Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғындар тілегі – тұрақты назарда

1998 жылғы 6 мамырда ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгерді. Осы күні елордада Алматы және Сарыарқа аудандары құрылды. Содан бері Алматы ауданы дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Кейінгі жылдары халық санының өсуіне және қаланың дамуына байланысты 2008 жылы аудан аумағының бір бөлігі жаңадан құрылған Есіл ауданына, ал 2018 жылы Байқоңыр ауданына берілді.

Бүгінде елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан аудан әкімі Мақсат ­Саматұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында осы ауданның әлеуметтік-­экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігі кеңінен сөз болды.

– Мақсат Саматұлы, тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп тұрасыз. Бүгінгі таңда оларды нендей мәселелер көбірек толғандырады?

– Жыл басынан бері аудан әкімі ретінде 58 жеке қабылдау өткізіп, 380 азаматты қабылдадым. Онда 585 сұрақ талқыланды. Оның ішінде ең көбі материалдық және азық-түліктік көмек көрсету, абаттандыру, көгалдандыру, мүлік иелерінің бірлестігін құру, заңгерлік көмек көрсету және т. б. төңірегінде болды. Олардың 55 пайызы өз шешімін тапты. Сонымен бірге тұрғындарды баспана, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, ПИК және МИБ жұмысы, орта кәсіпкерлік үшін жер телімдерін бөлу, жолдар мен желілерді, білім беру нысандарын салу мәселелері жиі мазалайды. Бұл ретте түсіндіру жұмысы жүргізілді.

– Қазіргі кездегі ең өзекті проблеманың бірі – елорданы газдандыру. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Аудан тұрғындары толығымен газдандырылды ма?

– Алматы ауданы бо­йынша 5 тұрғын үй алабы мен 1 шағын ауданның тұтынушылары газбен қамтамасыз етілген. Бұл газдандыру жұмысы 2019 жылы басталған болатын, ал үйлерді газға қосу 2021 жылдың басында басталды. Содан бері газдандыру бо­йынша жұмыс шеңберінде 6580 абоненттің 5162-сіне техника шарты берілді, 4962 абонент, оның ішінде 252 шағын және орта бизнес, сондай-ақ фтизиопульмонология орталығы, қалалық жұқпалы аурулар орталығы, «Ақ қанат» балабақшасы, №57 орта мектеп сынды әлеуметтік нысан, 5 көппәтерлі тұрғын үй, атап айтсақ, «Есіл» ТК – Сүткент көшесі, 30 және 30/1, «Табыс» ТК – М.Төлебаев көшесі, 25, Қапал көшесі, 1/1, А-123 көшесі, 7-үй газға қосылды.

Барлығы 4 іске қосу кешені бойынша 29 газ реттеу пункті орнатылып, 298 шақырымнан астам желі салынды. 2021 жылы – 1613 абонент, 2022 жылы – 2775 абонент, 2023 жылы 574 абонент газға қосылды.

Сондай-ақ биыл «100 игі іс» бағдарламасы аясында «Халық банкі» АҚ өз қаражаты есебінен 32 абонентті газға қосты. Олар: халықтың аз қамтылған тобы мен зейнеткерлер. Жалпы ауданымызда газдандыру жұмысын алдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

– Аудан аумағындағы жолдардың жағдайы қалай? Биыл қай көшелер жөнделді?

– Алматы ауданындағы жолдар инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес тұрақты түрде жөндеуден өткізіліп тұрады. Биыл ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын 17 көше жөнделді. Оның ішінде ауданның тұрғын алаптарында ұзындығы 2,72 шақырымды құрайтын 6 көше бар.

Сонымен қатар биыл жолдардың зақымдануына байланысты «іKOMEK109» операторына 961 өтінім түсті. Олардың арасында Абылайхан, Б.Майлин, Күйші Дина, Қ.Сәтбаев көшесі және «Мыңжылдық» аллея­сы бар. Тұрғындар өтініші негізінде орамішілік жолдар мен тротуарлар жөнделді.

Бүгінгі таңда Ж.Нәжімеденов, 20А, 16; Қордай, 79, 79а, 100; Р.Қошқарбаев, 50; Бехтерева, 17/1; Қ.Қуанышбаев, 14; Ш.Қалдаяқов, 23а мекенжайында асфальт төсеу жұмысы жүргізілді. Жалпы ауданы 2500 шаршы метр жер жөнделді. Қазіргі кезде тұрғындардың тілегімен шұңқырларды жөндеу жұмысы күнделікті жүргізілуде.

Қазіргі таңда аудан аумағы – 15 471 га, тұрғындардың саны – 376 мың, және ауданда 6 тұрғын алабы (128 943 адам) орналасқан. Олар: «Промышленный», «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар» және «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданы.

«ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫС» ШАҒЫН АУДАНЫ

Халық саны – 80 000 адам.

«ПРОМЫШЛЕННЫЙ» ТҰРҒЫН АЛАБЫ

Халық саны – 20 875 адам.

«ЖЕЛЕЗНОДОРОЖНЫЙ» ТҰРҒЫН АЛАБЫ

Халық саны – 13 526 адам.

«ИНТЕРНАЦИОНАЛЬНЫЙ» ТҰРҒЫН АЛАБЫ

Халық саны – 11 000 адам.

«МИЧУРИНО» ТҰРҒЫН АЛАБЫ

Халық саны – 2 407 адам.

«КҮЙГЕНЖАР» ТҰРҒЫН АЛАБЫ

Халық саны – 1 135 адам.

Мемлекеттік мектептердің саны – 28;

Мектептегі оқушылар саны – 60 997;

Жекеменшік мектептердің саны – 9;

Үш ауысымда оқитын мектептер саны – 3 (№13, 53, 83).

Мемлекеттік балабақшалардың саны – 28;

Балабақшадағы балалар саны – 8 772.

Жекеменшік балабақшалардың саны – 170.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 70 жоба ұсынылып, олардың 68-і мақұлданды. Оның 62-сі ауланы абаттандыруға, 6-уы су бұруға қатысты болды. Жалпы бүгінде ауданымызда 465 аула бар. Оның 155-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Біз бұл көрсеткішті жылдан-жылға жүйелі түрде азайтып келеміз. Соңғы 3 жылда 175 аула және 25 қоғамдық орын абаттандырылды.

Суды бұру бойынша 6 учаскенің 5-еуі жүзеге асырылды, ал «Миллениум парк» тұрғын үй кешені, «Жанұя» тұрғын үй кешені шекараларында: Р.Қошқарбаев – Қордай – А.Байтұрсынов – М.Тынышбаев – Ш.Қалдаяқов – Есіл өзенінің бойында – Ақбұлақ өзені – Тәуелсіздік даңғылында жерасты инженерлік желілері болғандықтан, жұмыс жүргізу мүмкін емес.

– Қоғамдық кеңістіктер туралы не айтасыз?

– Қоғамдық кеңістіктерді дамыту – біздің басты міндетіміздің бірі. Өйткені қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын жайлы және денсаулығына пайдалы түрде өткізе алатын жаңа тартымды орындардың ашылуы бәріміз үшін маңыз­ды деп ойлаймын. Мұндай қоғамдық кеңістіктердің ашылуына қала әкімі де үлкен мән беретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты биыл ауданымызда 8 қоғамдық кеңістік, атап айт­сақ, Қ.Сәтбаев көшесіндегі кеңістік, Ақбұлақ өзенінің жағалауы, К.Әзірбаев, 10, Тәуелсіздік-Р.Қошқарбаев қиылысындағы кеңістік, Қордай, 100-көшедегі кеңістік, Қордай-Тайқазан қиылысындағы, А.Храпатый көшесіндегі кеңістік және «Арқар» көпірінің астындағы бокс алаңы.

Қ.Сәтбаев көшесіндегі кеңістік, Ақбұлақ өзенінің жағалауы, К.Әзірбаев, 10, Тәуелсіздік-Р.Қошқарбаев қиылысындағы кеңістік, Қордай, 100-көшедегі кеңістік, Қордай-Тайқазан қиылысындағы, А.Храпатый көшесіндегі кеңістік және «Арқар» көпірінің астындағы бокс алаңы абаттандырылды. Өткен жылы «Встреча» СҮ, «Достық» саябағы, Абылай хан даңғылы, Р.Қошқарбаев даңғылы және Қордай көшесінің қиылысы, «Железнодорожный» тұрғын алабы, «Интернациональный» тұрғын алабы және Президент саябағындағы амфитеатр абаттандырылды.

Қала әкімі айтқандай, келесі жылы біз, Қаныш Сәтбаев көшесін мысалға ала отырып, жаяу жүргіншілер кеңістігін дамытуды жал­ғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жоспарға Абылай хан даңғылының Ақбұлақ өзенінің жағалауынан ­Б.Момышұлы даңғылына дейінгі бөлігін абаттандыру кіреді. Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру да Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейінгі абаттандырылған аумақтан жалғасады.

2024 жылы Абылай хан даңғылын Ақбұлақ өзенінің жағасынан Манас көшесіне дейін, Манас көшесінен Б.Момышұлы даңғылына дейін және Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін абаттандыру жоспарланып отыр.

– Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – мектеп пен балабақшаның жетіспеуі. Бұл қашан шешіледі?

– Әрине, мектептер мен балабақшалардың жетіспеушілігі мәселесі бізді қатты алаңдатады. Сондықтан барлық тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жаңа білім беру мекемелерін салу және қолданыстағыларын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жайлы қала әкімі 24 жайлы мектеп құрылысының басталғаны туралы айтқан болатын.

Сонымен қатар Астана қаласының халық саны соңғы жылдары жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Егер 2022 жылы 1-сынып­қа барған балалардың саны 4700 болса, осы жылы 5000-ға өсті. Сондықтан осы жылы ауданымызда мектептерді кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 600 орындық бір мектепке қосымша жапсаржай салу аяқталды, екіншісі осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 1200 орындық тағы екі мектепке қосымша жапсаржай салу биыл жылдың аяғында басталып, 2024 жылы аяқталады.

Сондай-ақ 4 жайлы мектептің құрылысы жоспарлануда, қазіргі уақытта оның үшеуінде құрылыс жұмысы басталып кетті. Тағы бір айта кететін жайт, біз қолданыстағы мектептердің жағдайын жақсарту үшін де жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 2 мектеп: №51 және №57 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ал балабақша мәселесіне келетін болсақ, 2017 жылдан бастап әкімдік балабақша салған жоқ, сол уақыттан бері салынған балабақшалардың барлығы жекеменшікте. Сондықтан Жеңіс Махмұдұлы атап өткендей, балабақшалар тапшылығын жою үшін алдағы 3-4 жылдың ішінде елордамызда кемінде 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отыр.

– Қоғамдық көлік қоз­ғалысына тұрғындардың көңілі тола ма? Негізі, қала сыртындағы тұрғындарға автобус маршруты жеткілікті ме?

– Қазіргі таңда халық санының күрт өсуіне байланысты қоғамдық көліктің жетіспеушілігі бар. Бұл туралы қала басшысы да айтып кеткен болатын. Сондықтан қоғамдық көліктің тапшылығын азайту үшін осы жылы шамамен 400 автобус алдырту жоспарланып, қазіргі уақытта оның 200-і өз жұмысын бастады.

Жыл басынан бері Алматы ауданының маршрут желісін жаңғырту бойынша 4 бағытта кешенді жұмыс жүргізілді: 1. Жаңа маршрутты іске қосу аясында ағымдағы жылдың 31 тамызында «Төле би көшесі» – «Нұрлы жол» теміржол вокзалы» қатынасымен №57 жаңа қалалық маршрут іске қосылды. 2. Маршрут схемаларын жетілдіру, аялдама қосу. 3. Қозғалыс кестесін оңтайландыру. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласының қоғамдық көліктерін маршруттардағы қозғалыс кестесін ұлғайту арқылы оңтайландыру жұмысы жүргізіліп, 16 бағыт бойынша 24 бірлікке өсті. 4. Жылжымалы құрамды жаңарту. Жаңа автобус­тарды жеткізу аясында Алматы ауданындағы №3, 14, 15, 15А, 32, 43, 50, 54, 61, 64 маршруттары бойынша жылжымалы құрамды жаңарту жұмысы жүргізілді.

Жалпы мен Алматы ауданының әкімдігінде 2012 жылдан бастап қызмет атқарып келемін, ауданның артық-кем тұсының барлығын білемін десем артық айтқаным болмас. Осы 10 жылдан астам уақыт ішінде үлкен тәжірибе жинап, соның негізінде қазіргі таңда әріптестерімізбен бірге ауданымызды көркейту үшін жұмыс істудеміз. Ал енді осы ауданға әкім болған уақыттан бері атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, бұл ретте негізгі жұмыстар аулаларды және қоғамдық кеңістікті абаттандыруға бағытталды. Мысалы, ауданымыздағы 465 ауланың 155-і жөндеуді қажет етеді, қалғаны абаттандырылған. Соған байланысты осы жылы 62 аулада абаттандыруды жоспарладық. Қазіргі таңда оның 55-інің жұмысы аяқталды, ал 7-еуінің жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады.

Қоғамдық кеңістіктерге келетін болсақ, бастапқыда 4 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған болатын, бірақ тұрғындардың өтініші бойынша олардың санын 8-ге дейін өсірдік. Тұрғындардың тілегімен алғаш рет тротуарларды абаттандыру жүргізілуде, 18 учаске қамтылды, оның 10-ы әлеуметтік нысандардың жанына 4 шақырым асфальт төселді.

Жарықтандыру бойынша ауданымызда өткізілген жұмыстар барысында ЖКУ шамдарының 93 пайызы жарықдиодты шамдарға ауыстырылды, үйлердің кіреберісіне 1000-нан астам шам орнатылды, саябақтар мен скверлерде 340 жарықтандыру тірегі орнатылды, оның ішінде 39 тірек «Жерұйық» паркі, «Встреча» СҮ алаңы, Мереке бойындағы сквер, «Алма» сквері, Президент саябағы, Қазақ ауылы, Сүткент көшесі, 30, Р.Қошқарбаев скверінде орнатылды. Жарықтандырылмаған 16 орамішілік аумақта жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 8000 ағаш, 506 мың біржылдық гүлдер отырғызылды.

– Мақсат Саматұлы, бас қаланың қай жері сізге ерекше ұнайды?

– Астана еліміздің бас қаласы ретінде өмірімде ерекше орын алады. Бұл қала өмірімдегі маңызды сәттердің куәсі болды. Өйткені Астанада отбасын құрдым, балаларым дүниеге келді, ата-анамды қасыма көшіріп алдым. Мен қазіргі Қазақстанның символы болған әсем қалада тұрып, жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын.

Елорданың маған ұнайтын жерлері – ауданымызда орналасқан «Триатлон» саябағы және Ботаникалық саябақ. Мен, негізі, саябақтарда серуендегенді жақсы көремін, ал бұл жерлер табиғатпен оңаша болғысы келетіндер немесе қаланың қарбаласынан демалғысы келетіндер үшін тамаша орын деп санаймын. Жалпы аудан тұрғындарына алға қойған мақсатына жету жолында таусылмас ынта, күш пен табандылық тілеймін. «Бірлік түбі – береке» дегендей, барлығымыз бірлесе ауданымызға қамқорлық жасап, өз күшімізді салып, оның өмір сүруге ыңғайлы және жайлы орынға айналуына септігімізді тигізейік!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button