Әлеумет

Әке беделін әспеттеген форум



Елорданың «Үркер» тұрғын алабындағы К.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназияда «Әке мен бала» форумы биыл да жалғасты.

Форумның өтуіне Қорғаныс министрлігі, қалалық Білім басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы қолдау білдіріп, іс-шараға осы мекемелер өкілдері, оқушылар мен олардың әкелері, мектеп ұжымы қатысты.

– «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, әке – ұрпақ панасы, шыңы биік асқар тауы. Әке мен бала арасындағы мызғымас достық пен сыйластық – бүгін мен болашақты жалғайтын көпір. Сондықтан да қазіргі таңда әкелер институтын нығайту Орталық Азия елдерінде ғана емес, бұл әлемге ортақ мәселеге айналуда. Біздің ортақ міндетіміз – жеке тұлғаның бойына рухани құндылықтарды сіңіру ғана емес, басты ұлттық құндылығымыз саналатын тілімізді, дінімізді, ділімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді аялап сақтауға баулу. Осы орайда, әкелер – отбасының иесі ғана емес, тәрбиенің де киесі болған тұлға. Сол себептен бүгінгі қоғам әке орнын биікке қойып, оның мәртебесін арттырып отыр, – деді аталған мектеп-гимназия директоры Жұлдыз Қуанышқызы.

Форум барысында мектептің Әкелер кеңесінің төрағасы Балжан Балқиев, Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова, Жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы, Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Айша Құрманғалиқызы, Астана қаласы бойынша «Әйелдер күштері Альянсы» ұйымы төрағасы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері, отбасылық-
демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі Назгүл Сейітқожақызы, Әкелер қауымдастығының мүшесі Руслан Қонақбаев сөз сөйлеп, қоғамдағы, әр отбасындағы әкелердің рөлі, олардың беделін көтеру мәселесі туралы пікір білдірді.

– Жыл бойы біздің комиссия қалалық Білім басқармасымен бірлесіп мектептерде «Қауіпсіздік сағаты» атты ашық кездесулер өткізіп келеді. Баланың болашағын шешу оңай емес. Әр мәселені қазбалап қарасақ, түбінде ата-аналардың кінәсі жатады. Баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, оның ересек жасқа дейінгі мінез-құлқына, біліміне, тәрбиесіне уақыт бөлмесек, болашақта тепсе темір үзетін, еліне қамқор болатын, отбасын құрып, оған жауапкершілік алатын ер азамат шығара алатынымызға күмәнім бар, соны ойланып, ұрпақ тәрбиесіне жауап­кер­шілікпен қарайық, – деді Н.Мақжан.

Форум барысында Қорғаныс министрлігінің №23366 әскери бөлім командирі Досым Беласаров пен «Айбын» әскери патриоттық клубы «Ерлік» сабағын көрсетті. Жиын соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button