Қала мен Сала

7 мың тонна қоқыс жиналды

Елордада бес апталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аяқталды. Оған 372 мың адам қатысып, 5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Кез келген қаланың ажары оның тазалығына тiкелей байланысты десек, елордада жыл сайын тазалық айлығын ұйымдас­тыру, Астананың айналасын, үйлердiң маңайы мен аулаларды мұнтаздай жарқыратып, таза ұстау бағытында ауқымды іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Игі істі жалғас­тырған жұртшылық айлық аясында таңмен таласа тұрып, қаланың тәртiбi мен тазалығын еселеуге үлес қосу үшiн қолына кетпен-күрек алып, тал-терек отырғызып, көшелердi күл-қоқыс­тан арылтты.

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 сәуірден бастап елордада ұйымдастырылған экология сенбілігі барысында 5389 арнайы техникамен «Астана эко полигоны» ЖШС-ке 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Акция аясында 209 мың жасыл желек егілді, оның ішінде «Жасыл белдеу» аумағында 200 мыңнан астам көшет отырғызылды.

8-13 сәуір аралығында елордада «Таза өлке» атты акцияның бірінші аптасы өтті, оның шеңберінде аудан әкімдіктері, тұрғындар, қоғам белсенділері, шағын және орта бизнес, ұйым­дар мен кәсіпорындар өздерінің іргелес аумағы мен ауласын жинады. Сенбілікке 115 мыңнан астам адам, сондай-ақ 3,5 мың кәсіпорын мен мекеме қатысты.

15-20 сәуір аралығында мәдени мұра объектілерін ретке келтіруге арналған «Киелі мекен» апталығы өтті. Қорытындысында аумағы 1,4 млн шаршы метрді құрайтын 84 ескерткіш абаттандырылып, тазартылды. Акцияға барлығы 57 мыңнан астам адам қатысып, мәдени орындардың айналасын күл-қоқыстан тазартты. Сондай-ақ осы кезеңде елорданың 25 мектебінде «EcoIzdenpaz» сабақтары, «Мектеп мүлкіне ұқыпты қарау» челленджі, «Тазалықты өзіңнен баста» бейнемессендждері, «Эко-дебаттар» өтті. Челленджді елорданың 15 жоғары оқу орны қолдады. Сонымен қатар « Тоқта, вандал!» және «Жас сарбаз» жауынгерлерінің қолдауымен акция ұйымдастырылды.

22-27 сәуір аралығында өткен «Жасыл аймақ» апталығында ағаштар отырғызылып, тал-теректерді әктеу, кесу, қолда бар жасыл желектерді тәждеу жұмысы жүргізілді. Әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда қалада барлығы 1,4 мыңнан астам жасыл желек, оның ішінде 836 мың ағаш, 624 мың бұта бар.

27 сәуірде жалпықалалық сенбілік өтті, оған 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 7 мың студент қатысты. Ведомство бұл өткен көктемгі жалпықалалық сенбілікке қарағанда, екі есе көп екенін атап өтті. Бір күнде 4883 ағаш және 256 бұта отырғызылды, оның ішінде «Ұлытау» аллеясында 430 ағаш егілді. Сондай-ақ бокстан Азия чемпиондары, спортшылар Әйтеке би көшесіндегі Нұра ауданына 300 алмұрт ағашын отырғызды.

29 сәуір-4 мамыр аралығында «Өнегелі ұрпақ» апталық акция­сы ұйымдастырылды. Жастар, аудан әкімдіктері мен белсенді қала тұрғындары ардагерлер тұратын аулаларды, балалар үйі мен қарттар үйін тазалап, абаттандырды. Акцияға барлығы 46 мыңнан астам адам қатысты. 70 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды, оның ішінде қаладағы «Жасыл белдеу» аумағына 1337 ағаш, 256 бұта, 68 мың көшет отырғызылды.

«Шарапат» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының аумағында 50-ден астам қылқан жапырақты, қайың және қарағай ағаштары, «Нұрлы жүрек» орталығының аумағында 40 алма ағашы ­отыр­ғызылды.

Біріккен мұражайлар дирекциясы қызметкерлері «Алаш» саябағының, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінің аумағын тазалап, 20 алма ағашын отырғызды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің өкілдері «Журналистер аллеясында» тазалау жұмысын ұйымдастырды.

6-11 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» атты акцияның қорытынды апталығы өтті. Іс-шара аясында Отан қорғау­шылар күні мен Жеңіс күні су айдындары абаттандырылып, санитарлық тазарту жұмысы жүргізілді. Оған 30 мыңнан астам адам қатысып, 387 арнайы техника жұмылдырылды.

20 сәуірде ҚР Президенті телерадиокешенінің ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына қосылды. Сенбілік барысында желілік саябақтың аумағы тазаланды. Бірлескен күш-жігермен 250-ден астам қап қоқыс жиналып, шығарылды. 5 мамырда қалалық сенбілік аясында компанияның 150 қызметкері Ботаникалық бақтың аумағына 50 қарағай көшетін отырғызды.

Осылайша, елорданың еңбекке жарамды жастағы азаматтары экология сенбілігіне өз үлесін қосып, ауланың немесе жұмыс істейтін мекеменің маңын тазалап, айналаны көгалдандыруға, Астананы абаттандыруға атсалысты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button