Басты ақпаратРуханият

Терең тамыр

Қазақ халқында «шыңға біткен шынардың бұтақтары бір-бірімен байланысып өседі» деген атадан балаға мирас болып жалғасқан аталы сөз бар. Бұған алты алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлы мен оның жерлесі Қалмағамбет Таңқыұлының өзара туысқандық және рухани байланыстары нақты дәлел болғандай.

Қалмағамбет Таң­қы­ұлы – хал­қы­мыздың жоңғар басқыншыларына қарсы күресінде қол бастаған Мерген батырдың ұрпағы. 1864 жылы Ы.Алтынсарин Торғайда тұңғыш мектеп ашпақ болғанда оның туысы Төке би осы білім ордасын салуға қомақты қаржы беріп, ұлы ұстаздың алғашқы 13 шәкіртінің бірі ретінде өзінің тұңғышы Нұрмағанбетті де оқуға береді. Бұл игі дәстүрді кейін Төке бидің өзге туыстары да жалғастырған. Қалмағамбет те – осы мектептің алғашқы түлектерінің бірі. Оқуға зейінді жастың білімге ынтасын аңғарған Торғай уезінің бастығы Я.П. Яковлев оған Красноуфимск реалдық училищесіне оқуды ұсынады. Талапты жастың оқу шығынын ағасы Сейдахмет Байсейітұлы мен осы уездің Шұбалаң болысының басқарушысы Смағұл Төкеұлы бөліп төлейді. Ағаларының артқан үмітін ақтап, Қалмағамбет Красноуфимск реалдық училищесінің ауыл шаруашылығы бөлімін үздік бағамен бітіріп шығады.

Ол мұнан соң арнайы жолдамамен Әулие­ата уездік жер басқармасына жұмысқа жіберіледі. Қасиетті Әулиеата жерінде біраз жыл жұмыс істеп, осы өлкеге әйгілі Бұралқы болыстың балдызына үйленіп, шаңырақ көтереді. Елге сыйлы азамат біраз жыл Меркеге болыс болып сайланады. Кейін Әулиеата уездік земство бас­тығы болып қызмет атқарады. Жауапты қызмет атқарып жүрсе де, халқының қамын ойлап, мүддесін қорғауды өзіне басты мақсат етіп қойған оны патша шенеуніктері үнемі бақылауда ұстаған. Қазір бізге Қ.Таңқыұлына «1916 жылғы көтерілісті қолдаған» деген айып тағылып, одан бірнеше ай бойы жауап алынғаны туралы мұрағаттан белгілі болып отыр.

Қалмағамбет 1920 жылы Колчак түрмесінен қашып шығып, Әулиеатаға ат басын тіреген С.Сейфуллинді бірнеше күн қонақ етіп күтіп, Ташкентке жеткізіп салған. Бұл туралы кезінде Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты ғұмырнамалық шығармасында жазылған болатын.

Ол кейін 1929 жылдары Әулиеатаға келген алаштың ардагері Міржақып Дулатовтың отбасына да қамқорлық жасапты. Бұл жайлы Жақаң атаның қызы Гүлнар Дулатова апамыздың «Шындық шырағы» кітабында Ботакөз Асқарқызы (Ботакөз – Міржақып Дулатовтың ағасы Асқардың қызы) апай тебірене еске алған болатын: «Тұяқбай ауылымен іргелес – Қалмағамбет Танкин… Ол Торғайдан Әулиеатаға келіп, осы елге сіңген арғын. Ол кісіні ел құрметпен «Қалекең» дейді. Қалекең – елуді еңсерген, толық денелі кісі. Ол – Шу өлкесінің атақты болысы Бұралқымен бажа. Қалекеңнің бірінші әйелінен – Әбдісамат пен Әбдіхалық деген екі ұлы болды. Әбік – Ташкенттегі Орта Азия университетінің экономика факультетін бітірген, (САГУ-дің) студенті, Халық – Әулие­атадағы мектеп оқушысы еді. Қалекеңнің Бәтима тоқалынан туған екі ұлы: Қаппар, Жаппар – жас, ағаларын арқа сүйеп өсіп келеді. Қалекең – дәулетті, төрт түлігі сай, елге сыйлы, беделді кісі. Біздің үш үйді өзінің қамқорлығына алды.

Мұстафа мен Әбік бастаған ауылдың қыз-келіншектері бас қосып, түрлі ұлт ойындарын өткізіп, қалаға киноға баратынбыз» деп жазады Ботакөз апай өткен күндердің елесін ой елегінен қайта өткізген шақтарында. Гүлнәр Міржақыпқызы апай да Қалмағамбеттің «Қонақ келгенде дастарқаның бос тұрмасын» деп, Міржақыптың әулетіне «күнара сойыстық бір қой мен бір саба қымыз жіберіп тұрғанын» асқан ризашылық сезіммен еске алады екен. Бұл туралы Қостанай облыстық телеарнасына сұхбат бергенде атақты ақын Ғафу Қайырбековтің жұбайы Бәдеш Хамза қызы да айтқан болатын. Бұл арада тағы бір ескерте кететін жағдай: осы естелікте есімі аталған Мұстафа Бұралқиев – Ботакөз Дулатованың күйеуі. Ол әрі Әбік пен Халық Танкиндердің туған бөлесі, Әбік пен Мұстафа Ташкенттегі САГУ-де де бірге оқыған. Әбік (Әбдісамат) Танкин САГУ-дің экономика факультетін бітірген алғашқы қазақ, ал Мұстафа да осы жоғары оқу орнынан «агроном мамандығын» алып шыққан.

Мұстафаның әкесі Бұралқы Сұлтанбекұлы – сол дәуірде Әулие­ата өлкесіне кеңінен танымал ел ағасы, әділ би болған кісі. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының құрастыруымен 2021 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Бауыржан Момышұлы» атты жинақта жарияланған «Қазақтың алғашқы агрономы Мұстафа Бұралқиевті білесіз бе?» атты мақаладан Бұралқы болыс пен оның баласы Мұстафа туралы біраз деректі кездестіре аламыз.

Осы жинақта 1928 жылғы 20 қазанда жазылған «Бұралқы Сұлтанбекұлының мал-мүлкін тәркілеп, отбасын жер аудару туралы» құжатта: «Б.Сұлтанбекұлының отбасында 11 адам бар» және «ұлы Мұстафа – 31-де, Мұртаза – 25 жаста. Балмағамбет – 18-де, Исрайыл, Сейтжаппар деген ұлдары да бар, 7 жастағы қызы Дәкия өз ауылында. Ал Мұстафа екі інісімен және 20 жастағы келіншегі Ботакөзбен бірге Ташкентте» деген құжат та бар. Осы жинақта: «Б.Сұлтанбекұлының отбасымен бірге оның Ташкентте кызмет істейтін ұлы Мұстафаны, әйелі Ботакөз бен сол қалада оқитын екі ұлы Исраил мен Сейтжаппарды Оралға жер аудару туралы» қаулы да жария­ланған. Сондай-ақ Мұстафа Бұралқиевтің есімін 1930 жылдары Қазақстаннан Мәскеудің Бутырка түрмесіне жіберілген «Кеңес өкіметіне аса қауіпті саяси қылмыскерлердің» тізімінен де кездестіруге болады.

Ал халық қаһарманы ­Бауыржан Момышұлы атамыз өзінің естеліктерінде Мұстафа Бұралқиевті 1925 жылы алғаш көргенін, мұнан кейін арада 45 жыл өткенде кездескенін айта келіп ол туралы: «Один из первых агрономов казахов… Враг народа 1937 года. Реабилитирован. Много знает. Молчит. Работает. …Я уверен, что у него есть личный архив» деп жазған екен.

«Мемлекет пен ұлттың тарихы кейде жеке адамдардың өзара туысқандық байланысынан да құралады» деп орыс тарихшысы Н.Карамзин жазғандай, Қалмағамбеттің екінші ұлы Халық (Әбдіхалық) Танкин Мәскеудегі теміржол институтында оқып жүргенде Қазақстан үкіметі оны Түрксиб құрылысына жұмысқа шақыртып алдыртады. Кейін Қазақстанның Жер шаруашылығы халық комиссариатында жауапты қызмет атқарып жүрген Халық Қалмағамбетұлы 1937 жылғы сталиндік саяси зобалаң кезінде «байдың ұрпағы» деген жаламен ұсталып, атылып кетті. Оның баласы Марат кейін Қазақ теле-радио журналистикасының негізін қалаған атақты ғалымдардың бірі болды. Ол ғалым-журналист, филология ғылымдарының докторы Марат Барманқұлов – Танкин ағамыз еді…

Ал Қ.Таңқыұлының Қайырбек атты інісінің баласы атақты ақын, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбеков болатын.

Осы арада бір ескерте кететін жағдай, М.Дулатовтың қызы Гүлнәр апаймен Қалмағамбет атаның інісі Ғафу (Қайырбеков) әкемнің отбасылары кеңестік қытымыр саясаттың кезінде де туысқандық байланысты үзбегендігі. Ғафу әкемнің үйінде торғайлық жерлестеріміз бас қосқанда олардың арасынан Гүлнәр апамызды да бірнеше рет көрдім. Ғафу әкемнің ол кісіні ерекше құрметтейтіндігін бала болсақ та байқаушы едік.

1970 жылдары менің әкем Бидаш Сейдахметұлы жазда Дүбір деген жерге бие байлап, жаз жайлауға шығатын. Сонда әкем:

«Мен біткен ойпаң жерге

аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша

ағаш.

Қалғанша жарты жаңқаң

мен сенікі –

Пайдалан, шаруаңа жараса Алаш» деген толғауды оңашада дауысын қатты шығармай, ыңылдап қана айтып отыратын. «Бұл кімнің өлеңі?» деген сұрағымызға: «Қазақтың керемет азаматы болған. Соның өлеңі бұл. Заман түзелсе, кейін бұл өлеңді кімнің жазғанын өзің де білерсің» деуші еді.

«Елу жылда – ел жаңа, Жүз жылда – қазан» деп халқымыз айтқандай, енді тәуелсіз қазақ елі Міржақып Дулатұлы атамыз­дың 140 жылдық мерейлі мерекесін салтанатты түрде атап өтпекші. Осы орайда, халқымыздың ұлы қайраткері мен онымен сыйлас болған азаматтар туралы уақыт тозаңы баса бастаған осы тың дерек көпшілік назарына ұсынғанды жөн санадым.

 Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button