ӘлеуметБасты ақпарат

Әкелерді ардақтайық!

Қазір шынында да педагогтар, психологтар дабыл қаққанындай-ақ бар, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс үзілді, қоғамда барлық адамдар, соның ішінде ата-аналар өздері әлеуметтік желіге тәуелді болып кеткендерін сезе бермейді.Үйдегі бала-шағаларымен жекелей пікір алысып, сырласып отырғаннан гөрі әлеуметтік желідегі басқа адамдардың өмірін қалт жібермей, қадағалап отыратын адамдар көбейді. Ал балаға қандай үлгі беріп отырмыз, өзіміз бір уақыт өз өзімізге есеп беріп көрейікші.

Отбасы – тәрбиенің ұясы

Тәрбиенің басты ұясы – отбасы. Мемлекеттің негізгі буыны осы. Қоғамдағы отбасының мақсаты – баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру болса, мынау жасампаз ғасырда, жаһандану дәуірінде мектеп партасында отырған баланың жан-жақты білім, тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеніші – ата-­ана. Сондықтан оқуға құштар баланы мектепте ұстаздары оқытса, отбасындағы тәрбие­нің көрінісін бала қоғамда, өз ортасында көрсетеді.

Әрине, әрбір ұстаз ата аналармен қарым-қатынас жасау­да түрлі тәсілдерді, қазіргі жаңа технологияларды пайдалана отырып, ата-ананың қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс жасаса, ата-ананың мектепке, ұстазға деген көзқарасы өзгерер еді. Егеменді еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге байланысты екені түсінікті.

АҚШ-та ер адамдар 99-100 жасқа келуі қалыпты жағдай екен. Бұл нені білдіреді, отбасы саясатындағы ақаулықтарды көрсетеді. Отбасындағы жағдай дұрыс болса, ондағы психологиялық-моральдық ахуал дұрыс құрылған, жүзеге асып жатса, ол отбасының мүшелері бақытты, дені сау, бақуатты өмір сүретінін мамандар айтып отыр. Мысалы, жапон елінде ер балалар тәрбиесімен тек қана әкелер айналысады және оның нәтижесін, ұлттық құндылықтарға негізделген ғылым, білімге ұмтылысын бүкіл әлем мойындап отырғанын айтуға тиіспіз.

Ал бізде, керісінше, жұмысқа, қыдыруға, демалысқа баруға, той-томалаққа жететін уақыт дәл бала тәрбиесіне келгенде болмай қалатыны өкінішті. Соңғы статистика бойынша, 6,6 ер адам баласына күніне 15 минут уақыт бөледі. Ал бұл өте аз. Баласының кім болып өсіп келе жатқанын, арман-мақсатын білмеуі де үлкен проблема екені рас. Барлығына уақыт жетеді, бірақ бала тәрбиесімен айналысуға ықылас жетпейтіні шындық.

Ұлдың азамат болуы – әкеден

Бұрындары әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы дүние де, мал да емес – оның балаға берген жақсы тәрбиесі болатын. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысып, аманат ретінде қабылдайтын. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы ғана емес, ер адамның айқын үлгісі, бағдаршамы. Әке балаға жолдас, әрі сырлас болу керек. Өйткені әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. «Бала тәрбиесімен тек педагогтар ғана айналыспауы тиіс, бұл – ата-ананың, әсіресе, әкенің зор міндеті» дейді ҚР «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.

Жалпы, бала тәрбиесіне келгенді біздің ойымыз осы – біз жетпеген нәрсеге балаларымыз жетсе екен, біз көрмегенді көрсе, биіктерге қол жеткізсе, жақсы адамдар жолдасы болса, армандары орындалса дейміз. Мен де мысалы, ауылда, көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Ол кездері қандай, 90-жылдары мектепке барғанда әкеміз түзде – қызметте, ал ұл мен қыз тәрбиесімен анамыз айналысатын. Әкеміз көбіне сыртта, ауыл шаруашылығы жұмысында жүргендіктен, үйде бала тәрбиесінің жауапкершілігі, бар жүгі анамызға артылатын. Анамыз үй шаруасын да реттеп, баланы да тәрбиелеп, қонағын күтіп, бау-бақшасын өсіріп, мал-жанын да жайғастырып, реттеп отыратын. Қалай уақыт жеткізетінін білмеймін, сол тіршілікті көріп өстік. Әке мен шешеден көрген тәрбиені өзің балалы болғанда қайталайтының түсінікті. Мен де сөйттім. Бірақ, балалар мектепке барғанда педагогтар ата-аналар жиналысына барғанда бізден бала туралы басқа ақпараттарды сұрай бастады, ұстаздардың сұрауымен, қадағалауымен мен де балаларым туралы білмекке талпынып, олар қызығатын дүниелерді зерттей басадым. Мен үшін бұл шынында да жаңалық болды. Қазақ-түрік лицейінде өзгерген балам кейін жоғары оқу орнын оқығанда, ары қарай магистратура оқығанында мүлде басқа адамға, өмірге өзінің көзқарасы бар, жеке пікірі бар тұлғаға айналды. Бұған мектептегі, білім орындарындағы ұстаздардың, тәрбиешілердің көп жақсы ықпалы болғанына куә болдым, көп нәрсеге көз жеткізіп, бала тәрбиесіне қатысты олар қызыққан тақырыптарды зерттей бастадым. Қазіргі заманғы технологияға қарап отырсақ, цифрландыру өмірімізге әбден дендеп енді, адамның ой-өрісі, экономикасы өзгерді, басқа заман келді, жаhандану кезеңінде әсіресе, бала тәрбиесіне жете көңіл бөліп, қарамасақ, кейін кеш қалатынымыз айдан анық болды. Сондықтан да осыдан 11 жыл бұрын Астана қаласындағы №59 мектепте ата-аналар жиналысында бір ата-ананың идеясымен Әкелер одағын құру туралы, «Неге ата-аналар жиналысына әкелер келмейді, неге бала тәрбиесіне қатысты әкелер белсенді емес?» деген мәселе көтерілді.

Әкелер одағы – ізгі істер ұйытқысы

– Бірлестік құрылтайшысы Қуаныш Жұматаев есімді азамат болды. Ол бірде баласы оқитын мектептегі ата-аналар жиналысына келгендердің басым көпшілігі аналар екендігін көреді. Содан өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкелердің қатысы мен рөлінің қандай екендігін ойлайды. Осылайша, мектептің тыныс-тіршілігіне, жиналыс­тарына белсенді атсалыса бастаған қоғам белсендісі білім мекемесінде «Әкелер кеңесін» құру бастамасын өз қолына алады. Қуаныш Жұматаев осы Әкелер одағын құрып, осы істің басы-қасында болды. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте озып, дүние салды, бірақ, Әкелер одағы республика көлемінде көптеген жақсы істерге ұйытқы болып, жақсы іс-шаралар өткізіп жүр. Бұл кеңес 2011-2012 жылдары әскери-патриоттық клуб ашады. Әкелер мен балалардың қатысуымен шахмат пен футболдан спорттық чемпионаттар, әртүрлі бағыттағы шығармашылық байқаулар және т.б. іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар ер-азаматтар балалармен бірге ағаш егіп, «Әкелер аллеясын» құрады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button