Басты ақпаратЕл тынысы

2024: Волонтерлер жылы мен жолы



2024 жыл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде волонтерлік қозғалыс жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті ұсынған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі ниетіне ТМД басшылары түгелдей қолдау білдірді. Осылайша, биыл еріктілердің қайырымдылық, мейірімділік, өзара көмектесу іс-шаралары халықаралық деңгейге ұласатын болады.

Адал ниеті және отансүйгіштік қасиетімен өзгеге қол ұшын созу, төтенше жағдай кезінде алдыңғы қатардан табылу, халыққа гуманитарлық көмек үйлестіру, қараусыз қалған жануарларға пана табуға жәрдемдесу секілді істің басы-қасында жүретіндер – волонтерлер. Есеппен емес, қоғамға әлеуеті жеткенше көмектескендердің еңбегі ескеріліп, назардан тыс қалған емес. Себебі 2024 жыл ТМД елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланды.

Аталмыш бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкектегі Дос­тастық мемлекеттер басшыларының кеңес отырысында құптады. Президент өз сөзінде еріктілердің ізгі амалдары қоғамда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосатынын, сондай-ақ мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңыз­ды екенін атап өтті. Одан бөлек, Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды. Кейін ТМД елдерінің Үкімет басшылары Мәскеуде бас қосып, іс-шаралар жоспарын белгіледі.

«Бүгінде Достастық елдерінің еріктілері өздерінің тынымсыз еңбегінің арқасында толерантты қоғамның дамуына, қайырымдылық пен мейірімділік мәдениетін қолдауға елеулі үлес қосуды жалғастырып келеді. Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізу және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беру туралы қазақстандық бастаманы іске асыру бойынша нақты жұмыс­тарды бастауға шақырамын» деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Жетекші волонтерлік ұйым­дардың ұсыныстарын ескере отырып дайындалған іс-шаралар жоспары 9 бөлімнен тұрады. Онда 100-ден астам халықаралық акция, кездесу, конференция, зерттеу және басқа да іс-шаралар қамтылды. Жоспар ынтымақтас­тықтың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, волонтерлік қозғалыс инфрақұрылымын дамыту, волонтерлік қызметке ынталандыруды қолдау және волонтерлік ұйымдардың ­әлеуетін арттыруға бағытталды. Іс-шаралар жоспарын құруда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, ТМД-ның мүдделі салалық ынтымақтастық органдарының, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламент­аралық ассамблеясы кеңесі хатшылығының, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының ұсынысы ескерілді.

Волонтерлік қозғалысты жандандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бас ассамблея тиісті резолюцияны қабылдап, осылайша еріктілер қозғалысының ұлттық, аймақтық, тіпті жаһандық деңгейде дамуына тың серпін берілмек.

Соңғы 3 жылда ерікті ұйымдардың саны 3 есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсті. Ал белсенді волонтерлер саны 5 есе өсіп, 50 мыңнан 240 мыңға дейін жетті. Елімізде 700-ге жуық волонтерлік ұйым, 1000-нан астам бастамашыл топ және 1000-нан астам «Күміс волонтер» бар

Оған дейін Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлік қызметті дамытудың жол картасы қабылданды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде еліміздегі волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Бұған волонтерлік ұйымдардың өсу динамикасы дәлел. Соңғы 3 жылда ерікті ұйымдардың саны 3 есеге, яғни 224-тен 680-ге дейін өсті. Ал белсенді волонтерлер саны 5 есе өсіп, 50 мыңнан 240 мыңға дейін жетті. Елімізде 700-ге жуық волонтерлік ұйым, 1000-нан астам бастамашыл топ және 1000-нан астам «Күміс волонтер» бар. Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылып, оған 59 мыңнан астам белсенді волонтер және 3,5 мыңнан аса ұйым, мыңнан астам жоба тіркелді. Биыл алғаш рет Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтіп, 34 мемлекеттің жетекші волонтерлік ұйымдарының басын біріктірді.

«Елімізде 20 өңірлік волонтерлер фронт-офисі жұмыс істейді. Осы жоба аясында бүгінде волонтерлік топтар, ұйымдар топтас­тырылып, оларға ұйымдастырушылық, ақпараттық, ресурстық қолдау, консультациялық көмек көрсетіледі. Арыс қаласындағы жарылыс, Абай облысындағы өрт, Екібастұздағы төтенше жағдай және Түркиядағы жер сілкінісі секілді оқыс оқиғалар кезінде жылдам әрекет етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қоғамға қызмет етуде волонтерлер жұмылған еді. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмек үлкен рөл атқаратынын есімізден шығармауымыз керек. Қызмет жолын волонтер болудан бастаған қаншама жас бар. Мектеп оқушысынан бастап қарияға әрқашан қол ұшын созуға ұмтылып тұратын волонтерлер бойына мейірімділік, адалдық, еңбекқорлық секілді қасиеттерді жинаған» деді Ұлттық волонтерлер желісі басшысының орынбасары Айбек Досымбетов.

Бас қала бүгінде елдегі волонтерліктің дамуына оң ықпал ететін басты алаң саналады. Орталық Азия елдеріне ортақ кеңсе – Халықаралық волонтерлер орталығы елордада орналасқан. Мұнда әрбір ерікті өз бастамасын жүзеге асыра алады. Сондай-ақ елордада республика бойынша бірқатар волонтерлік қозғалыстың басын қосқан «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жанында волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімі бар. Бөлімнің негізгі міндеті – жастарды қаланың әлеуметтік өміріне тарту. Сондықтан еріктілер тұрақты негізде волонтерлік қызметтің әртүрлі бағытына қатысады. «Астана жастары» ЖРО базасында волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу мақсатында қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Бүгінде елордада 50-ге жуық волонтерлік ұйым тіркелген. Тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізіледі. Штабта 6000-нан астам белсенді волонтер бар. Былтыр волонтерлер 1113-тен астам іс-шараның өтуіне бастамашы болды. Волонтерлік ұйымдар 5000-нан астам азық-түлік себетін, 6400 ыстық тамақ таратты. Волонтерлердің «Birgemiz» фронт-офисі 8 бағыт шеңберінде 80 жоба жүргізуде, оларға 330 млн теңге көлеміндегі шығыс панасыз қалған жануарларды ұстауға, азық-түлік себетін, кеңсе жиынтығын сатып алуға және т. б. мақсатта жұмсалды.

«Жыл сайын «Астана жастары» ЖРО қала бойынша волонтерлік қозғалысты жан-жақты бағыттан қамтуға баса назар аударады. Мысалы, былтыр «Қауіпсіз қала» жобасы шеңберінде тұрақты негізде волонтерлер халықты газдандыру туралы, жылыту мау­сымы мен көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы, шомылу маусымындағы мінез-құлық ережелері туралы ақпараттандыру жұмысына тартылды, сол сияқты қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға бағытталған «StopVandal» акция­сын және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы «Үздік» жобасын көпшілік арасында кеңінен насихаттады. «Қамқорлық мекенжайы» акциясы аясында жалғызбасты тұратын зейнеткерлерге үй шаруасымен көмектесіп, ауласын қардан тазартуға волонтерлер атсалысып келеді. Сондай-ақ біз қала тұрғындары мен қонақтарына аязды күндері бауырсақ пен ыстық шай таратуды ұмытпаймыз. Жақында біз жануарларға арналған баспаналарға бардық, онда біздің волонтерлер жануар­лармен серуендеп, аумақты тазалады. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасында еріктіліктің маңызын айтып, әлеуметтік белсенділікке жұмылдыру және эко-волонтерлік бағытын күшейту жоспарлануда» деді өз сөзінде «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова.

Еріктілікпен айналысып жүргендердің басым бөлігі – жастар. Әсіресе олардың қатарында мектеп оқушыларының көптігі қуантады. Олар үшін де волонтерлік қызметті жоғары оқу орнына түсу кезінде есепке алу сынды мүмкіндік тиімді. Мәселен, сондай жастардың қатарында елордалық волонтер Дана Такенова бар. Былтыр ол «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығында топ жарып, «Са­лауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» аталымының иегері атанды.

«Волонтерлік – қоғамның әр саласындағы түйінді, түйткілді тиімді түрде шешуге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік ­институт. Еріктілердің белсенділігі қоғамның жетілуін, оның даму деңгейі мен өздігінен ұйым­даса алу қабілетін көрсетеді. Волонтерлік қанымызға сіңген қасиет саналады. Сондықтан да қайтарымсыз қызмет ету мен игі істерге жақын келеміз. Ал мен үшін бұл – өмірімнің бір бөлшегі. Өзгелерге көмектесіп, олардың алғысын алу шын бақыт сыйлады. Осы жолда мен жақын дос-құрбы да кездестіргеніме қуанамын» деді волонтер.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button