Басты ақпаратМәселе

Әйел жайы алаңдатады



Елімізде әйелдердің құқын қорғайтын гендерлік теңдік саясаты бар. Дүние жүзі халқының тең жартысынан астамын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін әлі де біраз уақыт керек секілді. Нәзік жандарға қатысты әлімжеттік жасау, зорлық-­зомбылық көрсету мәселесі әлі тыйылатын түрі жоқ. Отбасында ажырасулар көп, себебі әлеуметтік жағдай шиеленісті жағдайда, әйелдің талаптары жоғары, еркекте жұмыс жоқ немесе табысы аз, мінез-құлқы үйлеспейді, тағысын тағылар…

Елдің әл-ауқаты көтерілмейінше, әлеуметтік мәселелер шешімін таппайынша, бұл проблемалар әзірге таусылмайтыны анық.

Әлімжеттік қашан тыйылады?

Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, шаңырағы шайқалмасын деп бәріне төзуге әзір. Солай бола тұра отбасының қадірін қашырған орынсыз жанжалға көбіне әйелдердің өзін кінәлайды. Қазақ халқы «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» немесе «Қайтып келген қыз жаман, қайта шап­қан жау жаман» деп қызына бәріне көнуді, ата-ана атына кір келтірмеуді, өнегелі келін болуын тапсырған, қадағалап отырған. Қызы барған жерінде ұялмасын, төменшіктеп жүрмесін деп, шамалары жеткенше тойын жасап, жасауын беріп жатады. Алайда келін ретінде аттаған босағасында қара көз қыздарымыздың барлығы бірдей бақытты ғұмыр кешіп жатыр ма? Жанұядағы жанжалдың салдарынан әкеге деген жеккөрушілік сезімі жүрегін жаралаған талай бала тірі жетім атанып жүр емес пе?!

Үш баласымен уақытша дағдарыс орталығын паналаған келіншекке көмектескенім бар. Үсті-басы көк ала қойдай, таяқтан көгермеген жері жоқ келіншек он бес жылдан бері күйеуінен таяқ жеп, жақын жерде тұратын ата-енесінің бар қонағын күтіп, шаруасын істесе де сол әулеттің күңіндей отырса опақ, тұрса сопақ болғанын айтып күйініп келді. Ең жаманы – күйеуі құмар ойынға ақшасын шашып, басқа әйелдерге барып, ашық жүре бастаған. Басқамен хат жазысқанының үстінен түскен келіншек күйеуінен түсіндіруді талап еткенде, өлгенше таяққа жығып, сабап тастаған. «Ажырасамын» деп келді басында. Жергілікті полицияға арыз жазды, қажетті маманға барып, медициналық сараптама да алдық. Келіншектің апасы таксимен қасында жүрді, өйткені оны көрсе, жуан жұдырық қожайыны тағы қорқытып, үйіне алып кететінін білді. Балалары үйде еді. Сауысқаннан сақ күйеуі балаларының сыртқа шығуына тыйым салды, өзінен қорқып, туысының үйіне жасырынған келіншекті іздеуге көшті. Қыздың анасы баяғының адамы ғой, қызының күйеуден ажырасқанын қаламады, арыз жазғанын қабыл көрмеді. Келіншек күйеуінен қатты көңілі қалғаны соншалық, ол туралы айтса, қайыңдай дірілдеп, аяқ-қолы қалшылдап, қиналатын. Балаларды сенімді таксимен үйінен күйеуі жоқта алып кетті де біздердің көмектесуімізбен қаладағы әйелдер мен балалар уақытша тұратын Дағдарыс орталығына орналасты. Күйеуі жанталасып, атойлап барлық жерден іздеп, таба алмай, туыстарын, ауырып жүрген анасын мазалады, тіпті бейнебақылау камераларын қарап, бұлардың қайда жатқанын іздеп табады. Алпыс айла, қырық қулықты меңгерген байы «жаздым, жаңылдым, енді өйтпеймін, енді бүйтпеймін!» деп, өзіне де, балаларына да жаза берді, тыным бермеді… Дағдарыс орталығында келіншектің асықпай үш ай жатып ойлануына болатын еді, бірақ, қазақы әдетіне тағы басып, қыз жылдар бойы қанап келген «тиранына» қайта барды.

– Бұл іс басына сабақ болды. Ол өлердегі сөзін айтып уәде берді, қатты шошып қалған екен: «үш ай уақыт бер, бәрін реттеп беремін, тіпті үйді сенің атыңа өткіземін, сатам десең де өзің білесің, бірге тұрмаймын десең де өзің шешесің» деп кешірім сұрай берді, сұрай берді. Осы оқиғадан қатты қорыққан ол жылдар бойы барлық қорлыққа көніп келген мені ойламапты олай жасайды деп… әсіресе, балаларды алып кеткесін ойлаған бәрінен айырылдым деп. Осы жолы қайта кешірдім, көрейін басқа салғанын…» деді келіншек жылап тұрып.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елдегі әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстағы зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 61 277 жеткен. Ал 2023 жылы барлығы 60 741 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Кім отбасының ойран болғанын, балалардың әкесіз өскенін қалайды дейсің, бірақ осыдан күйеуі басқаша сабақ алса болыпты да деген ойға келдік.

Заң жағын айтып, құқын талап еткеннің бір жақсы жері – күйеуі барғасын жұмысқа кіруге рұқсат беріп, өзіне көлік әперіпті, бала тәрбиесіне де қарайлайтын болыпты…

Бұл – бір ғана мысал. Мұндай отбасылар елімізде аз емес.

Заңмен қалай қорғаймыз?

Де-юре Қазақстан зайырлы мемлекет болып қала береді, бірақ іс жүзінде жыл сайын мұсылмандық келбетке ие болып келеді. Бұл көп әйел алу нормадан кету ретінде қабылданбайтын және әйелдерге қатысты кемсітушіліктің әртүрлі формаларына жол берілетін отбасы институтының өзгеруінен айқын көрінеді. Бірақ бұл біздің еліміз қабылдаған гендерлік теңдік міндеттемелерімен қалай үйлеседі? Мұндай қауіпті тенденцияны тоқтату үшін мемлекет не істеуі керек? Сарапшыларға сөз.

Біздің еліміздің тұрғындары Қазақстанның зайырлы құқықтық мемлекет екенін және олардың кез келген діндердің өсиеттерін ұстануға құқылы екенін, бірақ Конституция мен ҚР Заңдарына, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерге қайшы келмейтін көлемде ғана есте ұстауы тиіс. Мысалы, Құранда ұрының қолын кесуді талап ететін ереже бар – мұндай шара VII ғасырда пенитенциарлық жүйе дамымаған кезде қолданылған. ХХІ ғасырда бұған жол берілмейтіні түсінікті, егер біреу қылмыскерлерді аяқ-қолдарынан айыруды талап ете бастаса, онда олар жай діни экстремизм үшін айыпталады.

Сондықтан бүгінде Құранның кез келген нормаларын қоғамның қазіргі құрылымын ескере отырып түсіндіру керек. Адам құқықтарын шектеу немесе бұзу мақсатында оларды теріс пайдалануға жол берілмейді, оның ішінде отбасындағы әйелді қысым көрсетуге, басуға болмайды (ҚР Конституциясының 14-бабын, Неке және отбасы туралы кодекстің 30-бабын қараңыз). Мысалы, күйеуі әйе­лін орамал мен жабық киім киюге мәжбүр еткенде, бұл – оның жеке ісі. Шынайы сенушілер, ең алдымен, өздерін, іс-әрекеттері мен сөздерін қадағалап отыруы керек, бірақ ешкім цензура ретінде әрекет етуге және басқа адамдарға, тіпті отбасы мүшелеріне діни көзқарастарды таңуға құқылы емес. Бұл мінез-құлық діннің өзіне қайшы келеді, онда адам Құдайға өз еркімен келуі керек және одан да көп ҚР заңдарын бұзады (Қылмыстық Кодекстің 145-бабы).

Қазақстандағы 18-49 (18-75) жастағы әйелдердің 16,0% өмір бойы, 5,3% соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету зорлық-­зомбылығын көріп келген. Ал осы
әйелдердің 3,9% өмір бойы, 1,2% соңғы 12 ай ішінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықты көріп, өмір сүріп жүр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілеріне қатыс­ты шығарылған қорғау ұйғарымдарының саны 2021 жылы 81 648-ге жетсе, 2022 жылы 83 998 болған, 2023 жылғы көрсеткіш 75 000-ға жеткен

Сол отбасылық абьюзерлер әйелдеріне физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен кезде, ал діни экстремистер қыздарды жыныстық қанаған кезде Құранмен сөйлейтіні бар. Олардың діни некелері шамамен екі күнге созылады, содан кейін жұбайы «талақ» деп айтады да (араб тілінен аударғанда «ажырасу» дегенді білдіреді) және «әйелін» келесі адамға берді. Олардың көзқарасы бойынша зинақорлық болған жоқ, өйткені неке кезінде жыныстық қатынас жасалды. Бірақ адам құқықтары тұрғысынан әйел діни нормаларды әдейі бұрмаланған түсіндіру нәтижесінде жыныстық қанауға және бірнеше рет жақындыққа мәжбүр болды…

Бір қызығы, Орталық Азияның басқа елдерінде-Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда – көп әйел алу қылмыс болып саналады, дегенмен бұл жерде халық Қазақстанға қарағанда діни тұрғыдан аз деп айтуға болмайды. Біздің полигамия үшін қылмыстық жауапкершілігіміз 1998 жылы жойылды. Бірақ бұл іс жүзінде мемлекеттік ресурстар мен салық төлеушілердің ақшасын ұрлап әкететін сыбайлас жемқорлыққа жол ашты. Орташа қазақстандық ер адамға өзінің орташа жалақысына қазір тіпті бір отбасын асырау қиын. Көбіне оны тамақтандыру үшін күйеуі де, әйелі де жұмыс істеуі керек.

Не істеу керек?

Егер біз шын мәнінде құқық­тық мемлекетте өмір сүргіміз келсе, онда ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауымыз керек. Әйелдерді немесе кез келген басқа адамды қандай да бір жолмен кемсітуді ақтау үшін ислам немесе басқа діндердің догмаларымен жабуға болмайды.

Мұндай әйелдер заңмен қорғалмағаны анық және көбінесе қарым-қатынас үзілгеннен кейін олар ештеңемен қалмайды. Заңсыз жұбайының алдында ер адамның заңды міндеттемелері жоқ, егер ерлі-зайыптылардың балалары болса, ол заңды түрде әкесі ретінде жауап беруі керек (алимент, тәрбие және тағы басқалары). Алайда дәл осы Заң қарапайым ерлі-зайыптылардың соты арқылы ажырасқан кезде жиі дәрменсіз болады…

Неліктен мемлекетімізде бұл мәселені шешімін таппайды? Өйткені бұл мәселенің екі жағы бар. Бір жағынан, көп әйел алуға тыйым салу арқылы сенушілер мен қоғамдағы жағдайы жоғары бай адамдар арасында наразылық тудыруы мүмкін, олар үшін бірнеше әйел болу қалыпты жағдайға айналды. Екінші жағынан, осы процесті ретке келтіру және әйелдердің құқықтарын қорғау мақсатында полигамияны заңнамалық рәсімдеу елдің зайырлы негіздеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Мұндай шешім барлық конфессиялардан қазақстандықтар арасында өте танымал болмас еді. Бейтарап ұстанымды ұстану қалады, оны отбасылық істерге және жалпы адами қатынастардың жақын саласына араласпау саясатымен түсіндіреді. Сондықтан әзірге бұл мәселе тыныш күйінде қала береді…

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап отбасыларға ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу басталды. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің депутаттар сауалына берген жауабында айтылды. Бұл, негізінен, е-gov платформасындағы жадынама, офлайн, онлайн форматтағы бейнеролик, семинар мен тренингтер және басқа да шаралар.

«Отбасы құндылықтарды одан әрі нығайту мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы жылдың қыркүйек айында некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін оң ықпалы бар отбасылық дәстүрлер мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау, отбасын жоспарлау және ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау мәселесі бойынша некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін ақпараттық-түсіндіру шараларының кешенін іске қосуды жоспарлайды» делінген жауапта.

Әйелді әйел түсіне ме?     

Мынадай қызық сұрақ туындайды: неге әйелдер әйелдердің мәселесін түсінсе де түсінгісі келмейді?

Әйел деген негізі қызық жаратылыс қой, шыны керек, ерлер түгілі, өзіміз де кейде түсіне бермейтін халдеміз. Күндей күлімдеп отырып, бір сәтте өзгеріп, түндей түнеріп қалатыны және бар. Бұған бір жағынан денсаулығы сыр берсе, бір жағынан айналасындағы әртүрлі факторлар әсер етуі әбден мүмкін. Кешегі күйеуі­нің қолынан қайтыс болған Салтанат Нүкенованы қарап отырып қаралаған әйелдер де жоқ емес.

Егер әйел, қыз бала отбасында, ең жақын деген күйеуі, серіктесінің қасында өзін қауіп­сіз сезіне алмаса, күйеуі оның қауіпсіздігіне кепілдік болмаса, ол қорғау мен қамқорлықты қайдан алады, қайдан іздейді?! Сосын әйелдер отбасында ғана зорлық көреді деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол өмір сүретін қоғамда да, ортада да әйелдер үшін қауіпсіз орын аз шығар. Өйткені Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, елімізде жыныстық серіктесі емес, мүлдем бөгде адамның тарапынан күш көрсету немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің саны да жетерлік.

Елімізде әйелдерін ұратын еркектер қаншама?! Оларға қалайда көмек қолын созуымыз керек. Болашағымызды тәрбиелеп отырған аналар қолдаусыз қалмауы тиіс.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button