Басты ақпаратЕл тынысы

2023: Елімізді не елеңдетті?



Мінеки, тарихтың тағы бір парағы аударылып, қуанышы мен қайғысы, жеңісі мен жеңілісі итжығыс түскен Қоян жылы да зымырап өте шықты. Бірер күннен кейін Қоянға қол бұлғап, Ұлуға есік ашамыз. Табиғаты да таңғалдырып, саясаты да сан құбылған кетіп бара жатқан жыл несімен есте қалды? Биыл елімізді елеңдеткен негізгі оқиғаларға шолу жасайық.

  1. Сайлау науқанымен есте қалды

19 наурызда елімізде мер­зімінен бұрын Мәжіліс депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша Amanat партиясына 3431510 адам дауыс берді, бұл – сайлаушылардың 53,9 пайызы, 40 мандат алды; «Ауыл» халықтық-демократия­лық патриоттар партиясы 693938 дауысқа ие болды, бұл – сайлаушылардың 10,9 пайызы, 8 мандат алды; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына 535139 адам дауыс берді, 8,41 пайыз, 6 мандат алды; «Қазақстан халық партиясының» жинаған дауысы – 432920, 6,8 пайыз, 5 мандат алды; Respublica партиясы 547154 дауыс алды, 8,59 пайыз, 6 мандат; Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны 331058 адам жақтады, 5,2 пайыз, 4 мандат алды; «Байтақ» жасылдар партиясы 146431 дауыс жинады, бұл – сайлаушылардың 2,3 пайызы, бұл партия Мәжілістен орын ала алмады. «Барлығына қарсымын» деген бағанды 248291 қазақстандық таңдаған, бұл – электораттың 3,9 пайызы. Орталық сайлау комиссиясы бірмандатты округтер бо­йынша депутат болғандардың тізімін жариялады. Олардың қатарында халықтың ең көп дауысын жинаған астаналық Дәулет Тұрлыханов (71698 дауыс) пен Дәулет Мұқаев (51769 дауыс) бар.

5 қарашада елімізде аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы алғаш рет өтті. 17 облыстың тұрғындары 3 қала мен 42 ауданның басшысын сайлады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл сайлау қоғамда зор қызығушылық туғызғанын айтты.

«Қазақстанда тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. 45 әкім лауазымына 125 үміткер таласты. Бұл сайлау – Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжірибе. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындауда» деп жазды сайлау туралы Е.Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.

  1. Түркістан төрінде – Ұлттық құрылтай

Маусым айында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Жиынның алғашқы күні еліміздің әрбір аймағынан арнайы келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал екінші күнгі негізгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Президент құрылтайда жасаған баяндамасында мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, жас ұрпақтың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту сияқты өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ» деді жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.

  1. Қайтқан малда қайыр бар

12 шілдеде Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Оның мақсаты – заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару немесе оларды Қазақстандағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз алуға және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру. Бас прокуратурада экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылып, ерекше қарқынмен жұмыс істеді. 5 қазанда Президенттің Жарлығымен Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті деген жаңа мемлекеттік орган құрылды.

Ал комиссия жұмысының алғашқы 7-8 айында мемлекетке 760 млрд теңгенің (шамамен 1,7 млрд АҚШ доллары) активтері қайтарылды, соның ішінде шетелден – 575 млн АҚШ доллары, оның 260 млн АҚШ доллары – Лихтенштейннен, 82 млн АҚШ доллары – Австриядан, 1 млн АҚШ доллары – Гонконгтан, 1,7 миллион АҚШ доллары – БАӘ-ден қайтарылған қаражат. Қылмыстық істер бойынша залалды өтеу сомасы – 360 млрд теңге, оның 324 млрд теңгесін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, 28,6 млрд теңгесін Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі, 7,65 млрд теңгесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайтарды. Қылмыстық істердің фигуранттары жалпы сомасы 172 млрд теңгеге (Қ.Сатыбалдыұлы – 144 млрд, Қ.Боранбаев – 14,5 және т. б.) залалды өз еркімен өтеді.

Қайтарылған активтер елі­міздің әр саласына жіберіледі. Мысалы, комиссия 100 млрд теңгенің салығын қайтарды, ол салық органдарының өз шотына түседі. Оған қоса, заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылды.

Биыл қаңтарда Парламент депутаттары «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күшін жойып, Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы мәртебесінен айырылды.

  1. Қыркүйектегі Жолдау. АЭС қашан салынады?

2023 жылдың 1 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдаудың жаңалықтары мынадай: 2024 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге көтеріледі. Президент бұл бастама 1,8 миллион адамның тұрмысына оң әсер ететінін айтты. Бюджет ұйымдарында жұмыс істейтін мыңдаған қызметкердің жалақысы көтеріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеу­меттік төлем тө­леуді тапсырды. Сондай-ақ балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетіні жария болды. Мемлекет басшысы бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастап­қы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және ин­вестициялық табыс қарастырылуға тиіс екенін айтты. Қасым-­Жомарт Тоқаев балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банктің» қызметін қайта қарауға тапсырма берді. Облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға ерекше назар аударуды қадап айтты. Осы Жолдаудағы тағы бір жаңалық Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылатыны да осы Жолдауда мәлім болды. Тамыз айында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша алғашқы жария талқылаулар өткізілді.

  1. Жыл өкініші және «Қарметтің» қайтарылуы

Костенко шахтасындағы алапат апат ай-күннің аманында 46 кеншінің өмірін қиды. 29 қазан Президенттің Жарлығымен Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент үкіметтік комиссияға кеншілердің қаза табуына әкеп соқтырған жарылыстың мән-жайын тергеу­ді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек» деді Президент Теміртауға барған сапарында.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа инвесторы қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев болды. Бұл жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Лаврентьев – Allur компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы. ArcelorMittal-ға ребрендинг жасалып, кәсіпорын жаңадан бұрынғыша «Қармет» деп аталатын болды.

  1. 20 миллионға жеттік!

Биыл қараша айында Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді» деп құттықтады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды.

Сәл кейінірек Ұлттық ста­тистика бюросы еліміздің 5 өңірінде 2023 жылдың 14 қарашасында туған 5 бала Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанғанын хабарлады. Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында таңғы сағат 8.10-да іңгәлап дүние есігін ашқан 5 сәбидің үшеуі – ұл, екеуі – қыз бала. «Отбасы банк» АҚ еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған балалардың ата-анасына 2 миллион теңгенің сертификатын беру туралы шешім қабылдады.

Тағы бір жағымды жаңалық, Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні Ұлттық қордан балаларға ақша төлеу туралы заңға қол қойды. Мұның символдық мәні бар екені сөзсіз. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жас жеткіншектердің арнаулы есеп-шотына аударылады.

  1. Түркінің бірлігі нығая түсті

Қараша айында Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ­ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре отырып, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті.

Бұл жиында түркі әлеміндегі бауырлас елдердің бірлігі нығайып, «Түркі әлемінің келешегі-2040» атты құжат бекітілді. Қазақстанның аталған ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетіні мәлім болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (traditions), біріздендіру (unification), реформалар (reforms), ғылым (knowledge), сенім (trust), инвестиция (investments), ме­диация (mediation) және энергия (energy) атты 8 мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, саммитте олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button