Басты ақпаратЖаңалықтар

ШАҒЫН ЕЛ, ШЕКСІЗ ЭНЕРГИЯ

Астанада Нидерланд Корольдігінің «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі павильоны таныстырылды. Оған  аталмыш елдің Қазақстандағы елшісі Дирк Ян Коп және павильон директоры Эвелин Бяйл қатысты.  

fasad-atriuma

Теңіз деңгейінен төмен орналасқан мемлекет ретінде Нидерланд тасқын сумен талай күрес жүргізді. Жергілікті билік табиғаттың алып күшіне төтеп беріп, суды баламалы энергия көзіне айналдыра білді. Сондықтан павильон жұмысы «Шағын ел, шексіз энергия: болашақ энергиясын қалыптастыратын дүниетаныммен таныс болыңыздар» деген ұранмен өтеді.
– Жақын арада Қазақстан бүкіл әлемнің назарында болмақ. Көптеген елдер көрмеге «жасыл» энергетикаға қалай қол жеткізуге болатынын, оны қолжетімді, тұрақты етудің түрлі әдістерін талқылау үшін келеді. Нидерланд бұл саладағы түрлі шешімдерді ұсынып, өзгелермен жан-жақты қарым-қатынас жасауға ниетті. Біздің ел энергетикадағы өзгерістерді енгізуге әрқашан дайын, – деді павильон директоры Эвелин Бяйл.

netherlands_fields_485130
Нидерланд жаңа энергия көздерін іздестіріп, оны пайдаланатын ел ретінде танымал. Бүкіл әлемде голландтық өнеркәсіптік технологиялар, озық ноу-хау және инновациялар ерекше қызығушылық тудырады. Ал күн энергиясы саласындағы құрал-жабдықтардың жартысы голландтық технологиялар негізінде жұмыс істейді. Корольдіктің өкілдері осының бәрі Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде көрсетіледі деп уәде етті.
Нидерландының Қазақстандағы елшісі Дирк Ян Коп баспасөз мәслихатында екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы сөз қозғады.
– Соңғы 15 жылда Нидерланд Қазақстанның ең ірі инвесторы болып отыр. Осы уақыт аралығында голландтық компаниялар ел экономикасына 61,1 миллиард доллар қаржы тартқан. Бұл Қазақстанға шетелден келіп жатқан барлық инвестициялардың 40 пайызын құрайды. Көбінесе қаржы мұнай және газ салаларын дамытуға бағытталды. Бірақ біз ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және жерсерік мағлұматтарды пайдалануға да көп көңіл бөліп, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосудамыз. Нидерланд – азық-түлікті бүкіл әлемге экспорттайтын АҚШ-тан кейінгі екінші ел. Демек бұл ауыл шаруашылығында қолданылатын жоғары технологиялық энергетика мен инновациялардың тиімділігін көрсетеді, – деді ол.

tsentral-naya-chast
Келушілер голландтықтардың болашақ энергиясын қалыптастыруда пайдаланатын барлық әдіс-тәсілдерімен танысады. Павильон үш аймаққа бөлінеді: Голландияның шығармашылық және инновация­лық жетістіктерінің көрме залы, голограмма, 5 минуттық лазерлік шоу және 3D технологияларды ұсынатын мультимедиялық зал, ал соңғысы, ересектер мен балаларға арналған ойын-сауық аймағы. Мұның барлығы голландтық және ресейлік дизайнерлердің көмегімен жасалады. Көрме аясында Нидерланды Корольдігі мен Қазақстанның дарынды жастары экологиялық мәселелерді шешуге арналған ортақ жобасын таныстырады. Бұған қоса, таяу уақытта павильонның мүмкіндіктерімен танысуға арналған веб-қосымша іске қосылады.

dopolnit-zony_gollandskij-konkurs
Павильонда 20 минутқа есептелген, жарық шашқан шоуды бір мезетте 70-ке жуық адам тамашалай алады. Экспозицияда қазақ, орыс және ағылшын тілін меңгерген 20 қазақстандық және 5 голландтық маман жұмыс істейтін болады.
Елші Дирк Ян Коптың айтуынша, KLM авиакомпаниясы таратқан мәліметке сәйкес, Амстердам – Астана бағытындағы жолаушылар саны айтарлықтай көбейді. «Бұл тек голландтықтар емес, себебі Амстердам бағытынан келетін авиарейстің 80 пайызы транзиттік» деді ол.
22 маусымда Нидерланд Корольдігі көрмеде ұлттық күнін өткізуді жоспарлап отыр. Сол күні Нидерландтың экономика министрі келеді деп күтілуде. Ал көрме аяқталатын күні – 10 қыркүйекте екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button