Руханият

Терең тамыр

Қазақ халқының асыл арманы қашанда тәуелсіздік болды. Себебі «қазақ» атауы әуел бастан бағыныштылыққа мойынұсынбайтын еркін қауымдарға, халықтарға қатыс­ты қолданылады. Қазақ идеясы Тәуелсіздіктің символы ретінде мыңдаған жылдар бойы Еуразия халықтарына қызмет жасап келді.

Ерлік дәуірінің басты идеологы Бұқар жыраудың Бөгенбай өлімін Абылайға естірте айтқан толғауында «қазақтың қамал қорғаны», «қазақ деген халқынан, батыр шыққан даңқынан», «қазақтың абырой ары үшін, сарп қылған бар күшін» деп айтулы, ерді жоқтауы Қазақ идеясының ең биікке шыққан нұсқасы. Қазақ идеясының қуатымен ХІХ ғасырдың ортасында қазақ азаматтары Кене ханның соңынан еріп, мемлекетті қайта жаңғыр­тамыз деп күресті. Бұл рухты В.В.Радлов ХІХ ғасырдың 70-шы жылдары: «Особенно возвышает их чувство собственного достоинства и воинственный, я бы даже сказал рыцарский дух, до сих пор присущий всем казахским племенам» деп сипаттайды.
Қазақ халқының тәуелсіздік идеясы соңғы жүз елу жылда бірнеше метаморфозаны бастан өткерді. Х1Х ғасырдың екінші жартысында отарлық бағыныштылыққа түскен қазақ рухы жаңа құндылықтарды іздеді, өкінішке қарай, ол құндылықтардың барлығы қазақ идеясынан табыла бермеді. Абайдың қазақты сынауын да осы тұрғыда түсіну керек, соған қарамастан ХХ ғасырдың басындағы қазақ кемеңгерлері қайтадан «Қазақ» газеті арқылы Қазақ идеясына жүгінеді, бұл тенденция Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» деп кеңестік отарлық жүйенің өктемдігіне берілмей еңсесін көтерген поэмасына дейін жалғасып келді.
Қазір Қазақстанда мемлекеттілікті бұдан әрі нығайту және этносаралық интеграция процесін күшейту үшін жаңа идеология қажет екені күннен күнге айқындала түсуде. Елбасының былтырғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және биыл жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары осы қажеттіліктің орнын толтыруды көздейді. Қазақстанды қоныстанған, осы жерден бала-шағасына нәпақа тауып отырған, келешекте қазақпен бір боламыз деген этникалық топтардың бәрі тәуелсіздік идеясының маңына топтасуы керек. Тәуелсіздік – тамыры тек тереңге кеткен халықтардың еншісі. Осыған байланысты Елбасы тәуелсіздіктің негізгі символдарын тарихпен байланыстырып отыр. Ұлы дала тарихының құндылықтары – этнос­тарды жікке бөлетін идея емес, керісінше, азаматтық қоғамның өмір салттарын дәріптеуге, еркін азаматтарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеология­лық іргетас.
Қазақ идеясында топтық және тұлғалық құндылықтардың болуы халықтың ішкі қарым-қатынастарын реттеуге, керек болса, сырттан болған өзгерістерге бейімдеуге қажетті алғы шарт. Кезінде Ресейдің өзінде «казак» атану үлкен мәртебе болды, ол «мемлекет қорғаушысы» деп марапатталды, санақтарда жеке халық ретінде жүрді. Біз Кеңес одағы кезеңінде күшпен енген құлдық комплекстен қалайда арылуымыз керек. Мен Елбасы ұсынған «жеті қырды» қазақ идеясы дер едім, себебі ол қазақты төменшіктеуге үйреткен қамыттан құтылуға, яғни, нақты деколонизация процесін іске асыруға мүмкіндік береді. Болашақты рухы күшті, мықты идеялары бар елдер ғана жасайды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button