Басты ақпаратҚоғам

Адам қартайса да, қалам қартаймайды

Жыл сайын 28 маусымды Журналистер күні деп атап өтеміз. Шын мәнінде қолына қалам ұстаған тағдыр иелерінің осы бір атаулы күнін атаусыз өткізбеудің де өзінің мән-маңызы бар. Өйткені қару ұстаған қолдан, қалам ұстаған саусақтардың артық болатындығы жасырын емес. Дейтұрғанмен де журналист деген осы атаудың арт жағында қаншама еңбекпен, көзге көрінбейтін тер жатқанын сол мамандық иелері ғана біледі. Ал ел алдында жарқырап жүрген бұл қауымның да тарам-тарам тағдыр иесі екендігін былайғы жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Біз атаулы күнге орай ардагер журналист, қарт қаламгеріміз Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының үздік қызметкері, Қазына Нұрқановамен әңгімеде болып, жетпістен асса да, апамыз­дың әлі де айтары көп екеніне көзіміз жетті.

Ә дегеннен сөзінің әлқиссасын өзінің қызықты балалық шағынан бастаған Қазына Сәдуақасқызы ақпарат саласына орыс тілді журналист болып келгенін, қазақ тілін тұрмысқа шыққаннан кейін ғана үйренгенін айтып бір таңғалдырды.

– Мен әулетте жалғыз қыз болдым. Сондықтан да әкем де, анам да қатты еркелетіп өсірді. Оның үстіне тілім енді шыға бастағанда орыс мектебіне оқуға түстім. Әрі құрбы-құрдастарымның көбі сол тілде сөйлегендіктен, адамдармен қарым-қатынасыма орыс тілді болуым кері әсерін тигізбеді. Орыс тілді ортада өскендіктен бе, өз іс-әрекеттерімнің кейбір оғаштығын ұятты деп сезінбейтінмін. Сол себепті де кейін мені көп адам сырттай қате түсініп, басқаша адам ретінде жорамалдап жүрді. Алайда тағдырдың жазуымен қолыма қалам алып журналистика саласына келемін, күйеуім қазақы сөздің қаймағын қалқыған ақын болады деп мүлдем ойламаған екенмін. Сөйтіп жүріп, тәлейіме құдай Жарасбайды беріп, тағдырымыз жарасып кеткеннен кейін барып ғана мен қазақ тіліне назар аударып үйрене бастадым. Оның үстіне алғашқы еңбек жолым да «Тың өлкесі» газетіннен басталған болатын, – деп сөзін жалғастырған Қазына Сәдуақасқызы болашақ жарымен арадағы байланысының қайдан басталғанын да есіне түсірді.

Жарасбаймен 50 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып, отбасылық өмірдің қызығын да, шыжығын да бастан өткердік. Шаңырағымыз шаттыққа толып, өмірге Жомарт, Жәнібек есімді екі ұлымыз келді. Мен сол ұлдардан тараған немерелерді көріп отырған әжемін. Мені аялап ардақтап, еркелетіп жар қылған Жарасбай Нұрқанов болса, 2011 жылы 31 мамыр күні өзінің мәңгілік мекеніне аттанып кете берді. Өмірдің қысқалығын да мен сол кезде барып бір-ақ білдім, – деп көз жасына ерік берген Қ.Нұрқанова «жастар жастық шағының өзіне берілген мүмкіндік пен байлық екенін білсе екен деймін» деген тілегін айтып, ауыр күрсінді.

Иә, бүгінгі журналис­тика мен кешегі журналис­тиканың арасында жер мен көктей парық бар. Осы орайда ардагер журналисіміз қазіргі журналистер қандай болу керек деген сұрағымызды да айналып өтпеді.

– Тек қана еңбек адамды жетелейді. Қазіргі журналистерді мен байқаймын, бәрі де техника тілін жақсы меңгерген. Бірақ ақпарат ағынына ілесіп, өз алдына ой қорыту аз көрінеді. Әрине, мықты журналист балаларым бар. Дейтұрғанмен де кітап оқу, іздену тұстары кемшін тартып тұрады. Енді бір жағынан журналист батыл болу керек. Өз ойын еркін жеткізіп айта білуі маңызды. Себебі журналисі жалтақтаған елдің руханияты жарымжан болады. Әрі адам қартайса да, қалам қартаймайды. Сондықтан біздің қос қаруымыз қалам мен тіл болғандықтан, журналис­тер ұдайы ізденіс үстінде, қаламын ұштап, тілін ұстартып жүргені өзіне пайдалы, – деп жастарға ақыл-кеңесін айтқан Қазына апамыз өзінің қазыналы кеудесінен шыққан ыстық естеліктері мен өмірдегі күйініш, сүйінішін де әңгімелеп, сөз арасында елдің әйелі алтын-күміс жинағыш болса, мен кітап жинағыш әйел болдым деп әзілдеп те алды. Міне, осындай өмірі өнегеге толы қаламын серік еткен қарт журналистердің аузынан шыққан әрбір сөз жас тілшілерге бағдаршам болары хақ.

Шапағат Әбдір

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button