Ел тынысы

Әлемнің жас биологтары Астанаға келеді



Астана IBO-2024 білім додасына дайындалуда. Жақында елордаға оқушылар арасындағы ең беделді олимпиадаға әлемнің жас биологтары келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Биыл 1-14 маусымы аралығында Астана қаласында IBO-2024 биологиядан халықаралық 35-ші олимпиада өтеді. Оған әлемнің 81 елінен 300-ден астам оқушы және 500-ден астам ғылыми жетекші қатысады деп күтілуде.

Олимпиада Назарбаев университетінде өтеді, оқушылар теориялық және төрт практикалық кезеңдер бойынша бақ сынасады. Оның ішінде биохимия, молекулярлық биология, биоинформатика, жалпы анатомия және физиология бар.

«Жас ғалымдар мен халықаралық олимпиадалардың қазақстандық жеңімпаздарынан құрылған IBO-2024 ғылыми комитеті екі кезеңнің тапсырмаларын әзірлеп, стресс-тестілеу өткізді. Олимпиадаға қатысушылар мен командалардың жетекшілері үшін түрлі шаралар, оның ішінде Астана қаласы мен Бурабайдың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ олар үшін кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасу алаңдары, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылады», – деп атап өтті «Дарын» РҒПО-ның директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO) – бұл орта мектеп оқушыларына арналған беделді білім додасы. Әрбір қатысушы мемлекеттің командасында төрт оқушыдан болады. Алғаш рет IBO 1990 жылы Чехияда алты мемлекеттің қатысуымен өтті. Мақсат – биологиялық зерттеулерге қызығушылықты ынталандыру, 15- 21 жас аралығындағы дарынды жастардың өзара идея алмасуына жол ашу. Қазақстандық оқушылар бұл ғылыми додаға 1996 жылдан бастап қатыса бастады. Бүгінге дейін 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 құрмет грамотасы қанжығаланып, бұл салада қазақстандықтардың жоғарғы жетістікке жеткенін айғақтады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button