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізуге күш салынады» деді кеңеске қатысушы, №42 орта мектеп директоры Меруерт Әбітайқызы.
Индира Бержанова