Ел тынысы

2050 жылға дейінгі демографиялық саясат тұжырымдамасын әзірлеу ұсынылды



Бүгін Сенатта Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Отырыста сенатор Әсем Рахметова Қазақстанның 2050 жылға дейінгі демографиялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеу туралы ұсынысын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Елдің демографиялық дамуын көп жағдайда  халық санының өсуін ынталандыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси, әкімшілік шараларды қамтитын кешенді тәсіл деп түсінеміз. Іс-жүзінде демография күнделікті өмірде орын алып жатқан әрбір іс-әрекеттің, қабылданған шешімдердің, қоғамның эмоциялық жағдайының және басқа да факторлардың синтезінің нәтижесінен көрініс беретін табиғи құбылыс, – деді спикер.

Халық санының өсу-төмендеу динамикасы соңғы 30 жылда түбегейлі өзгеріске ұшырады. Соңғы он жылдықта 1,3-1,5% өсу қарқынымен оң динамика байқалады. Нәтижесінде, 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. (2024 жылғы 1 қаңтарға Қазақстан халқының саны 20 033 546 адамды құрады).

– Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік деңгейде қолданылып келген декларативті сипаттағы демографиялық болжамдар елдің даму перспективаларына сәйкес келмейді. Ал біз осы уақытқа дейін қолданып келген Аумақтық даму жоспарында белгіленген болжамдар бойынша 2025 жылға қарай Қазақстан халқының саны 19,8 млн. құрауы тиіс еді. Демек, елімізде соңғы уақыттарда қабылданып жатқан саяси, стретегиялық даму бағдарламаларында, еңбек нарығында, білім гранттарын бөлуде және басқа да экономикалық-әлеуметтік шешімдерде халықтың демографиялық өсімдері тиісінше ескерілмеуде. Бұл кез-келген бағдарламалардың сапалы орындалуына, жоспарлы индикаторларға қол жеткізуіне айқын кедергі болады,- деді сенатор.

Тағы бір өзекті мәселе – еліміздің географиялық әр алуандығына байланысты халықтың қоныстану тығыздығының теңсіздігі мен ішкі көші-қонның реттелмеуі болып отыр. Соңғы деректерге сүйенсек Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар, сондай-ақ агломерациялар негізгі көші-қон ағынын тартып отыр. Ал, олардың инфрақұрылымы оған төтеп бере алмауда.

Керісінше солтүстік аймақ – халықтың тығыздығының төмендігі, еңбекке қабілетті жастардың өңірден кетуі, қартаю үрдісінің орын алуы, туу мен экономикалық белсенділіктің құлдырауымен ерекшеленіп отыр.

Елдің даму перспектикасына ішкі көші-қонның қазіргі тенденциясы қолайсыз. Бұл елдің экономикалық әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне бірқатар тәуекелдер әкеледі.

Елімізде демографиялық теңгерімсіздік мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаларды кешенді түрде қайта қарастырып, азаматтарды халық сирек аймақтарға қоныстандырудың жаңа тетіктерін қарастыру қажет.

Бұл ретте тиісті ведомствалар салауатты өмір салтын сақтауға жалпы халықты ынталандарудың кешенді шараларын күшейткені жөн.

Жоғарыда аталған мәселелерді негізге ала отырып сенатор Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдардың келесі мәселелерді дереу бақылауға алуын және тиісті шараларды қабылдауды ұсынды:

  1. Демографиялық саясатты іске асыруға, оны мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізуге жауапты мемлекеттік органды айқындау;
  2. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі демографиялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеу;
  3. Қолданыстағы отбасылық-демографиялық, көші-қон, экономикалық саясат шеңберінде демографиялық теңгерімсіздік проблемаларын еңсеру бойынша кешенді шараларды қабылдау (аумақтардың демографиялық және экономикалық әлеуетінің деградациясын болдырмау үшін халықтың азаюы байқалатын аймақтар үшін экологиялық, табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып халықты тартудың тың тетіктерін қарастыру);
  4. Демографияны дамыту бойынша өңірлік бағдарламаларды әзірлеу;
  5. Салауатты өмір салтын ұстану, репродуктивті денсаулықты қолдау бойынша шараларды қарастыру.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button