Елорда тынысы

30 үйдің құрылысы аяқталады



Биыл елордада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй ­кешенінің құрылысы аяқталады. Онда шамамен 4 мың үлескер ­отбасы бар. Бұл үйлердің бір бөлігінде құрылыс жұмысы аяқталды. Мұндай ­ақпаратты Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жария етті.

«Қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды тұрақты түрде аралаймын. Жақында «Мирный дом», «Алтын бұлақ», «Зере 2» тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездестім. Мұндай проблемалық нысандарда бәрін жан-жақты бақылау өте маңызды. Осыған дейін айтқанымдай, құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жағдайы әртүрлі. Мәселен, «Мирный дом» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық деп танылған, нысанды тапсыру кезінде құрылысы тіпті басталмаған еді. Құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр: құрылыс қарқынын арттыру бойынша да, инженерлік желілер бойынша да, сол сияқты құжаттарын ретке келтіру және т. б. Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда шамамен 4 мың үлескер отбасы бар. Бұл үйлердің бір бөлігі аяқталды» деп жазды қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жеңіс Қасымбек «сақалды» құрылыстарды аяқтау мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап айтты.

«Құрылысы ұзаққа созылатын жаңа нысандардың және проблемалық үлестік құры­лыстардың пайда болуына жол бермеу өте маңызды. Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын белгілі бір қатаң жағдайларда ғана қабылдай алады: тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын қабылдау. Қала тұрғындарын дер кезінде ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-тарда үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ жосықсыз құрылыс салушылардың тізімі жүйелі түрде жарияланып тұрады» деді әкім.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button