Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

1937 жыл: қазақ зиялыларының тағдыры мен қасіреті



30-жылдардағы қуғын-сүргіннің динамикасын, оның ауқымын, диффузиялану, яғни таралу үрдісін терең түсіну үшін сол жылдардағы ахуалды талдау маңызды.

Қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы көркем әдеби шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, өзінің шарықтау шегіне жетті. Олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой-пікірінен ұлтшылдық пен байшылдықты, кеңес өкіметіне қарсылықты, теріс ниетті көруге тырысушылар шықты. Тарих сахнасынан кеткен алашордашыларды айыптау, олармен бұрындары азды-көпті қарым-қатынаста болғандарды немесе оларға жылы қабақ танытқандарды «алашордамен байланысын үзбеген, алашорданың агенттері, ниеті бір» деп кінәлау қалыпты іске айналды. Жазушылар шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, «партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды» деп айыптады. Осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерелеуге үлес қосты. Екіншіден, «партия саясатын, бағытын қолдау үстінде» деген өзі жөнінде жағымды пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерелеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан бір өкініштісі, қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі танымал тұлғалар да тыс қалмады.

Бұрынғы көзден таса бола бастаған «алашордашылар ісі» 1937 жылдың басында тағы көтерілді. Қазақ КСР Халық ағарту комиссары, Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі Т.Жүргеновтің «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдығы мен сарқыншағынан тазартайық» деген мақала жариялауы «мәдениет саласында әлі де ұлтшылдар мен оларға ниеттестер бар» деген пікірдің жандануына себепші болып, ұлтшылдарды, олардың сарқыншақтарын іздеуді одан сайын күшейтті. Араға бір апта салып Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейік» атты мақаласының жарық көруі әдебиеттегі ахуалды ғана емес, ел ішіндегі саяси-идеялық ахуалды одан сайын ушықтырды. Р.Жаманқұлов алашордашыларды «тап жауы» деп атады. Сонымен қатар «олардың агенттері әлі де бар» деп жазды. Бұл «тап жауы» алашордашыларға ниеттес, пікірлес, үндес ақын-жазушыларды іздеу мен әшкерелеудің жаңа қарқынды кезеңін бастап берді. Қазақ өлкелік партия ұйымының ұстаған бағыты мен іс-шаралары бұған екпін қосты.

«Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп-тамырымен құртайық» деген тақырыппен шыққан мақала әдебиетшілер ішінен ұлтшыл жауларды іздеуге жаңа қарқын қосты. Ақиқатында, мақала алашордашыларды қалыптасқан тәртіппен аяусыз сынағанмен, негізінен, олармен ниеттес, пікірлес, көзқарасы бір, буржуазияшыл-ұлтшылдармен ауыз жаласқан «ұлтшыл-фашистер» деп Сәкен, Ілияс, Бейімбетті айыптады.
Сәкен, Ілияс және Бейімбеттің күні өте бастағанын сезді ме, әлде әдебиет сахнасынан біржола шығарып тастау мақсатын ұстанды ма, үшеуіне қарсы жазылған мақалалар баспасөзден түспеді. Осы кезде редакция тарапынан жазылған «Көркем әдебиеттегі қателер мен сапасыздықтар туралы», «Қазақ жазушылары арасындағы дерттерге қарсы» деп аталған мақалаларда «…жа­зушылар шығармаларында қателіктер бар, жұмысшы­лардың, колхозшылардың өмірін білмейді, ескі тақырыптан шыға алмай жүр, халықтың дұшпаны Троцкийді мақтайды» деген кемшіліктерді үшеуінің бетіне басты. Сәкеннің 1923 жылы жазылған «Қара бүркіт» (Арыс­тан Дәуітұлы – Лев Давидович Троцкийге) деп аталған өлеңі үшін ұзақ жылдар бойы оны үздік-создық кінәлау, айыптау тұрғысында бір басылып, бір көтеріліп жалғаса берді. Елден аластап, шетелге кеткен Троцкийге арналған өлең Сәкен үшін ескі жараның орнындай болды. Қайта-қайта сыздап, жанына батты. Сәкен шығармашылығына сын айтқан сыншылар ұмыттыра беріп Троцкийге қайта соқты, қайта еске түсірді. Бұл жайт Сәкенді де мазасыздандырды.
Осы уақыттағы ел ішіндегі саяси-идеялық ахуал шығармашылық интеллигенцияны рухани дағдарысқа душар етті. Бір-біріне сенбестік орын алып, олар бір-біріне ғана емес, өз шығармаларына да күдіктене қарады. «Қашан, қалай айыптауға түсуіміз мүмкін» деген қорқыныш пен үрейдің жетегінде жүрді. Үрей мен қорқыныш, жалтақтық олардың белсенділігін төмендетті. Саясат жөнінде сөз айтудан қашқақ­тады. Шығармашылық жұмысқа селқостық туды. Партия мен өкімет тарапынан берілген арнайы тапсырмаларды орындаумен шектелді. Бірақ бұл да қырағы сыншылар назарынан тыс қалмады.

С.Сейфуллин өз өмірінің осы тұсын былай сипаттады: «Мен дәл осы кезде саясат туралы сөйлесуден бездім, тіпті кейбір жолдастармен жолығысудан қашқақтайтын болдым. Жалғыз-ақ әдебиет мәселесімен араласқым келді. Мұнан да бірқадар шықпады. Бұл жолым да бірте-бірте мені сыртқа шығарып, ешнәрсеге араласпай қалуға айналдырды. Бұл сарыуайымшылдық пен упадничествоға икемдеді. Менің бұл халіме кеңес өкіметінің жау­лары «шоқ, шоқ» деп табалап, масаттанып тұрғандай көрінді. Осы ойлар мені төмен тартты, дұшпандардың қыңқыл сөздері мені сарыуайымшылдыққа салды. Менің кейбір шығармаларымда партия жолына қиғаш кеткен жерлер тап осы кездің, осы секілді жағдайдың жемісі еді» деп жазды.
Ақын-жазушыларды шығармаларынан, жеке басынан ілік табу арқылы кінәлау саяси-идеялық айыптауға ұлас­ты, науқанға айналып кетті.
1937 жылдың мамырында, «Социалистік Қазақстан» газеті бірнеше рет баспасөзде жария­лағандай, С.Сейфуллинді 5-7 сәуірдегі қаламгерлер шығармаларындағы кемшіліктерді жою жөнінде өткен жазушылар жиналысына қатыспады, осылай істеу арқылы жазушылар арасындағы қателіктерді жою ісіне араласпай отыр деп кінәлады. Жазушылар одағы бастауыш партия ұйымының есеп беру, сайлау жиналысында сөйлеген сөзі өз басына қиындық туғызды. Жиналысқа қатысқан Сәкен, Ілияс және Бейімбет өз шығармашылығы мен сыншылар сынына іліккен делінген қателіктер жөнінде сөйледі. Әбден сынға ұшыраған Сәкен ақталып: «Бандитке (бұл арада Л.Д.Троцкий айтылып отыр) Сәкен өлең арнады дейді. Ол уақытта ол бандит емес, политбюро мүшесі еді. Оның бандит екенін білсем жазам ба? Сыншыларымыз осы жағын ескермейді. Сонымен қатар «Домбыра» туралы сөз болды. «Банды» деген кінәні жуу үшін 1924 жылы «Домбыраны» Троцкийге арнап бастым. 1928 жылы қате екенін айтып өзім мақала жаздым. Журналға да жаздым. 1932 жылы КазПИ-де айтылды. 1932 жылы Жаманқұловтың баяндамасында да айтылды. Партия сайлауында да биыл арыз бердім. Қыстыгүні крайкомға да арыз бердім. Сондықтан сыншылар датаны ескеруі керек еді. Енді сол үшін ұра беруі керек пе еді» деп ашына айтты. С.Сейфуллин жан дауысы шығып, әділетсіз сыннан ақтала сөйледі. Бірақ байқағанымыздай, ілік іздеген сыншылар осы жиналыста сөйлеген сөздерінде «Сәкен жолдас бүгінге дейін өз қателігін көрмей отыр» деп алған бетінен қайтпады.

Ілияс пен Бейімбет істің бет алысы ушығып кеткелі тұрғанын байқағандықтан да болар, өз қателіктерін мойындады. Бейімбет «Менде үлкен қателер болғаны рас. …Түзетуге шаралар іздеймін» деуге мәжбүр болды. Жиналыста қабылданған қаулы баптарына үшеуіне жеке-жеке баптар арналып, егер алдағы уақытта осындай қателіктер жіберілсе, қатаң шара қолданылатыны ескертілді. Қаулыға олардың (Ілияс, Бейімбет, Сәкеннің) зиянды кітаптарын таратудан алып тастау жөнінде бап енді. Маусым-шілде айларында да Сәкенді айыптаған бірнеше мақала жарияланды. «Хлестаковтың көркем әдебиеттегі тәсілін» қолданып, өз бейнесін «революция ісі жолындағы күрескер» ретінде көрсетіп, «халық жаулары» өз достары Рысқұлов, Нұрмақов, Сә­дуақасов, Асылбековті жағымды жағынан көрсетіп жазды. Өзін-өзі және жауларды көкке көтеріп мақтау мақсатында «Тар жол, тайғақ кешу», «Домбыра», т. б. «контреволюциялық шығармаларын» жариялады» деп айыптады. Сәкенге ашық түрде «революцияға қарсы» шығарма жазды деп айып таға бастады. «Ұлтшыл-фашист» деген атауға да ілікті.

Сыннан көз ашпаған Сәкенді «шығарма жұмысы шабандап кетті, соңғы жылдары көрнекті ештеңе жазбады, жұртшылықпен қатынасы азайды» деп айыптады. Қазақ зиялылары, оның ішінде жазушылар арасында бірін-бірі саяси-идеялық жағынан айыптау, кінәлау күшейіп, қарқын алған кезде, өзі сыналып жатқанына қарамастан, Сәкен «халық жауы» деп айып­талғандарға қарсы ештеңе жаза қоймады. Бірақ бұл да назардан тыс қалмады.
«Сәкен жолдас халық жауларымен күнделікті күресудің орнына олардың қылығына шектен асқан шыдамдылық істеп үндемей отыр. Қазір де, қазақ ұлтшылдығы ең бас­ты қауіп болып отырғанда, бұрынғы уклондар, партия­ға қарсы жіктер бір арнаға құйылып, ұлтшыл-фашистке айналып отырғанда, Сәкеннің тым-тырыс үндемей отырғаны, партия ұйымына жәрдем бермей отырғаны – партиялық міндетін толық атқармай отыр­ғаны» деп айыптады.
Осы кезде оң-солын әлі то­лық танымаған, өзіндік ой-пікірі, дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаспаған, жас ақын-жазушылар ғана емес, қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары да әлсіздік көрсетті, пендешілік жасады. Сонау 1928 жылы басталған С.Мұқанов пен І.Жансүгіров арасында өзара сын-пікір айтудан туған жайт 1937 жылы шиеленісіп, ушығып кетті. Сәл шегініс жасасақ, 1928 жылы «Қазақ» баспасының бас редакторы С.Мұқанов баспадан шығарған І.Жансүгіровтің өлеңдер жинағына «Беташар» жазып, «таптық беті айқын емес» деп сын айтты. Оған наразы болған Ілияс «Бетім анадай емес, мынадай» деп көлемді мақала жазды. Бұдан кейін де бірнеше жыл бойы үздік-создық бірін-бірі сынаған, кінәлаған бірнеше мақала жазылып, екі жақ та бірін-бірі жікшіл, ұлтшыл деп айыптады. Бірақ замана бетінің қайда бұрылып бара жатқанын байқады ма, Сәбитпен түсінісу ниеті бар екенін білдіріп І.Жансүгіров «Қателесуге қарсы большевиктік сынды күшейтеміз» деген мақала жазды. Мақалада өз өлеңдерінде байшылдыққа, кейде үмітсіздікке салынғанын, кейде жаңа өмірдің жақсы жағын көре алмаған қателіктерін мойындады. Сәбиттің өзінің қателіктерін көрсеткенде артық кеткенімен бірге, дұрыс айтқандары да болды деп онымен түсінісуге қадам жасады. Өзара салқындық лебі сейілген секілді болғанда, 1937 жылы зұлмат басталғанда, С.Мұқанов І.Жансүгіровке қайта тиісті, аяусыз шүйлікті. Шығармашылығы ғана емес, жеке басы да талқыға түсті. «Тарихи қаулыдан кейін» деп аталатын мақаласында «Жансүгіровтің редакциясымен 1935 жылы Сүйінбайдың ұлтшылдық кітабы шықты. Ол кітаптың ішінде қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салды» деп оның шығармашылығына айып тақса, жазушылардың жиналысында «…Жансүгіров екі баласымен әйелін қоя берді. Жіберіп қана қоймай, балаларына тиісті заңды ақшасын төлеп тұруды міндетім деп те білмеді» деп оның жеке басына, отбасы ісіне араласып, кінә тақты. Бұл аздай-ақ, С.Мұқанов «Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде саяси қате жіберді. Ол қатенің өзі де анау-мынау қате емес, үлкен қате» деп саяси айып тағып, Ілиясты бұл қатесін жөндемеді деп сынады.

І.Жансүгіровті айыптау сая­си сипат алып, оның шығармаларынан жаулық көзқарас іздеудің күшейгені соншалық, көркем шығармалары да бұр­маланып талқыға түсті. Кәріжан Дәукенов деген І.Жансүгіров жинағына ерекше шүйлікті. Ол: «Жинақтың ішіне ерте кезде ұлтшылдық идеологиясында жазған «Мерген мен бөкен» деген әңгімесін кіргізіп, Жансүгіров қазақ еңбекшілеріне совет өкіметін жамандап, құбыжық етіп көрсетеді… Қазақ ұлтшылдарының ықпалына Жансүгіров те мықтап түскен. Сөйтіп қазақ еңбекшілерін «бөкен», совет өкіметін «мерген» етіп суреттеген. Сөз жоқ, бұл – барып тұрған контрреволюциялық, совет өкіметі мен қазақ еңбекшілерінің арасына дұшпандық отын жақпақшы болған алашордашылардың әрекетінен туған нәрсе. Бұл кітап оқушыларымызға ешбір пайда бермейді, пайда беруі былай тұрсын, оқушыны теріс пікірге, алашордашыл контрреволюциялық идеяға қарай тартады. Мұнымен қатар партиямызға жау элементтерге құрал болатын жинақ» деп жазды. Мақала І.Жансүгіров­ті совет өкіметіне қарсы, контр­революциялық шығарма жазып, алашордашыл идеяны халық ішінде насихаттап отырған сенімсіз, күдікті адам ретінде ғана емес, беті ашық «халық жауы» ретінде көрсетті. Бұл сол зұлмат жылдары өте ауыр саяси айыптау еді. Ілияс жар шетінде тұрды. Арада екі апта өткенде, тамыздың 13-інен 14-іне ­қараған түні Ілияс тұтқындалды.

Қазақ әдебиетінің дамуына азды-көпті үлесін қосып, белгілі болып қалған көрнек­ті ақын-жазушыларды, енді қадам басқан жас әдебиет­шілерді де тап жауларына іш тартады, тап жауларымен байланысын үзбеген, шығармалары зиянды, кеңестік қоғамға жат деген сипатта баспасөзде әшкерелейтін мақалалар жаңбырша жауды. Оған жазушылардың өздері де белсене араласты. Жас жазушы Қалмақан Әбдіқадыров М.Әуезовті: «Мұхтар совет жазушылары қатарына кіргелі 5 жыл болды. Совет жазушысына істелінетін жәрдем оған түгел берілді. Мұхтар үш-төрт тәуір еңбек те берді. Сонымен қатар ескі уақытта, ұлтшыл, алашордашыл пікірде жүріп жазған зиянды шығармаларын жинақ қылып басқызып отыр. Ол туралы өзі жұмған аузын ашқан жоқ. Сонымен қатар бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнің агенті болып беті ашылғанда, солардың сырын ашарлық іс істемей, үндемей отыруының өзі – күдік. Меніңше, олардың көп сырын Мұхтар білуге тиіс еді. Беті ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар атсалысуы керек еді. Бірақ оны Мұхтар істемей отыр» деп бұрын алашордашылармен бір болған, олардың сырын білетін Мұхтар айыптап ештеңе жазбай, үнсіз отыруына күдік келтіріп сынады.

Осы мәндес мақала арада шамалы уақыт өткен соң, «Қазақ әдебиеті» газетінде редакция атынан тағы басылды. «Әуезовтің сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды» деп алды да, «Әуезовтің советке келгеніне, совет жазушысы болғанына бес жылдан аса уақыт өтті. Бірақ Әуезовтің бүгінге дейін шын советтік бағытта жазылған іліп аларлық бір шығармасын көре алмай отырмыз. Ол әлі 1932 жылғы уәдесін қайталақтап, «мені істе сынаңдар, мен ұлтшылдық, байшылдық пікірден мүлдем қол үзген адаммын» деумен жүр. …Әуезовтің 1932 жылдан бері жазған шығармаларынан іліп аларлық, советтік дерлігі …«Түнгі сарыны» да сол бұрынғы «сарынын» совет сахнасына шығаруға тырысқаны. Ал… «Алма бағында», «Тас түлек» пьесалары барып тұрған совет жастары өміріне жала жапқандық. Совет шындығына, жастар жұртшылығына суық қол сұққандық… Әуезов бұл пьесаларында астарлап отырып, совет жастарына күйе жағып, жаудың сойылын соғуға тырысатыны айқын көрінеді. Бұл – бұрынғы ашық байшылдығының, ұлтшылдығының бетін бүркемелеп, советтік шығарманың атын пайдаланғандық… Әуезов бірлі-жарым шығармасында ғана «қателесіп» отырған жоқ, совет жұртшылығына, совет жастарына жала жауып, ескілікті дәріптегенін оның барлық шығармаларынан көреміз». Бұл М.Әуезовті бұрынғы алаш­ордашыл бетінен қайтпаған, бұрынғы ұлтшылдық сарыны бір сарын, өзгермеген деп, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, басқа да ұлтшыл, алашордашыл деп таңба таңылған қазақ зиялылары артынан жіберуді көздеген мақала еді.
С.Мұқанов С.Сейфуллиннің «қателіктер жіберіп, сүрінгенін», Майлин мен Дөнен­таевтың революцияның алдыңғы жылдарында халық жауы алашорданы мақтап қателесуін, «Майлиннің қатесі Сейфуллиннен тереңірек» болғанын, ал «Сәбит Дөнентаев алашорда мәселесінде Майлиннен де ауыр адасып», совет әдебиетіне келгенін айтып келеді де, былай тұжырымдайды: «Мұхтар Әуезовтің советтік тарих алдындағы кінәсі бұлардан әлдеқайда ауыр. Егер оның 1932 жылы баспасөз бетінде жарияланған хатына сенсек, аталған жылға дейін ол марксизм-ленинизм жолына саналы түрде қарсы боп, сол жолдың өркендеуіне бөгет болуға тырысқан кісі» деген пікірді ұстанды.

Айыптаған, сынаған мақалалар газет-журналдарда күн құрғатпай басылды. Дихан Әбілев те «…Зиянкес элементтерден баспасөз орындары әлі де түгел арылып біткен жоқ» деп зиянкестердің атын атап, түсін түстеді. Сонымен қатар ол «Мұхтар өзінің «Ескілік көлеңкесінде» деген қате әңгімелер жинағын бастырып, ірі қате жасады. Бұл қатесін Мұхтар ісімен түзетуі керек» деп М.Әуезовті де сынап өтті.

Х.Жүсіпбеков те қырағылық танытты. «…Соңғы кезге де­йін Жазушылар ұйымының, көркем әдебиет баспасының саяси бейқамдығын, ашық­ауыздығын пайдаланып, халық дұшпандары Сұлтанбеков, Жұмабаевтар көркем ­әдебиет аудармасын алып келген. Уәлиахметов, Қоңыратбаев, Айсариндер бір кезде жазушылар ұйымының басқарушы ісіне дейін араласып жүрген. Беков, Гатаулиндер әдебиет маңында болып келген. Осы жауыздардың көркем әдебиетке істеген қаскүнемдігі аз емес. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз – контрреволюция­шыл қазақ ұлтшылдығымен, оған ымырашылдық жасаумен ешбір аяусыз күресіп отыру» деп ұлтшылдарды әшкерелеу ісіне араласты.
Заманның ызғарлы же­лінен қорқып белсенділік танытқысы келді ме, әлде басқа ішкі есебі болды ма, Жұмағали Саин одан да қатты кетті. «Халық жаулары, фашизмнің қарғылы төбеттері шаруашылық, мәдениет құрылысымыздың бір ғана бөлігіне зиян жасап қойған жоқ, олар өздерінің екіжүзділік сұрқиялылығын пайдаланып, әр жерге-ақ қанат жайғысы келді. Олардың сұр күшіктері Тоғжанов, Жансүгіровтер осы күнге дейін көркем әдебиет майданында орын алып келді» деп Тоғжанов пен Жансүгіров­ті ашық түрде «халық жауы» қылып шығарды. 30-жылдардың екінші жартысында қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдыр­ған көрнекті тұлғалардың өзі рухани-моральдық дағдарысқа түсті. Бұрын бірін-бірі шығармаларындағы таптық, саяси-­идеялық көзқарасы бойынша сынаса, енді бір-біріне ашық түрде жала жапты, кінәсіз екенін біле тұра, айыптады. Ақиқатында, әрқайсысы өз қара басын қорғауға жанталасты. Бұл адамдар арасындағы жаман қасиеттерді: принципсіздікті, жалтақтықты, жағымпаздықты, жаны ашымастықты өршітті. 1937 жылғы репрессия бұрыннан бықсыған шаланы үрледі. Бұрынғы жікшілдік, жершілдік, рушылдық, бақталастық жаңа сатыға көтерілді. Енді өз қызметтестеріне саяси айып тағуға, қуғындауға тікелей араласты. Репрессияны қолдады, жазалау шараларына баспасөзде үн қосты. Бүгін біреуді айыптағандар ертең өздері айыпталды. Оларды ұсталамын-ау деген үрей мен қорқыныш биледі. Адамды басқалар не болса о болсын, қалай болса да тірі қалсам-ау деген құлдық психология жеңді. Әсіресе жалақорлар бас сауғалау қамында болды. «Қырағылығың кем» деген айыптауға ұшырап, креслодан сыпырылып қалармын деп қорықты. Атақ үшін неден болса да тартынбады, адал адамдарды жәбірлеуге, жылатуға, айдатып, аттыруға барды. Басқаларды әшкерелеп, еңбек сіңіріп жүрген адам ретінде көрініп, қолды болмауға, лауазымынан айырылмауға тырысты. Сөйтіп, өз басының амандығын қарастырды. Айып­тау мен жазалау шаралары қазақ интеллигенциясын әбден үрейдің жетегіне жекті. Олар қиянатты көре тұра үндемеді, бірін-бірі кінәсіз еді деп ақтау­ға, қарсылық білдіріп дауыс көтеруге қорықты. Академик, тарихшы Р.Сүлейменовтің «30, 50-жылдардағы репрессияның табы бүгінімізден де сезілетіні – шындық. Жөнсіз, жосықсыз қудалау біздің интеллигенция­ны зәрезап қылғаны сонша, үрейдің өзі мұра сияқтанып, бір ұрпақтан екіншісіне жалғасып келеді» деп жазғаны тарихты таразылау ғана емес, ақиқат екені талас тудырмайды. Ғ.Мүсіреповтің өзіне 20-30-жылдар оңай соқпаған тәрізді. Бүгін болмаса – ертең, ертең болмаса – бүрсігүні айдалып кетемін деп ойлаған. Сондықтан бір-екі пар таза киім, бет орамал, шұлық, ұстара, сабын, тарақ және басқа аса қажет дүниелер салынған жол чемоданын босағаға сүйеп қойып, екі көзі есікте болған. Ерте ме, кеш пе – ұстала қалған күндері тергеушілер жармасады-ау деген туындыларынан алдын ала бас тартып, күнделікті жазбаларында өз пайдасына шешілетін пікірлер жазып отырған. Бір ғажабы, ешқандай дау туғызбау үшін, бұрмалап аудармау үшін кейбір пікірлерін, «мойындауларын» орыс тілінде жазған. Мысалы, латын әрпімен басылған «Қыз Жібек» драмасының үшінші бетінде өз қолымен жазылған мынадай сөздер бар: «Прошу всех, мужчин и женщин, ­настоящих и будущих, т. е. ныне здравствующих и будущем рождаю­щихся, если эта глупейшая вещь попадает кому-нибудь в руки, не читайте ее дальше этой страницы. Написаны мерзко, глупо, бездарно, даже бессовестно! Автор Мусрепов». Бүгін не ертең ұсталам деген қауіп пен үрей тек қана Ғ.Мүсіреповтің емес, барлық қазақ зиялыларының басынан өтті.

Ақиқатында, 30-жылдары жазалау ­шаралары қарқын алғанда, жалпы қазақ интеллигенциясы, оның ішінде шығармаларымен танылып, көзге көрініп қалған, айыптау нысанасына іліккен шығармашыл интеллигенция қорқыныш пен үрейдің жетегінде жүрді. Қайтсем аман қалам деген пенделік сұрақ басты орынға шықты. Сонымен қатар шынымен «халық жауы» шығар, партия мен НКВД қателеспейді деген түсінік болды. Содан да шығар троцкишілерді айыптауға қазақ интеллигенциясы өкілдері де үн қосты. Мәскеуде 1937 жылдың 23-30 қаңтарында «Антисоветтік троцкистік орталық» ісі бо­йынша Пятаков, Сокольников, Радек, т. б. соты өтіп, олар ату жазасына кесілді. Осы кезде І.Жансүгіров Пятаковтың өлім жазасына кесілгенін қолдап, осы 1937 жылдың 2 ақпанында «Кек» деген өлеңін жариялады. Онда:
Бәрекелді, халқым соты, жақсы айттың!
Билігіңмен жұрт ашуын жұбаттың.
Халқым сүйген Сталинді атпақ болған,
Әсіресе, Пятаковты жақсы аттың! – деп жазды. Ал арада шамалы уақыт өткен соң І.Жансүгіровтің өзі де «ұлтшыл-фашист» деп айыпталып тұтқындалды, атылды.

37-жылдың дүрбелеңі кезінде «халық жаулары» ұсталып, дүркін-дүркін сот өтіп жатқанда, баспасөзде бұл жағдайды қолдаған мақалалар, өлеңдер жиі жарияланды. Халық жауларын әшкерелеу мен жазалауды партия саясаты деп түсінген интеллигенция қалыс қалмады, қолдауға мәжбүр болды. Ж.Жабаев «Кекті ашу» деп аталатын жырында Троцкий, Зиновьев, Каменевтерді «ит, қара бет, қасқыр» деп небір сөздермен төпелесе, жырдың соңында оларды «атылсын!», «жасасын күнім – Сталин!» деп аяқтады. Ал «халық жауларын» тауып жазалаған, кейін өзі де осы жазалау машинасының құрбаны болған сталиндік нарком Ежовқа (әрине, арнайы тапсырмамен) өлең арнады:
Гүл жайнап, сән түзеген қала, дала,
Алтын зер шапан киген сай мен сала.
Сүйеді сізді бәрі, Ежов ­жолдас,
Елінде Қазақстан қарт пен бала.
Мұның өзі, тоталитарлық кезеңнің ащы шындығы болумен қатар, қазақ зиялыларын тағдыр талқысына әрі тәлкегіне салған тарихтың қасіретті бір кезеңі. Әрине, біз 37-жылдың зұлматына байланысты қазақ зиялыларының бірін ақтау мен екіншісін кінәлау, айыптау мақсатын қойып отырған жоқпыз. Солай болғанмен, тарихтың доңғалағы кері айналмайды. Тарихтың өткенін таразылау, одан сабақ алу – бүгіннің еншісінде. Сонымен қатар өткен 30-жылдардың қаралы тарихынан азды-көпті хабары бар жан «неге бұлай болды?» деген сұраққа жауап іздейді. Біз де соған қосыламыз.

Құрманғали ДАРКЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің
профессоры




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button