Қоғам

Әлеуметтік желінің шырмауы

Әлеуметтік желіні жақсы жағынан өз пайдасына қолданатындар бар. Дәл солай білместіктен денсаулығына зиян тигізіп жатқандар жеткілікті.

Қазіргі таңда әлеуметтік желі адамзат өмірінің бір бөлшегіне айналған. Елімізде ғаламтор шеңберін пайдаланушылардың саны артпаса, кемімейді. Оны қолдана алатын кез келген адам өзіне қажетті, пайдалы мағлұматтарды тауып қана қоймай, өзара бір-бірімен немесе қоғаммен бөлісе алады.

Пайдалы жағын айта кетсек, алыс елдегі адамдармен, таныстарымызбен, жақындарымызбен оңтайлы ұялы телефон арқылы тілдесе алатынымыз, яғни тек өзара пікір алмасып қана қоймай, еліміздегі түрлі жаңалық, қоғамдағы қызу талқыланып жатқан мәселелер төңірегінде ой бөлісеміз.

Мектеп оқушылары үшін көптеген ­электронды кітап нұсқалары шықты. Кітапты тасығанша, бала телефон құрыл­ғысын пайдалана отырып оқуына болады. Жұмыс орнына орналасуға өтініш беріп, үйге кезекке тұру, несие рәсімдеу, пәтерді жалға алу сынды онлайн қызметтер уақытты үнемдейді.

Әлеуметтік желі арқылы хоббиін тапқан адамдар да көп. Ғаламтор мүмкіндігінің кеңдігі сонша, қосымша арқылы жеке бизнесін, имиджін қалыптастырғандар бар. Бәрімізге мәлім Instagram, YouTube қосымшалары арқылы қомақты табыс тауып жатқандар баршылық.

«Әлеуметтік желіден әр адам керегін алады. Мысалы, өзім ақша тауып отырмын. Белгілі бір кәсіпорынның желідегі парақшасын жүргіземін. Ол сатылымды өсіреді, солай кәсіп дамиды. SMM маманымын» деді елордалық тұрғын Айкөркем Бахтиярқызы.

Егер оны шамадан тыс қолдансақ, ғаламтор желісінің зиянды тұсы да жеткілікті. Әуелгісі денсаулыққа зиян, атап айтқанда, жүйке жүйесінің жұқаруы, бастың жиі ауруы, көру қабілетінің нашарлауы. Кейде адамдар сана-сезімі әлсіреп, сөйлеу қабілетінен айырылады. Компьютер мониторының алдында ұзақ уақыт отырғандықтан психика тез бұзылады. Ғаламтор желісінде алаяқтар жеке тұлға жайлы мәлімет алып, оны әртүрлі жағдайда бопсалап, жала жабуы әбден мүмкін.

«Ғаламтордың әсерінен тіл сауатсыздығы көбейіп барады. Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенмен, тілімізге орнығып алған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз» дейді қазақ тілі мен әдебиет пәнінің маманы Айнагүл Кемалиева.

Қорытындылай келе айтарым, әлеу­меттік желінің тек тиімді тұстарын қолданып, аса тәуелділікке ұрынбайық.

Анель АМАНГЕЛДИЕВА,

Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button