Ел тынысы

«100 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін»



Бүгін мәжіліс кулуарында Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің саудасы туралы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz 

Оның айтуынша, былтыр Қазақстанда адам саудасының 19 дерегі тіркелген.

«Бұл бойынша қаралған істердің жартысынан көбі аяқталды. Қазірдің өзінде жаңа туған нәрестелерді саудалағаны үшін шамамен 16-17 адам жауапқа тартылды. Биыл бізде жаңа туған нәрестелерді сатудың үш дерегі тіркелді. Бұлардың бәрі біздің ел ішінде болған жайттар. Балалар 100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі сомада саудаланған», – дейді ол.

Сондай-ақ, осы күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында адам саудасы туралы мәселе қаралды. Онда жаңа туған нәрестені тастап кеткені туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері әкімшілік жазаға тартылатыны туралы айтылды.

Мәжіліс хабарына сүйенсек, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Оған сәйкес Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар балаларды қабылдау фактілері туралы қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарына және прокуратураға хабарлауға міндетті. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламаған медициналық ұйымдар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды тұлғаларына жауапкершілік қарастырылады. Бұл ретте баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның мұндай істерді қарау құзыреті айқындалады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button