Басты ақпаратМәдениет

Әкенің патша көңілі не дейді?



Қазақ үшін қара шаңырақ ұғымы нені білдіреді? Әкенің отбасындағы, жалпы ер-азаматтардың қоғамдағы орны қандай? Балалар ауылды, туған үйін тастап, неге қалаға кетеді? Жақында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында премьерасы өткен «Патша көңілім, не дейсің?!» комедиясы, негізінен, осы сауалдарға жауап іздейді. Туынды авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбай, қоюшы режиссері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Қазақ балаларының есімін ұйқастырып қояды. Ағайынды Бақберген, Ақберген, Шымберген, Күнберген және 4 ұлдың ортасында жалғыз гүл болып өскен Гүлжәмилә – қала тұрғындары. Олардың қара шаңыраққа ат ізін салмай кеткеніне көп уақыт болды. Осы жағдай ауылда қалған ата-анасы Әбдірәсіл мен Шәмшәгүлдің жанына қатты батады. Әсіресе әкені ойландырады. Оның үстіне ауылдастары балаларының келмейтінін бетіне басады. Әке соған намыстанып әрі перзенттеріне сағынышы үдеп, бір қулық ойластырады. Қарттарға қарайласып отыр­ған көршілері Қойлыбайға «Балаларыма телефон шалып, мені өлді деп хабарла» деп айтады. Қойлыбай басында азар да бе­зер болады. Бірақ қария оны көндіреді.

Жаманат хабар жеткен балалар келіндерімен бірге жылап-сықтап ата-ананың шаңырағына келеді. Оларды Қойлыбай қарсы алады. Сөйтсе, аналарының үйдегі төрт түлікке қараудан қолы босамайды. Қойылымда ене мен келіндердің мәселесі де қозғалады. Төрт келін де әртүрлі сылтау айтып, енені қолына алғысы келмейді. Қазақ «қыз – бауырмал», «қыз – жанашыр» деп жатады, Гүлжәмилә «анамды өзім алып кетемін» дейді. Ал әкенің тірі екені анықталып, шындық ашылғанда, Әбдірәсілдің өтірікке барғаны мына монологпен беріледі:

«Сендердің өкпелейтінде­ріңді білгем. Бірақ менікі қайбір данышпандық дейсің?! Ойлап тапқан амалым осы. Айына, жылына бір рет төбе көрсетсеңдер қайда қалдыңдар?! Аттың тері сіңген ер-тоқымға жылан жоламайды. Құрт-құмырсқа, жын-шайтан о бастан. Сол сияқ­ты әке-шешенің тұрған шаңырағында ешнәрсеге ұқсамайтын ғажап бір тәтті иіс бар. «Өліп», сендерді шақырып алғандағы себебім, мақсатым бір-екі күн аунап-қунап, сол иісті сезінсе дедім. Ал бірақ ол иісті сендердің ұмытқандарың қашан… Бөтен ойым жоқ, мүмкін әкелік сағыныш деген осы шығар. Патша көңілдің не ойлайтынын кім білсін, қарақтарым».

Сөйтіп, күлдіріп отырып жылататын қойылымда драмалық көріністер молынан кездеседі. Спектакльге әдеттегідей екі актерлік құрам тартылған. Қос құрамда әке мен ана бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Боранбай Молдабаев, Лейло Бекназар және Майра Омар сомдайды. Қойлыбай рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев пен комедиялық кейіпкерлер оң жамбасына келетін Дастан Әлімов ойнайды. Ал балалар мен келіндердің бейнесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанқалдыбек Төленбаев, Ерлан Малаев, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев сынды танымал актерлермен қатар театрдың белгілі әртістері мен жастарға жүктелген. Олардың арасында бөліп-жаратыны жоқ, бәрі бекітілген рөлдерін жақсы ойнап шықты. Сахнаның әдемі безендірілуін де атап өту керек. Бұл – қоюшы-суретші Тимур Қоесовтың еңбегі. Композитор Қайрат Тоқымбетовтің музыкасы да көрерменді әсерлендіреді.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры жаңа жылда алғашқы қойылымын 10 қаңтар күні ұсынады. Ал «Патша көңілім, не дейсің?!» комедиясын 13-14 қаңтар күндері тамашалауға болады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button