Басты ақпаратЕлорда тынысы

Техникалық мамандар тапшы

Халықты жұмыспен қамту орталықтары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Еңбек мобильділігі орталығы болып қайта құрылды. Бұл орталық жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші азаматтарға Мансап орталығы арқылы қызмет көрсетеді.

Бүгінгі таңда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын жүзеге асырып келе жатқанмекеменің жұмысы туралы орталық басшысы Бағила Орымбетова айтып берді.

– Мансап орталығы қазіргі күні немен айналысады?

– Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Мансап орталығы Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII әлеуметтік кодексі негізінде жұмыс істеп келеді. Біздің орталық келесі функцияларды орындайды: алдымен өтініш білдірген адамдарды жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркейді. Одан соң оларға әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді. Орталық мамандары жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға қолайлы жұмыс таңдауда жәрдем көрсетеді, жұмысқа орналасу үшін жолдама береді. Сондай-ақ олар жұмыссыздарды жұмысқа орналастырудың жеке картасын жүргізеді.

Жұмыс берушілер үшін мамандарды іріктеу, жұмыс берушінің сұранысы бойынша мамандарды кәсіптік оқыту және жұмыс орындарын құруды субсидиялау секілді қызмет түрлері көзделген.

– Орталыққа жүгінетін тұрғындардың орташа жасы қанша?

– Біздің Мансап орталығына жүгінетін тұрғындардың орташа жасы – 18 ден 63 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың арасында орта жастағы адамдар да, жоғары білімі бар жастар да бар.

Өтініш берушілердің арасында қаржыгерлер, бухгалтерлер, заңгерлер, мұғалімдер, жүргізушілер және айтишниктер көп. Негізінен, олар – 250 000 теңгеден басталатын жалақыға үміткер. Ал жұмыс берушілердің басым бөлігі ең төменгі жалақы ретінде 150 000 теңге айлық ұсынады. Мұндай ақшаны олар  толық емес жұмыс күні жұмыс істейтін, жұмыс тәжірибесі жоқ немесе біліктілігі төмен адамдарға төлеуге дайын. Әрине, мұндай аз жалақыға жұмыс іздеушілер көбіне келісе бермейді. Жұмыс берушілер ұсынатын ең көп жалақы әдетте 750 000 теңгеге дейін барады. Оны, негізінен, ірі ЖШС-лар және Акционерлік қоғамдар ұсынады.

– Астана қаласында бүгінде қанша адам жұмыссыз ретінде тіркелген?

– Астана қаласында бүгінде 14 000 астам жұмыссыз азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда елордадағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды. Электронды еңбек биржасында enbek.kz порталында 2032 компания ұсынатын 4175 бос орын бар.

– Бас қалада қандай мамандықтарға сұраныс көп?

– Бүгінгі таңда елордада жұмыс берушілердің тарапынан келесі салаларда мынадай мамандықтарға: медицина саласында түрлі бағыттағы дәрігерлер, мейірбикелер, санитарларға, құрылыс саласында түрлі бағыттағы инженерлер, бетоншылар, дәнекерлеушілер, қарапайым жұмысшыларға, қызмет көрсету саласында кассирлер, жүргізушілер, қонақ үй шаруашылығындағы қызметкерлер, тігіншілер, аспазшылар және т.б., білім саласында тәрбиешілер мен тәрбиешінің көмекшісіне сұраныс жоғары. Медицина және фармацевтика саласында – 199, құрылыста – 109, қызмет көрсету саласында 107 бос жұмыс орны бар.

– Азаматтарды жұмысқа орналастырудағы мүмкіндіктер туралы, бос жұмыс орындарын іздеу мен түйіндеме орналастырудың қарапайым тәсілдері туралы не айтасыз?

– Бос жұмыс орындары туралы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады. Жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасында www.enbek.kz порталына қажетті мамандардың тізімін орналастырады және жұмыс іздеушілер түйін­демесін тіркеп, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты өздігінен қарап, қашықтан белсенді түрде жұмыс іздеуге мүмкіндіктері бар.

– Жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды қалай таба алады?

– Елордамыздың әрбір жұмыс берушісі Электронды еңбек биржасында www.enbek.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы өзінің мекемесінде бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты енгізе алады. Және де сол жеке кабинеті арқылы Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың түйіндемесін қарап, бос орынға кандидатураны сұхбаттасуға шақыруына болады.

– Мансап орталығына хабарласқан адамға сіздер алдымен жұмыс ұсынасыздар, әрі қарай нақты бір мысалмен өрбітсеңіз. Мәселен, ол жұмыс қанағаттандырмаған жағдайда не істеу керек?

– Мысалы, біздің Мансап орталығына жұмыс іздеу мақсатында жүгінген азаматқа ең алдымен оның мамандығына, жұмыс өтіліне, біліміне, критерияларына қарап, тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз. Егер азамат(ша) қандай да бір себептермен жұмысқа тұра алмаған жағдайда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуды ұсынамыз, олар: «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеметтік жұмыс орындары», «Жастар практикасы», «Күміс жас» жобасы және қысқа мерзімді кәсіптік оқулар.

Бұған дейін біз жұмыс іздеп орталыққа жүгінген жандарды көбіне тігінші, пішуші, аспаз, кондитер, шаштараз, тіпті маникюр мамандықтарына оқыттық. Былтыр сварщикке, электрмен дәнекерлеуші мамандықтарына да оқытқанбыз. Бүгінгі таңда нарықта техникалық жұмысшы мамандықтар тапшы.

– Қазіргі күнге дейін Астанада Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қанша адам қамтылды? 

– Қазіргі күнге дейін Астанада Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен  4 445  адам қамтылды, оның ішінде: Қоғамдық жұмыстарға – 3 364 адам, Әлеуметтік жұмыс орындарына – 284 адам, «Жастар практикасына» – 1 129 адам, «Күміс жас» жобасына – 830 адам, «Алғашқы жұмыс орнына» – 318 адам, «ұрпақтар келісім шартына» 5 адам және қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға 232 адам жолданды.

Осы бағдарламалардың барлығында ресми жалақы төленеді, өтініш берушімен белгілі бір мерзімге келісімшарт жасалады, оның соңында өзін жақсы көрсеткен қызметкер штатқа қабылданады. Алғашқы жұмыс орны – алғаш жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жұмыс орнын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған жоба. Жастар тәжірибесі – колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне мамандығы бойынша бастап­қы жұмыс тәжірибесін алу үшін арналған. Ал ұрпақтар келісімшарты – зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға арналған.

«Жастар практикасына» соңғы үш жыл ішінде диплом алған және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жасқа дейінгі адамдар қатыса алады. Тәжірибе 12 ай өтуде, оның барысында Мансап орталығы барлық қатысушыларға бірдей тіркелген жалақы 30 АЕК немесе биыл 110 760 теңге төлейді.

«Күміс жас» бағдарламасы 50 жастан асқан адамдарға арналған. Оны 36 ай ішінде өткізуге болады. Жалақыны жұмыс беруші береді, бірақ Мансап орталығы оны бірінші жылы 70 пайызға, екіншісі 65 пайызға және үшіншісі 60 пайызға субсидиялайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Сонымен қатар, өтініш берушіні бір айдан үш айға дейін созылатын қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберуге болады. Олар аяқталғаннан кейін сертификат беріледі.

– Біліктілігі жоқ жұмысшыларға қандай қоғамдық жұмыстар ұсынылады?

– Қоғамдық жұмыстар айтар болсақ, оған жұмыссыз ретінде тіркелеген азаматтар жолданады және бұл қандай да бір мамандықты қажет етпейді. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды, еңбекақысы – 35 АЕК (129 220 тг.)

– Электронды еңбек биржасындағы enbek.kz порталында жұмысшы мамандарына, кіші медициналық қызметкерлерге сұраныс көп, жұмыссыздар осы жұмыстарға бара қояр ма екен?

– Қазіргі таңда жұмысшы мамандарына немесе медицина саласындағы кіші қызметкерлерге көп бара береді деп айта алмаймын. Бірақ мүлдем бармайды деп те айта алмаймын. Әр мамандықтың оңай және қиын жақтары да болады, соған байланысты әрине, белгіленген еңбек жалақысы да төленеді. Біздің Мансап орталығына жүгінген азаматтардың сұранысына да қарап, лайықты жұмыстарды ұсынуға тырысамыз.

– Бүгінде қос-қос дипломы бола тұра, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргендер көп, оларға не айтар едіңіз?

– Қолында қос-қос дипломы бола тұра мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргендерге айтарым, осы аталған жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыса отырып, өзінің біліктілігін, профессионализмін, жұмыс істеу қабілетін, ниетін білдіріп, көрсетіп жатса, әрине, жұмыс беруші тарапынан осындай кадрды тұрақты жұмысқа алып қалуына ниетті болады. Жұмыс істегісі келетін, яғни еңбек етуге ниеті бар азаматтарға екі қолына бір күрек табылатынына сенемін. Сонымен бірге Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан Мансап орталығына жүгіне алады.

Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде 24 ай қатысушы азамат жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап әлеуметтік төлем алу құқығына ие болады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button