Тұрғындар тілегі –тұрақты назарда

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда аудандарының тұрғындарымен есептік кездесуін жалғастырды. Кеше қала басшысы Есіл ауданы тұрғындарымен жүздесіп, олардың көкейіндегі мәселелерді тыңдап, ұсыныс-өтініштеріне жауап берді. Көтерілген мәселелер, негізінен, тұрғын үй, коммуналдық қызмет және әлеуметтік сұрақтарға бағытталды.
Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданының тұрғындарымен есептік кездесуін өткізіп, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарына жауап берді, ұсыныстарды тыңдап, айтылған мәселелер бойынша көпшіліктің ойын білді. Сонымен қатар, Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады. Соның ішінде абаттандыру, жөндеу-қалпына келтіру, көгалдандыру, жарықтандыру және өзге де жұмыстар бар.
Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, өткен жылы қаладағы маңызды орындарда, мысалы, Ботаникалық бақ, ЕХРО аумағы, Достық, Д.Қонаев және Ақмешіт көшелеріндегі қоғамдық орындарды абаттандыруда үлкен жұмыс атқарылған. Бұл учаскелерде 56 мың м² тротуар жаңартылыпты. Сондай-ақ, Нұржол бульвары, Есіл өзенінің жағалауы, Президент паркінде жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Мәңгілік ел даңғылын қайта жаңарту, Бас мешіт аумағы, «Ұлытау», «Керуен» және «Мәслихат» саябақтарында абаттандыру жүргізілген.
«Биылғы жоспарымыз бойынша біз Достық көшесін абаттандыруды жалғастырып, Қазақ радиосы көшесін де абаттандыруды жоспарлап отырмыз» дейді Есіл ауданының әкімі.
Аулалардың 90 пайызы абаттандырылды
Ауданда барлығы 357 аула болса, оның 89 пайызы (317 аула) абаттандырылған. Былтыр 9 аулаға кешенді абаттандыру жүріпті. Сонымен қатар, тұрғындардан iKomek-кe түскен өтініштер ескеріліп, қосымша 49 аула жөнделді. Ал 2025 жылға аулаларды абаттандыру «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы жүзеге асырылмақ. Оған 1 наурызға дейін өтініштер қабылдануда.
«Екінші үлкен мәселе – ауданды көгалдандыру. Өткен жылы көктем мен күз айларында саябақтар мен көшелер бойына 13 мыңнан астам ағаш пен 76 мыңнан астам көпжылдық декоративті бұталар отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Ауданымызды көгалдандыру бойынша қарқынды жұмысты тоқтатпаймыз. Сонымен қатар, жарықтандыру мəселесін айтсақ, ауданда барлығы 139 көше бар. Оларға 15 мыңға жуық жарық нүктесі қойылған. Былтыр Керей мен Жəнібек хандар көшесінің бойында 1,4, ал әуежай бағыты бойынша 10 шақырым кабель желілері ауыстырылды. Сонымен қатар, «Шұбар» шағын ауданында жарықтанбаған көшелер бойынша жұмыстар басталды. Қазір 3 көшеге жарық орнатылды, бұл жұмыстар биыл да жалғасады» дейді Дәрменияр Қыдырбек-ұлы.
Оның айтуынша, аудандағы декоративті жарықтандыру тек қосымша жарық көзі ретінде ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға, сол жағалаудың архитектуралық ерекшелігін айқындап тұр. Мысалы, өткен жылы 21 тұрғын үй кешенінде декоративті жарықтандыру орнатылыпты.
Есіл ауданында барлығы 191 аялдама павильоны бар, оның 59-ы – жылы аялдама. Былтыр тұрғындар ыңғайлылығы үшін қосымша 13 жылы аялдама орнатылған.
Ауданда санитарлық тазалық жыл бойы жүреді. Биыл оның аумағы 3,1 млн м²-ге артты. Сондай-ақ, аула ішіндегі тазалаудың аумағы 1,1 млн м²-ге ұлғайды. Санитарлық жұмыстың негізгі бағыты – заңсыз қоқыс үйінділерін жою. Өткен жылы аудан аумағындағы заңсыз қоқыс алаңдары жойылып, 35 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылған.
Кездесуде Дәрменияр Қыдырбек-ұлы Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасымен былтыр 6 мектеп салынғанын айтты. Олардың сыйымдылығы – 10600 орын.
«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру мақсатында аудан тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп жатыр. iKomek бірыңғай байланыс орталығы, Telegram, Instagram жəне WhatsApp желілері арқылы жыл бойы 15 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың 95 пайызы шешілді. Көп жағдайда аудан аумағын аралау кезінде тұрғындар өз сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп жатады. Сонымен қатар, кері байланысты жақсарту үшін апта сайын халықпен көшпелі кездесулер жасап, азаматтармен жеке қабылдау жүргіземіз» дейді аудан әкімі.
Оқушылар сарайының құрылысы басталды
Баяндамадан кейін залда микрофондар қосылып, тұрғындардың көптеген сұрағына қала әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді. Жалпы көтерілген мәселелердің дені – тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық және әлеуметтік сұрақтар. Сондай-ақ Есіл ауданына қарасты инженерлік-инфрақұрылымдық жобалар жайы назардан тыс қалмады. Білім мен денсаулық, қоғамдық көлік, газдандыру саласының түйткілді мәселелері сөз болды.
Сұрақ-жауап барысында Жеңіс Қасымбек қалада атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, осы жылғы жоспарларымен бөлісті.
«Дәл бір жыл бұрын біз Алматы ауданында жаңа көпірді іске қостық, ол қазір Тәуелсіздік даңғылын қаланың жаңа бөлігімен байланыстырып тұр. Ұлы дала көшесінен тағы 2 көпір жобаланып жатыр, оның бірі жаңа вокзалға шығатын болады. Сонымен қатар, Кенесары көшесі мен Қорғалжын тасжолын қосатын тағы бір көпір жоспарланып отыр. Бұдан басқа, биыл 6 негізгі көшедегі бағдаршамдарды жақсарту бойынша қосымша жұмыстар жүргізіледі, өйткені ол жерде көлік кептелісі жиі байқалып отыр» дейді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, биыл елордада 400 жаңа автобус халыққа қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, әкім Оқушылар сарайының құрылысы жайлы айтып өтті.
«Биыл Көктал, Төле би және Қ.Мұхамедханов көшелерінде 3 Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Оның барлығы бассейнмен жабдықталады. Өйткені жүзу – маңызды спорт түрі. Сонымен қатар, осы жылы «Қазақстан» спорт кешенінің құрылысын бастаймыз. Ол 2026 жылы толығымен пайдалануға беріледі» деді кездесуде Астана қаласының әкімі.
Тұрғындардың бірі 3 жыл бұрын Nova City тұрғын алабында мемлекеттік балабақша салу мәселесі көтерілгенін, бірақ содан бері ештеңе өзгермегеніне қынжылыс білдірді.
«Өткен жылы біз мемлекеттік балабақшаларды салу бағдарламасын бастадық. Қалада 2017 жылдан бері балабақшалар салынған жоқ, бірақ қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. 10 жоба іске қосылды, жақын арада ол жерден де балабақша салынады. Мен тексеріп, сіздің ауданыңыз жоспарға енгізілгенін анықтаймын. Біз бұл ұсынысты ескереміз» деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.
Қоқысқа қатысты күрмеу шешілді
Бұдан соң тұрғындар қоқыс жәшіктерінің дұрыс орналаспауы, су мен кәріз жүйесі, жолдан өту қауіпсіздігі туралы да айтты.
Сондай-ақ кездесуде «Шұбар» ауданын газдандыру бойынша сұрақ қойылып, қандай жұмыстар атқарылғанын сұрап білді.
«Өткен жылы қоқыс жинаумен бір компания айналысса, қазір қалада 6 аудан бойынша 4 оператор жұмыс істеп жатыр. Бәсеке артты. Сонымен қатар, мамандандырылған техника саны 2,5 есе көбейіп, ал iKomek жүйесіндегі қоқыс шығару бойынша шағым айтарлықтай азайып келеді. Газдандыру бойынша мердігер анықталды, тиісті жұмыс биыл басталады. Ескеретін жайт, ауданның көп бөлігінде үйлер белгіленген қызыл сызығынан асып кеткен. Сондықтан желілерді жүргізу үшін орын табу қиын. Желілердің бір бөлігін тұрғындармен келісу арқылы жүргіземіз» деді шаһар басшысы.
Одан соң келесі тұрғын қаладағы жұмыс ұсынушылардың ерекше бала тәрбиелеп отырған ананы жұмысқа қабылдауға дайын емес екенін, ыңғайлы жұмыс кестесін ұсынбайтынын айтты.
«Әйелдерге тегін кәсіби білім алуға көмектесетін маңызды жобалардың бірі – Zeket hub жобасы. Қазіргі уақытта біз жобамызды кеңейтпекпіз, ол үшін сізден ғимаратпен қамтуға көмек сұраймыз. Жеке қабылдауға келе аламыз ба?» деді аудан тұрғыны. Бұған Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлік бойынша тиісті басқарманың мәселемен тікелей айналысатынын жеткізді.
Жиында «Комфорт-1» коттедж қалашығындағы 3 мәселе сөз болды. Біріншісі – жарықтандыру, екіншісі – жаңбыр суы, үшіншісі – жылу құбыры. Тұрғындардың сөзінше, жылу желілерін қалаға қарасты коммуналдық меншікке беру туралы өтініш қараусыз қалған. Олар сотқа жүгініп, нәтижесінде былтыр экономикалық сот жылу желілерін коммуналдық меншікке беру туралы шешім шығарыпты. Бірақ тұрғындар бұл шешім орындалмауы мүмкін деп алаңдаулы.
Алғашқы сұраққа жауапты басқарма өкілі қалашықтың жабық типте екенін және барлық азаматқа қоғамдық пайдалану орны емес екенін айтып, бірақ көмек болатынын жеткізді. Ал одан кейінгі мәселелерге қала әкімі өз жауабын берді.
«Көктемде канализация еріген қар суларының, жазда жауын-шашынның кесірінен бітеліп қалады. Осы уақытта барлық көше су астында қалып, тұрғындар зардап шегеді. Тиісті басқармаға тапсырма беремін, жағдайды тексерсін, егер жобалық құжаттамада, шынымен, қате болса, жауаптыларға хабарласып, қателікті түзетуге тырысыңыздар. Ал үшінші мәселе бойынша соттың шешімі бар, демек, ол міндетті түрде орындалады. Бұл мәселені бақылауға аламыз» деп түсіндірді Астана қаласының әкімі.
Кездесу соңында қала әкімі Жеңіс Қасымбек Дәрменияр Қыдырбек-ұлына аудандағы түйінді мәселелер бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды, айтылған ұсыныстар мен сұрақтар бойынша тиісті салалық басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Ержан ҚОЖАС