ЖаңалықтарРухани жаңғыруРуханиятСаясат

ТЕМІРҚАЗЫҚ

2005 жылы Қырғызстанда алғашқы төңкеріс болып, Үкімет үйін басып алған халықтың жосықсыз қылықтары теледидардан көрген жанның жағасын ұстатты. Бұл қырғыз бауырларға не болды, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз қолымен сайлаған төл өкіметіне соншалықты ашынғаны несі екен деген ойлар мазалап, осы елді өз көзіммен көріп қайтуға сұранып, сол кездегі «Егемендегі» басшымыз Ержұман Смайылға ұсыныс жасадық. Ер-аға ұзақ толғанып, тек 2006 жылдың басында ғана Қырғыз еліне іссапарға жіберді.

erm_0769

Экономикалық айырма­шылықтарымыз көп екен, бірақ ең бастысы… Кешегі коммунистік идеология­ның іздері сайрап тұр. Елдің тәуелсіздік алғанына 15 жылдан асып бара жатса да «Орта Азиядағы Лениннің ең үлкен музейі» деп кезінде мақтанатын орын да мұрты бұзылмай сол қалпында қалыпты. Бішкектің дәл орталығынан орын тепкен осынау зәулім ғимараттың ішінде тә­уелсіз Қырғызстанға арналған тым болмаса бір зал жоқ. Елге ештеңе арналмаған соң бүкіл қырғыздың ұлттық брендіне айналып, төрткүл дүниеге танытып жүрген Шыңғыс Айтматов та аталмапты… Мәнісін сұрасаң, музей қызметкерлері біз ештеңені де жадымыздан өшірмейміз, бұрынғының бәрін де ұмыт қылмаймыз, қазіргіні басқа жерде жасай берсін деп мақтанышпен жауап берді.
Төңкеріс кезінде түсірілген бейнекөріністерден көздері тұман­данып алған жастардың Қырғыз елінің үкімет үйін тас-талқан қылып, бүлдіріп жатқанын көрдік. Біреулері президент отыратын орынтақты да сүйрелеп, тепкілеп жатты. Сонда бірде-бір адамның: ау, тоқтаңдар, бұл президенттің жеке мүлкі емес, біздің мемлекетіміздің ең үлкен, қасиетті орнының дүние­сі ғой, ойрандамайық, бүлдірмейік деген айғайы да естілген жоқ…
Сөйтсек… Бұл елде тәуелсіз мемлекетке тән идеология­лық жұмыстар жүргізіліп, халықтың мемлекетшіл санасын қалыптас­тыру төмен болған екен. Коммунистік идеалдарды
ғана насихаттайтын жоға­­ры­дағы музей сияқты орын­­дардың қаз-қалпында тұрған­ды­ғы­нан, көше аттарының да көбі бұ­рынғы компартия көсем­де­рінің есімінде болғандығы­нан, олардың ескерткіштері мен мүсіндері баяғыша самсап қал­ған­дығынан т.с.с. сол анық көрін­ді. Бұл Ақаев заманы еді, мүмкін қазір бәрі өзгерген шығар…
Мұны еске алып отырған себебіміз – салыстыру үшін ғой. Бәрі де салыстырумен танылады емес пе? Қазақстанда бұл уақытта елдің біртұтастығы мен тыныштығын, қазақстандық біртектілікті насихаттайтын шаралар көптеп жүргізіліп жатты. Бұрынғы идеологиялық насихаттардың әбестігі әшкереленіп, ендігі дамуға кедергі болатын коммунистік идеалдар құртыла бастады. Этнос­аралық және конфессияаралық келісімдердің озықтығын халықтың санасына сіңіру жолында үлкен-үлкен шаралар өткізіліп, оның маңызы елдің барлық бұрыштарына белсенді түрде таратылды. Мемлекеттік органдармен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) мен «Нұр Отан» партиясы сияқты қоғамдық ұйымдардың барлық шаралары осы мақсаттарға жұмылдырылды. Соның арқасында қазақстандық патриотизм қалыптасып, Қазақстанға деген мақтаныш сезім, ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай барлық қазақстандықтардың халықаралық ареналардағы ерлігі мен табыстары елдің ортақ жеңісіне баланып, елжандылық рухы саналарға сіңіріліп жатты.
Бірақ… бірақ осы күнге дейін бізде де бірдеңе жетпей тұратын. Мемлекеттік органдар және биліктің тікелей қолдауымен әрекет ететін ҚХА мен «Нұр Отан» партиясы сияқты қоғамдық ұйымдардың шаралары осы институттарға қатысы жоқ адамдар мен оппозиция өкілдерінің жүрегіне жол таба бермейтін. Олардың кейбірі аталмыш ұйымдардың патрио­т­-
тық әрекеттерін сынап, кейде кекесінмен қарап жүретіні жасырын емес. Сонымен бірге тек жоғарыдан түсетін нұсқауларды ғана іске асыруды білетін жергілікті ішкі саясат органдары өздігінен қадам баса алмайтын. Соның кесірінен кейбір жерлерде коммунистік насихаттың ұрандары әлі де мұрты бұзылмау­да. Мәселен, «Астана ақшамы» газеті жазғандай, қалың қазақ қоныстанған Қостанай облысының Амангелді ауданында Торғайдан шығып, елге еңбегі сіңген жүздеген ұлттық тұлғалардың біріне де қимай әлі күнге Н.Крупская атын өзгертпей тұрған мектеп бар.
Енді сондай олқылықтардың орнын толтыруды мақсат еткендей Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бүгінгі идеологиялық бағытты айқындайтын бағдарламасы дүниеге келіп, барша қазақстандықтардың жүрегіне жол табатын Темірқазық болып тұр. Кейде іздегенін таппай қалатын қазақ қауымының сұранысына жауап беретін, мемлекетшіл сананы қалыптастыра түсуге жосын жағдай туғызатын бағдар осы. Мұнда мемлекет құраушы халық – қазақтың ұлттық мүдделерін, соның ішінде салт-дәстүрлерін, тілін, әдебиеті мен музыкасын сақтап, ұлттық рухымызды өркендету талап етілген. Бұлар – саяси көзқарастары мен азаматтық ұстанымына қарамай, барлық қазақтың жүрегіне жол табатын мәселелер.
25 жыл бойы қазақтың төңірегіне топтасуға тәрбиеленген қазақстандық өзге этнос өкілдері бұл бағытты жатырқамай қабылдары хақ. Тек осының жол картасы тезірек жасалып, іске асыру тетіктері қолға алынсын деңіз.
Қазақтың ұлттық мүдделерін нақтылаған Президент бұл жолы осы талапты ашық айтуға болатын геосаяси ахуалдың қалыптасқанын көрсетіп тұр. Мұндай дүниелер айтылса бұрын ішкі, сыртқы оппоненттеріміз бізді ұлтшылдар, басқаларға қысым көрсетушілер деп сарнап қоя беретін. Оған адам құқын қорғаушы түрлі халықаралық ұйымдар иланып, қазақтарды қосылып кінәлаушы еді. Ал бүгінгі күні қазақтардың қазан бұзар қылығы жоқ, біреу­ге қиянат жасамайтын халық екендігіне дүниежүзінің көзі жетті. Керісінше, осындайларды айтатындардың өзі арандату тудырғысы келетіндер екенін бүкіл әлем біліп отыр.
Қазақ руханиятының озық тұстарын үлгі ету, оны әлемге таныту, олқы тұстарын жетілдіру қажет екенін терең ойлы азаматтарымыз бұрын да айтты, бірақ билік тарапынан геосаяси ахуалға байланысты ашық қолдау білдірілмеген соң олар тежеліп қалатын. Енді жағдай өзгеріп, биліктің өзі ұлттық сананың серпілуін, оның көкжиегінің кеңейтілуін алға мақсат етіп отыр. Тоталитаризм тұсында ұлттық санамыз тұсалып, ақыры өзімізден өзімізді жеруге дейін жеткізгені жасырын емес. Бұл туралы Әбіш Кекілбайұлы бір сөзінде былай деген еді: «Қит етсе, араға сына қағып, адамдарды бір-біріне айдап салып, ана тап пен мына тап, ана жақ пен мына жақ деп, әлеуметтік текетіреске итермелеп бағатын әбжілдік идеологиясы көзқарасымыз бен мінез-құлқымызды да біршама құбыжықтандырып жіберіп еді»… Міне, осылай қалыптасқан сананы басқаша тәрбиелеу оңай емес-ті. Тә­уелсіздік жылдарында қолға алынған идеология қазақтың басқадан артық та емес, кем де емес екендігін, тамыры терең, түбірі мықты, діңгегі берік біртұтас ұлт екенімізді саналарға еккендігімен, басқаның қоластында жүргенде бөлініп, өз адамдарына, өз туыстарына ғана жақсы жағдай туғызу мақсатымен даралану мен екшеуленуді көздейтін қасаң мақсат қалмай келе жатқанын көрмей жүрген жоқпыз. Соның бірі – жершілдік туралы Елбасы өзінің мақаласында былай дейді: «Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды». Бұл жершілдіктің жетесіз қырын ғана ту еткендердің санасын өзгертуге шақырған айқын талап. Жалпы қоғамымыздың «жаңғыру ұғымымен, жаһандық әлеммен қабыспайтын» көнерген дағдысының бірі – рушылдық. Әркімнің өз тарихын, өз ата-тегін білгені дұрыс, бірақ өзінің ағайындарымен жең ұшынан жалғасып, қоғамдасып оқшаулану, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей қолынан іс келмейтін болса да өз руластарын биік қызметкерге тартуға тырысу сияқты жаман әдеттерден сананың тазаруы ғана ұлттық болмысымызды жаңғыртары сөзсіз. «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» деп Президент атап көрсетті.
Сананың әмбебап даму үлгісі дегенді ойлап тау­ып, оны барлық ұлттарға таңудың орынсыздығын өмірдің өзінен көріп жүрміз. Қазіргі ресейлік ток-шоуда жүргізушілер алдына келген әкесіндей кісіні атымен атауы құлаққа түрпідей тиеді, соны кейбір қазақ тележүргізушілері де өзіне үлгі қылыпты. Сөйтіп, құрдасы мен замандасын ғана атымен атайтын қазақ дәстүрі аяққа басылып, немересімен жасты тележүргізушіден өзінің атын тура айтқанды естіп, налыған жандар көп болды… Үлкенін сыйлауды, ар-ұятты, кішілікті, инабаттылықты және т.б. заңнамалық категорияларға жатпайды, ондайды сақтау міндет емес деп санайтын батыстық сана мұндайда бізбен еш қабыспайды. Осылар бізде заңмен қорғалмаса да заңнан бетер сақталып келді және соның арқасында ұлттық болмысымыз бұзылған жоқ. Рухани бағдар да оның бұзылмауын қалап, ұлттық рухымызды құрайтын осындай қасиеттеріміздің бойымызда мәңгі қалуын талап еткен. Өзгенің «қаңсығын таңсық қылмай», «іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда екенін» айтады Елбасы. Сондықтан да басқа ерекшеліктерімізбен бірге озық салт-дәстүрлеріміз бұзылмай сақталып, ұлттық мәдение­тіміз кейінгі ұрпаққа жетіп, дами беруі керек. Осының өзі біздің ұлттық кодымыз екенін Н.Назарбаев атап көрсеткен.

Жақсыбай САМРАТ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button