ЖаңалықтарҚоғам

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАР ТАПШЫ

Астана әкімдігі Жастар сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

ЖҰМЫС АСТАНА

Мәні зор шараға білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, ішкі істер органы және құрылыс фирмалары, қызмет көрсету саласы, ірі компаниялар мен банктер секілді 60-қа жуық жұмыс беруші мекемелер өздерінің 1500-ден астам жұмыс орындарын ұсынды.
Таңертең басталған жәрмеңкеге адамдар көптеп келді. Әркім өзі қалаған жұмыс беру­ші­лермен әңгімелесіп жатты. Түйіндемелерін қалдырды. Өткен жолы Қостанайдан жоғары оқу орнын бітіріп келген
туысқан қарындасым өз мамандығымен банкке жұ­мысқа орналасу үшін көп жүріп еді. Сөйтсем, бүгінгі күнде банктерге де мамандар жетіспейді екен. Біз оны жұмыс беруші «Нұр Банк» АҚ-ның өкілі Арман Тәштиевадан анықтадық. «Біздің банктің елордадағы филиалы үлкен. 10 орталық қызмет көрсетеді. Сондықтан банкке 20-дан астам кредиттік менеджер мен кассир қажет. Адамдарға жұмысқа орналасуға еңбек өтілі болмаса да мүмкіндік береміз. Жоғары білімі барды ғана емес, орта арнаулы білімі барларды да қабылдаймыз» деді ол.
Бір шетте мұңайып тұрған жасы үлкен ағамызды көріп қалып, сөзге тарттық. Есімі – Серік Жәбиев. Жасы – 57-де. Бас қалаға Сыр бойынан қоныс аударыпты. Екі жоғары білімі бар. Алғашқысы – инженер-
механик, екіншісі – заңгер.
«Елордаға көшіп келгеннен кейін мамандығыма сәйкес жұмыс іздеп көрдім. Ешқандай нәтиже болмады. Сосын қалалық Жұмыспен қамту орталығына келдім. Ол жердегі мамандар: «Аға, жасыңыз үлкен, өз мамандығыңызбен жұмыс табу қиын. Қазіргі басшылардың дені – жастар. Оларға жас азаматтар керек» деп түсіндірді. Обалы нешік, бір мекемедегі күзет қызметін ұсынды. Барып көрсем, жалақысы өте мардымсыз. Жол-пұлыма жетпейді. Сосын қойдым. Осы сәуір айында орталыққа тағы келіп, жұмыссыздыққа тіркелдім» деді ағамыз.
Шындығында, жасы келіп, зейнеткерлікке тақау қалған жұмыссыз азаматтарға орнықты жұмыс табыла бермейді. Күзет қызметінің өзі жастарды тартады. Сонда ол кісілердің жағдайын кім ойлайды? Мұны да тиісті мекемелер ескеру қажет секілді.
– Бұл – биылғы өтіп отырған төртінші шара. Бұған дейін осындай үшеуі өтті. Олардың нәтижесі бойынша 160-тан астам адам жұмысқа орналасты. Әрине, жұмыс берушілердің өз талаптары бар. Біліктілерді іздейді. Әсіресе, қалада техникалық және қызмет көрсету саласындағы мамандар тапшы. Бірінші тоқсан мәліметімен айтқанда, елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Еліміз бойынша осы бағытта алдыңғы орындамыз. Жыл аяғына дейін тағы да 5 жәрмеңке ұйымдастырылады, – деді Жұмыспен қамту орталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Дидар Садықов.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button