Жаңалықтар

ҚАЛА БЮДЖЕТІ ҚАЛАЙ ИГЕРІЛДІ?

Астана қаласы мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі және Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының біріккен отырысында былтырғы бюджеттің орындалуы қаралды.

000023_51279_big

Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевтың есебіне жүгінсек, 2016 жылы қала бюджетіне 431 млрд 668,5 млн теңге түскен. Оның айтуынша, жоспар асыра орындалды. Соның арқасында бюджетке қосымша ­­­
7 млрд 489,4 млн теңге құйыл­ды. Бірқатар басқарма мен аудан әкімдіктерінің, қаланың Тексеру комиссиясының бюджет қаржысын игеру мәселесіне тоқталған ол жалпы жағдаймен таныстырды.
Бұдан кейін баяндама оқыған Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш квазимемлекеттік сек­­тор­дың жұмысына ерекше тоқталды.
– Тексеру комиссиясы өткізген аудит пен қаржылық бақылаудың қорытындысында «Astana Innovation» АҚ қолға алған «Smart Astana» жобасы тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатқаны анықталды. Оның ішіне кіретін 16 инвестициялық жоба әзірленді. Алайда бұл жобалардың арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ, бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған. Мәселен, 2012-2014 жылдары «Болашақтың мектебі – бүгін» Есепке алудың кешенді жүйесі» жобасы іске асырылды. Оған жергілікті бюджеттен 260,1 млн теңге бөлінді. Соған сәйкес, елорданың барлық оқушыларын электронды куәлікпен қамтамасыз ету керек болды. Алайда тексерілген 10 мектептің бірінде ғана бұл жүйе толыққанды жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Бұған қоса, 2015 жылы «Astana Innovation» АҚ «Smart мектеп» атты қанатқақты жобаны жүзеге асыруды бастады. Ал мұның техникалық сипаты «Болашақтың мектебі – бүгін» жобасымен бірдей деп айтуға болады, – деді ол.
Сондай-ақ, баяндамашы тағы бірнеше квазимемлекеттік секторға жататын мекемелердің жұмысындағы кемшіліктерге назар аударды. Отырыс қорытындысында кемшіліктер анықталған ұйымдардың өкіл­дерін келесі отырыстарға шақырып, есептерін тыңдау ұсынылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button