Елорда тынысы

Әке – шаңырақтың тірегі

Әкелер күніне орай елорданың «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Әке – шаңырақтың тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Отбасы құндылығын насихаттап, әкелердің қоғамдағы рөлін айқын­дауға бағытталған жиынға аталмыш орталық көмегіне жүгінетін әкелер қатысты.

Іс-шарада әкелер институтын дамыту, олардың отбасындағы рөлін арттыру, дәстүрлі отбасы негіздерін нығайту, балаларды бірлесіп тәрбиелеудің, парасатты да саналы әке болудың жолын насихаттау бағытында бірқатар спикер сөз алды. Солардың қатарында «Сенімен болашақ» ­республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық фи­лиалының атқарушы директоры Шерхан Арапбай, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ақпарат технология­лары бөлімінің басшысы Берік Нұрдәулетов және Астана қаласы «Әкелер кеңесінің» төрағасы және С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы «Әкелер кеңесінің» төрағасы Жалғас Құспеков болды.

– Әке болу міндеті – адамға ата-ана ретінде жүктелетін ұлттық мәдениеттің жүйесі. Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды дейміз. Яғни ер-азаматтың өз балаларына қатысты тәрбие жұмысына белсене араласуы арқылы өз рөлін жақсы түсінетін әкелердің тұлғасы қалыптасады. Олар ұл-қыздарының ержетіп есейгеніне мән бермейтін, күнделікті тәрбиесіне араласпайтын, өз жауапкершілігіне бей-жай қарайтындардың санын азайтып, тіпті әкелік міндетінен бас тартқысы келетіндерге үлгі болып, оның жолын көрсетеді. Бүгінде ер-азаматтар әкелік міндетті алдымен анасына, сосын балабақшадағы тәрбиешіге, түрлі қоғамдық ұйымға одан қалды мектеп мұғалімі, тағы сол сияқты тек өзінен басқасына іліп қойды. Мұнда бастысы олар өзін түземесе, баласын да түзей алмайтынын түсіну керек, – деді Ж.Құспеков.

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» КММ көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметін көрсетеді. Орталық көмегіне жүгінгендердің бірі – елорданың Сарыарқа ауданының тұрғыны Айтбай Жақсыбаев.

«Мен үш баланың әкесімін. Жалғызбасты әке болған соң, «Жанұя» отбасы институты қолдау орталығы көрсеткен көмектің игілігін көріп отырмыз. Бізге азық-түлік себеті беріліп, үнемі осындай жиындардан қалыс қалдырмайды. Бұл жиында жауапты әке болудың маңызы туралы толымды пікірлер айтылды» деді ол.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button