Басты ақпаратРуханият

Сағыныш…

Біздің бір байлығымыз – сағыныш. Бала күнімізден бастап сағынумен, аңсаумен күн кештік. Ол кезде қазіргідей дауысын естігің келсе қоңырау шалып, жүзін көргің келсе видео байланысқа шығып, сағат, минут сайын хабарласып отыруға мүмкіндік беретін қалта телефон жоқ, айшылық жердегі ағайынды қойып, ауылдан оқшау отырған туысыңның өзімен күнде кездесіп, ұдайы тілдесе алмайсың. Аттан басқа бұт артар көлік болмаған соң, арғы жалдың астында отырған туысыңа бір барып қайту да арман. Ал қаладағы туыстар жылына, кейді тіпті 2-3 жылда бір сағынтып жүріп әзер келеді.

Ол кезде біз «үйге қонақ келсе екен» деп тілеуші едік. Күні бойы жолға қарап, шай ішкен кесеміздегі шайдың самасына қарап көзіміз талушы еді. Алда-жалда шайдың ағашы тік тұрып ішкелі отырған шайы­мыздың бетінде әрі-бері ойқастаса, соған қарап мәз болып, «кісі келе жатыр, бұл кім болуы мүмкін?» деп дегбірміз кететін. Жолға қарай-қарай үмітің үзіліп, сам жамырап ел орынға отырған шақта үйге кіресің. Кешқұрым жоқ іздеген әлдекім келе қалса, «ә, манағы менің кесеме түскен жолаушы сен болдың ғой» деп іштей шайдың шары мен жолаушының сұлбасын салыс­тырасың. Ал құдайы қонақ келсе, есіміз шыға қуанатын едік. Қандай әңгіме айтар екен, не жаңалық айтар екен деп соның аузына қараймыз. Біз ғана емес, үлкендер де «ал айта бер, құлағымыз сенде» деп қонақты сөзге тартатын. Егер келген қонақ домбыра тартып, ән салатын болса, онда құдайдың бергені, ол түн біз үшін концерт көргендей керемет кеш болатын. Тау қуысында отырған біздің ауылда радионың өзі әзер ұстайды. Телевизор, кино деген түсімізге де кірмейтін біз үшін келген қонақтан бір әдемі ән тыңдаудың өзі қандай бақыт екенін қазір айтып жеткізе алмайсың. Есіл-дерті телефонға ауып, шұқыланып отыратын қазіргі заманда ол әңгіме ешкімге таңсық емес.

Кітап та тапшы, біреуде бір кітап бар екен десе, соны ауыл бойынша айнала оқитынбыз. Біздің үйде мен оқуға кіріп, қара танығанша, кітапты әкем оқып беретін, екінші кластан бастап, бұл абыройлы міндетті мен атқардым. Кеш бата май шамның түбіне етпетіммен жататынмын да, кітап оқуды бастап кететінмін. Әкем қос жастықты шынтағына қойып, жамбастап жатса, шешем тігіп жатқан сырмағын алдына өңгеріп отыра қалатын. Шарт қате оқымауың, тұтығып қалмауың керек, егер қате оқысам, жамбастап жатқан әкем солқ еткізіп бүйірден теуіп қалатын. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей, бір ыңқ етесің де әрі жалғайсың.

Әрине, ауыл бізді тез есейтті. Бес жасымыздан бастап өзімізден бірер жас үлкен ағамызға (іс жүзінде ол да бала ғой) серік болып, қой бақтық, отар жаттық. Қыс қыстауда, жаз жайлауда жатып, әке-шешемізді сағындық. Жайлауда неше күн бойы жаңбыр жауып, тұман түсіп, қой іздеп жүрген кезде «шіркін, осы қойдан қашан құтылар екенбіз, қаланың балалары сияқты жылы үйде теледидар қарап отыратын күн болар ма екен?» деп армандадық. Биік-биік таулардың басына шығып алып, көз ұшында бұлдырап жатқан ауылға, одан әрі қалаға көз салушы едік. Аспаннан ұшқан ұшақтарға қарап, артында иректеліп қалған түтіні жоғалғанша телміріп отыратынбыз.

Бар ермегіміз – кітап. Ол шіркін де табыла бермейді. Біреуде бір кітап бар екен десе, арнайы барып, қалап сұраушы едік. Бергісі келмесе «өзіміз оқып жатырмыз, оқып болған соң аларсың» десе, ал беретіндері «жыртпай оқы, пәлен уақытта әкеп бер» дейтін. Отарда жатқан кезде кітапты жыртпай оқу деген – қиынның қиыны. Ол кезде қазіргідей ораулы темекі жоқ, махорка деп аталатын темекіні қағазға орап тартатын. Сол шіркіндер темекі шегетін қағаз таппаса, бізді жағалайтын. Басында мазмұнын жыртса, кейін келе кітаптың ақ қалған, жазуы жоқ жерді жыртады. Сондықтан кітапты жыртқызбау үшін қойға кеткенде қосқа тастамай қойынға тығып кетуші едік. Қойында тығулы жүрген кітапта не күй қалады, аз күнде шеті жемтірленіп, бір жағынан тер сіңіп, су өтіп сиқы кететін.

Біз жайлайтын таудың қуысында радио да жақсы ұстамайды, сигнал өте нашар. Сол төңіректе бір шоқының басындағы тастың қуысында ғана радио тартады. Оның өзінде «радионың бетін Германияға қаратсаң». Ол кезде Германияның қай жақта екенін біз қайдан білейік, радиомыз­дың бетін қаратқан жақты «Германия осы жақта шығар» деп мөлшерлейтінбіз.

Бізді атажұртқа алып келген де сол сағыныш пен аңсау болатын. Шекарадан өткенше қайнаған қазақтың ортасына топ ете түсеміз деген үмітпен келдік. Шүлдірлеген жұрттың ортасына кіріп, қазақ пен қазақ тіл табыса алмайды деп мүлде ойлағамыз жоқ. Басқа түсті, оған да көндік. Бірақ сағынышымыз әлі жоғалған жоқ. Әйтеуір бір нәрсені аңсап аңқамыз кебеді де жүреді… Нені сағынамыз сонда? Туған жерді, өскен елді ме? Жо-жоқ. Біздегі сағыныш басқа. Бала күнімізде жүрегімізге таңбадай басылған таза қазақтың бітімі бөлек болмысы сағындырады…

Шүйгінтай деген жайлау – теңіз деңгейінен кемінде 2000 метр биік, тау текесі тұяғын шықпен жуатын керемет көркем жер. Жаз болса, біздің өмір сол жайлауда: қойдың соңында, бие баудың басында, тай-құнанның үстінде өтеді. Керемет өмір еді ғой ол. Ұмытпасам, түстен кейін сағат 3-4 мөлшерінде «Азаттық радиосы» эфирге шығады. Дәл сол шақта қай таудың басында жүрсек те, не жұмыс істеп жатсақ та, әлгі радио тартатын шоқыға жетуге тырысамыз. Айналасы он шақты үйде бір-бір радио болғанымен, Қайсабай дейтін жігіттің радиосы ғана азаттықты тартады. Оның өзінде Германия «көрінетін» шоқыда.

Түс ауа әлгі шоқыға жиналып, радионың толқынын туралап күтіп отырамыз. Кейде жел шыққан күні толқын тайып кетсе, көнетоз радио ысылдап, дұрыс естілмей зықымызды кетіреді. Сондықтан «Әуе толқынында азаттық радиосы» деген сөз шыққанда біз демімізді ішімізге тартып, қатып қалатынбыз. Алда-жалда қозғалып кетсек, радио тартпай қалуы мүмкін.

Бір күні күн жауып, тұман басып, Германия жаққа қанша қаратсақ та, радиомыз жақсы тартпай, әбден мазамыз кетті. Толқынды туралайтын жігіт көп жағаласып жүріп, әрең шығарып еді, қасымызда отырған Ясын деген көксау жөтеліп қалғанда, тастың үстіне қойып қойған радио қозғалып кетіп, пыш етіп, «азаттық» жоғалды да кетті. Кім екені есімде жоқ, біреу «шығып тұрған радионы жоғалтып» деп Ясынды бастан салып кеп кетті. Анау да қарап тұрмай екеуі алыса кеткенде біреуінің аяғы радиоға тиіп, радио биік жартастан домалады да кетті. Бәріміз етекке жүгірдік. Арқан бойы жартас­тан құлаған радио сау қала ма, күл-талқаны шығыпты. Сондағы бесеуміздің ұнжырғамыз түскенін көрсеңіз ғой, тап бір қара жамылғандай қайғырдық. Содан бастап «Азаттық радио­сын» тыңдай алмай қалдық. Басқа қаншама радио әкеліп, Германия жаққа қаратсақ та «Азаттық радиосын» тартпай қойды.

Батырлар жырын, тарихи романдарды оқып алып, «сонда осылардың ішінде кім ең мықты екен?» деп іштей салыстырып, миымыз жетпей жүретін кезіміз де болады. Талай нәрсеге таң қалып, тамсанып өстік. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ол кезде өмір сондай қызық, сондай ғажап сезілетін. Соған қарағанда бір нәрсені сағынып, аңсап жүрудің өзі өмірдің сәнін, тірліктің мәнін арттырады екен.

Біз он жасқа толғанда Қазақстан тәуелсіздік алды. Басқа елді білмеймін, мен ол кезде тәуелсіздік деген сөзді мүлде түсінбеуші едім. Тек үлкендердің «Қазақтың өз мемлекеті болыпты, қазақтан патша шығыпты. Бүкіл қазақты көшіріп алады екен» деп гуілдесіп жүрді. Біз тағы таң қалдық, сонда біздің патша кім? (аңғары сол кезде бізде мемлекет деген ұғым жоқ секілді), Қазақстан қай жақта? Бұрын күн ашық бола қалса, тау-таудың басына шығып Эверест көрінер ме екен деп көкжиекке жанарым талғанша қарайтын мен сол күннен Қазақстан қай жақта екен деп қарайтынды шығардым. Дүниедегі ең биік шың аспанға қадалып тұрса, бізге неге көрінбейді екен деп басым қататын маған алыстан бұлдыраған таулардың бәрі Қазақстан болып елестейтін.

Екі қойшының басы қосылса да, ермегі – Қазақстан. Ол ел бізге әлемдегі ең керемет ел болып елестейтін. Әлемде қазақтың патшасынан өткен мейірімді жан жоқ сияқтанатын. Қазақтан басқа халықты көрмеген, қазақтан басқа ұлт құбыжық болып елестейтін қайран дәурен-ай десеңші.

Ол кезде тұтас қазақ ауылдарында мынадай әдет бар. Шай ішіп немесе тамақ жеп отырғанда үйге қытай кіріп келсе, ол шай ішкен, ол тамақ жеген қасықты бөлек алып, күлмен ысып, ыстық сумен жеті қайтара жуатын. Сондықтан үйге қытай келіп шай ішсе, ол ас ішкен кеседен көз алмай, басқа кеселермен ауысып кетпеуін қатты қадағалаушы едік. Намаз оқып тұрған жерге, мешітке қытайды жолатпайтын. «Қытай намаз оқып тұрғаныңды көріп қойса, о дүниеге барғанда иманыңа таласады екен» деп шалдар қытай кіріп келгенде намазын тоқтата қойғанын да көзіміз көрді. Сосын да шығар, біздің көңілімізде қытай дінсіз, бейшара халық деген ұғым бала кезден қалыптасты. Кейін ержетіп, сол Қытайдың қол астында қызмет істесек те, оларды тобығымызға тоғытқанымыз жоқ. Қытай қазақтары сонау 1862 жылдан бастап қытайдың қарамағында болса да, 150 жыл бойы тілін жоғалтпай, салтын сақтап келгендігінің бір себебі осында деп ойлаймын. Үлкендердің Қытайды жаман деп тәрбие беруінде үлкен мән жатқанын да Қазақстанға келгенде түсіндік. Себебі біз алып империя құрып отырса да, қытай ұлы халық деп айтқымыз келмейді. Қазақ пен қазақтың қытай тілінде сөйлесуді намыс көретіндігінің, қазақ пен қазақтың орысша сөйлескенін түсінбей жүруінің де бір себебі осында. Кейде кейбір ағайындар қағытып «Қытайдан келдің ғой, қытай сияқты бақа-шаян жеп көрдің бе?» деп сұраса, менің ойыма с-о-нау бала күндегі осы істер түседі.

Бірді айтып бірге кетіп барамыз, басында сағыныш туралы айтып жатыр едік қой, бізді атажұртқа алып келген де сол сағыныш пен аңсау болатын. Шекарадан өткенше қайнаған қазақтың ортасына топ ете түсеміз деген үмітпен келдік. Шүлдірлеген жұрттың ортасына кіріп, қазақ пен қазақ тіл табыса алмайды деп мүлде ойлағамыз жоқ. Басқа түсті, оған да көндік. Бірақ сағынышымыз әлі жоғалған жоқ. Әйтеуір бір нәрсені аңсап аңқамыз кебеді де жүреді… Нені сағынамыз сонда? Туған жерді, өскен елді ме? Жо-жоқ. Біздегі сағыныш басқа. Бала күнімізде жүрегімізге таңбадай басылған таза қазақтың бітімі бөлек болмысы сағындырады… Қоғам дамып, қазақ «мәдениетті» болған сайын сол болмысынан алыстап бара жатқан сияқтанады…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button