#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Адамға адалдық, қоғамға қозғалыс керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Көзбояушылықты доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды» деді. Мұны Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қадап айтты. Бекер айтқан жоқ, өйткені мұндай жағдайлар кездеседі. Сенімге селкеу түсетіні жалған ұрандардан, көзбояушылықтан дейміз. Ендеше оған тікелей кінәлі кімдер?

Жұрт сенімі неге төмен, билік неге тоңмойын? Ойланып көрдіңіз бе? Мұның сыры белгілі дейді көп адам. Оның сыры билікте  жемқорлар көп, әділдік жоқ, соның салдарынан халық тұрмысы нашарлап, наразылық туындайды дейді. Бірақ бұл тұжырымның жауыр болғаны да шындық. Себебі бәрі айтады, бірақ еш нәтиже жоқ. Өндірістің, өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының, ғылымның қай саласына қарасаңыз да ақсап жатқан бір дүние. Сонда не істеу керек? Ол үшін біз Әділетті Қазақстанның шын мәнінде жүзеге асуы үшін көзбояушылыққа, жалғандыққа, әділетсіздікке қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Міне, енді Жаңа Қазақстандағы елді ойландыратын мәселе осы болса керек.

Алайда оны жүзеге асыратын кімдер? Ондай адам бар ма? Бар болса осы уақытқа дейін неліктен еліміз бұл кеселден құтыла алмайды? Кінә өткен отыз жылдағы жүйе жүгенсіздігі ғана ма? Олай болса, жүйедегі жемқорлықты жою мүмкін еместігі дәлелденді. Және оны тоқтату мүмкін емес болғандықтан, қорқыту мен үркіту де анау айтқандай, нәтиже берер емес. Бар болғаны сақтандыруға жол ашты. Бұл айналып өтудің неше түрлі амал-айлаларын тудырды. Бастан бастау алған жемқорлық сала-саланы қуалап, оның салдары төменнен де жүгенсіздіктің белең алуына дем берді. Адам денесін ауру тұтастай жаулағанда, қайран жүрек лүпілін тоқтататыны белгілі. Сонда байқасаңыз, тек жемқорлық емес, барлық саланы аяқтан шалатын кесірлі кеселдерден түгел арылмаса, күресуден не қайыр қалмақ? Ілбіп іріп жүре беруді ғана күтеміз бе? Сондықтан көзбояушылықты, жемқорлықты, әділетсіздікті, көреалмаушылықты, алаяқтықты, арамдықты тудыратын бұл кеселдердің бастау көзі бар. Міне, осы себеппен күресті ойлайтын уақыт келді дейміз.

Демек мейірімді, адал, әділ адам тек жақсылық қана ойлайды және соны іздейді, ал жан дүниесін екіжүзділік, арамдықпен былғаған адам зұлымдықты ғана іздейді. Өйткені жеке бас мүддесін жүзеге асыру үшін оның білетіні сол

Ал ол себеп не, яғни жемқорлықты тудыра беретін не? Ол – екіжүзділік. Кезінде мажар ақыны Петёфи Шандор: «Екіжүзділік қиын кәсіп емес, кез келген теріс пиғылды адам оған оңтайлы» деген екен. Соған қарағанда, екіжүзділіктің кәсіп ретінде қолданылуына қарсы адам аз секілді. Тіпті кейбір жағдайда қайсыбір басшылықтың іс-әрекеті талайдың тағдырын тәлкек еткенде де оның соншалықты қауіптілігіне көпшілік ден бере қоймады. Өйткені екіжүзділікті ажырату қиын. Кімнің екіжүзді кейіпке енгенін тосын адам байқай алмайды. Бәрінен бұрын бұл кәсіпті өзінің жеке бас мүддесін ғана ойлап, жоғары жақтың «сенімін» ақтау үшін қолданатын болса, онда бұл адамның іс-әрекетінде заң бұзушылық қарекет орын алғанын дәлелдеу де оңай емес. Соның салдарынан «ептеп-септеп» пара алып өріп жүрген жандардың аз, көптігін шамалау да қиын. Тек көңілге түйер бір медет – қолды болып жатқан қаржының қайтарылуы. Қазіргі күні қазынаға қайтарылған қаржы – 1,02 триллион. Аз емес. Алайда оның босаған орны толмасына кім кепіл, себебі екіжүзділікті емдейтін ем жоқ.

Енді ойлап қараңыз, осы екіжүзділіктің жаман әдет екенін екінің бірі біледі. Білмейтін адам жоқ. Екіжүзділік тамыр-таныстыққа, жемқорлыққа, арамдыққа, әділетсіздікке, әйтеуір, адамдардың адал өмір сүруі үшін кесірін тигізетін небір кесапатты туғызады. Өйткені ол қоғамды етектен тартатын, халықты жиіркендіретін лас істердің жүзеге асуына жол бастайды. Әрине, мұны білмейтін адам жоқ шығар. Бірақ бар мәселе осы біліп қоюда ғана ма дейміз. Олай дейтініміз, екіжүзділіктің төркіні адамның ниетіне тіреледі. Ел үшін қызмет етуге ниеті жоқ адам өз мүддесін ғана көздейді, ал өз мүддесін көздеген адамға екіжүзділік таптырмас кәсіп. Сондықтан оны жою мүмкін еместей көрінеді. Себебі қолына билік тиген адам екіжүзділік қылық қолданбаса ұтылардай, сөйтіп, мұратына жете алмастай аласұрады. Міне, жемқорлар екіжүзділікті көзбояушылық үшін де, арбау үшін де, сөйтіп дегеніне жету үшін керек ететінін жұрттың бәрі білсе де, оның әшкере болуына мән бермейді. Оң ниет жоқ. Неге?

Оның себебі тереңде. Жалпы қолында билігі бар адам екіжүзділікке салынса, оның қарекетінің біліне қоюы екіталай дедік. Тіпті оның негізгі ісі билік нұсқауымен сай атқарылатын болса, өз мүддесін жүзеге асыру үшін қолданатын теріс қарекетінің салдары қаперге де алынбайды. Мұндайға көз жұма қарау кімге керек? Әрине, ешкімге де керек емес. Алайда бар мәселе екіжүзділік амалға салынған басшының қу кәсібін дер кезінде ешкім аңғара алмауында болып тұр. Жемқорлықтың бастау алатын қайнар көзі осы кезең дейміз. Ондай адамға мемлекеттің мүддесі жамылғы ғана. Екіжүзділік сол үшін де керек. Сонда екіжүзді емес жан жоқ дерсіз. Бар. Ұлт мүддесі біріктірген күрескерлер аз емес. Кезінде алаш арыстары елдің қамы үшін, халықтың мүддесі үшін бас кетпек болса да тура жолдан тайған жоқ. Азапталды, атылды, асылды, бірақ ел үшін, жер үшін екіжүзділікке бармады, сатылмады. Оған мысалды көптеп келтіруге болады. Сонау қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес өкіметінің кезінде ел мүддесі үшін арын да, азаматтығын да сатпаған Жұмабек Тәшеневтің ерлігін ешкім жоққа шығара алмас. Тәшеневтің қолында да билік болды, бірақ ол жамбасыма жағады деп жайлы орынтағынан айрылып қалам деп ел мүддесін сатқан жоқ. Екіжүзді болған жоқ, турасын бетке айтып, сөзден ұлты үшін ұлы іске көшті. Соның арқасында кең-байтақ жеріміз сақталып қалды. Жұмабек Тәшенев секілді қазақтың қайсар азаматтары баршылық. Олардың ерліктеріне тамсанып қараймыз, мақтанып айтамыз. Алайда сыныптай сырғып, екіжүзді көзбояушылық әрекеттерімен елдің әл-ауқатын шашып, берекетін қашырып, бар байлығын жалмауды ғана көздейтін қазіргі жалған мемлекетшіл жандар туралы не дейміз?

Бүгінде елдік, мемлекеттік, халықтық жағдайды ойлау, уайымдау, ізгілікті жүзеге асыру амалы түгел, билікке жымысқы амалымен қол жеткізген екіжүзді бір ғана адам талайдың талабын тасқа ұрындырады. Бұған нақты мысал жетіп артылады. «Бірде-бір басшының «жоғары жақтың мақсатын» жүзеге асыру деген жалған жамылғы әрекетінің нәтижесінде ұйып отырған ұжымдағы сандаған маман сандалысқа түсті» дейді Әбілқайыр атты ашынған азамат. «Нақты түсін түстеп, атын атамай-ақ қоялық, ол ұжымға басшы болып келгенде мұнда зейнет жасына таяп қалған мамандар едәуір болатын. Ал жаңадан келген басшы қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасы  еді. Бірақ оның мақсаты бұл жерде ел мүддесі үшін басшылық жасап, мекеменің қызметін алға бастыру, жұртқа пайда келтіру емес, керісінше қоғамға оң өзгеріс әкеле алатын тәжірибелі мамандардың тірегін шайқалту болды».

Байырғы мамандар кімнің кім екенін біліп қана қоймай, олардың сол халықтың, мемлекеттің бар қазынасын жемқорлықпен жымқырғандардың әрекеттерін әшкере қыла алатын мүмкіндіктері болатын. Оларды бұл мүмкіндік көзінен айыру тек қызметтен босату ғана емес, аталған қызметті екіжүзділерге, көзбояушыларға, жемқорларға қарсы мінберге пайдалана алмайтын күйге жеткізу қажет болған көрінеді. Ол үшін, жоғарыда зардап шегуші Әбілқайыр айтқандай, бұл білетін басшы-сымақ айналасына айтқанынан шықпайтын жандарды жиып, «өз мұратына ғана» жету жолындағы айбарлы қарекетіне кіріскен. Сөйтіп оның қолында екі жол тұрыпты: бірі – ұжымды өзінің іскерлігіне сай соңынан бір кісідей ертіп, жұмыс істету, екіншісі – «қайта құрып», өз жоспарына сай әрекет ету. Бірақ бұл мекеменің атқаратын ісі, яғни мамандығы жаңа басшының мұрнына иісі де бармайтын еді дейді. Сондықтан солақай қулық іске араласып, ол екінші жолды таңдады. Әрине, осындайда «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, әр істің өз маманы бар ғой дерсіз.

Алайда біздің қоғам үшін тынық көлді де, жайқалған бауды да, ұйып отырған ұжымды да іштен ірітетін жанның жүргені де қажет пе деп ойлайсыз. Ондай жандар, жоғарыда айтқанымыз­дай, екіжүзділіктің шапанын жамылып қана қойғандар емес, оны кәсіп еткендер. Екіжүзділік бұрын да болған және ол тек жеке адамдар арасындағы күрес болатын. Алайда екіжүзділік, көзбояушылық ел қамын ғана ойлайтын адал адам көптігінің арқасында тез әшкере болып, оның дерт ретінде таралуына жол берілмеді. Ал қазір екіжүзділіктің кәсібін қой терісін жамылғандай еркін жүзеге асыратындар еш қорықпайды. Өйткені ол – өзінен де жоғары тұрғанның қалауынша билік етуі үшін таптырмайтын кадр. Жемқорлардан ұят кеткен секілді, бұлардың айналасында да ар, ұят деген болмайды. Көпшілік алдында сөздің майын тамызып, тіпті қажет болса мүләймісіп сөйлейді, ірілік іс танытқандай ірі жандармен іргелес күй кешеді, тіпті жомарттық танытып быртиған саусақтары бүгілмес қолымен иыққа шапан жабады. Айыра қою да қиын.

«Расында, өзіміздің мекемеде байқағанымдай, ұжымымыз­ға жаңадан келген басшы, алдымен осы салада бірнеше жыл қызмет істеп келе жатқан мамандардың ізіне түсті. Жоғары жақтың ықпалын пайдаланып, қолындағы билік күшімен бұрынғы кадрларды қызметтен босату басталды. Бірқатарын «күштінің арты диірмен тартады» дегендей, тезге салып тез тізе бүктірді. Оның ең бас­ты көздегені – өзінен озық шығармау еді. Қалайда сол басымдыққа жетуге күш салды. Бірақ бұл мекемеде оған анау айтқандай, ешкім қарсылық танытпады. Арадағы құқық қорғау саласының маманы оның қарекеті адамгершілікке жатпайтындығын, ізгілікке қастандық екенін бетіне айтқаны үшін бұл мекемеде бұрын-соңды болып көрмеген «тәртіптік кеңес» дегеннің талқысына түсті. Ұжымдағы біреу оның теріс пиғылды мақсатын ашар болса, сол мезетте жауға айналды. Оның сөзінің дәлелі болсын, болмасын, өзінен артық білетіндігі үшін және оны жасырмай ашық айта алатындығы үшін қысымға алынды. Бір сөзбен айтқанда, оның істеген ісі туралы оң пікір білдірмесеңіз – жаусыз» дейді Әбілқайыр. Неліктен? Ол сонда қандай адам болғаны?

Оған Шығыстың мына бір мысалы дөп жауап береді. «Бірде көпті көрген бір қариядан сұраған ғой: – Неліктен кейбіреулер адал, әділ, арлы, ал енді біреулер өте залым және мейірімсіз, қатыгез болып келеді? Сонда көпті көрген қария бір күрсініп алып: – Мен өз тәжірибемнен байқағанымдай, бұл өмірде адамның екі түрі болады. Олардың бірі – кәдімгі шыбынға ұқсас жандар. Ал шыбын қашанда сасық иісті іздейді. Тіпті гүлзарда алқызыл гүлдер жайқала өсіп тұрып, бірақ оның арасында бір жануар нәжісі жатса, әлгі шыбын міндетті түрде соған барып қонады. Ал егер сонда сіз шыбыннан раушан гүлі қайда өседі деп сұрасаңыз, ол жауап қайтара алмайды, өйткені шыбын оның не екенін білмейді. Ал бірақ ол кір, нәжіс, сасық лас қайда бар екенін айтып береді. Өйткені оның білетіні сол. Міне, адамдардың да бірі осы шыбын секілді өзінің арамза көксегеніне қалайда қол жеткізуді біледі. Оның өресі сол. Және маңайына да сондайларды жияды.

Ал адамдардың екінші бір түрі бал жинайтын араға ұқсайды. Олар әдемілікті, тәттілікті тез табады. Егер әлгі жоғарыда айтылған гүлзарға тек нәжісті толтырып қойып, бірақ арасында бір гүл қалдырса, әлгі ара ол гүлді таппай, ешқайда қонбайды.

Демек мейірімді, адал, әділ адам тек жақсылық қана ойлайды және соны іздейді, ал жан дүниесін екіжүзділік, арамдықпен былғаған адам зұлымдықты ғана іздейді. Өйткені жеке бас мүддесін жүзеге асыру үшін оның білетіні сол. Міне, көрдіңіз бе, екіжүзді адамның арамза ниеті осылайша білінеді. Тіпті екіжүзділер туралы Құранда да: «Екіжүзділердің жүректеріне дерт кірген. Ол дерт адам денесіндегі болатын кәдімгі жарақат емес. Ол дерт – рухани ауру» деп көрсетілген.

Ендеше екіжүзділіктен емделетін уақыт келді. Ол үшін адамға аздаған адалдық, қоғамға байыпты қозғалыс керек-ақ. Сонда бәріміз де Мемлекет басшысының айтқанына ұйып, Әділетті Қазақстанның іргесін берік қаларымыз сөзсіз.

Сәрсенбай ТАСБОЛАТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button