Басты ақпаратМәдениет

Әртіс болма, адам бол!

Өнер – айналамыздағы барлық тыныс-тіршілікті, дүние мен адам өміріндегі әсемдікті көркем бейнеде көрсететін сала. Осы жолда биіктен көрінген тұлғаларымыз жетерлік. Солардың бірі – «Biken» I халықаралық театр фес­тивалінде «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинациясының иегері атанған Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының дарынды жас актрисасы Шынар Қалдыбай. Актерлік өнердің қыр-сыры туралы сұхбат барысында айтып берді.

– Шынар ханым, актерлік салада өз жолыңыз­ды қалай бастадыңыз?

– Кішкентай кезімнен өнер адамы болғым келетін. Ата-анам да мені соған қарай бағыттады. Өйткені кезінде анам актриса болуды армандаған. Бойымнан өнерге деген қызығушылықты көріп, әртүрлі дамыту орталықтарына апарып жүрді. «Шабыт» оқу ордасына түсуге үш рет бақ сынадым. Қазақ ұлттық өнер университетінің мектебіне, колледжіне, университетіне оқуға тапсырғанмын. Бірінші сыныпта қобыз мамандығы бойынша бардым, мектебіне түсе алмай қалдым. 9-сыныптан кейін эстрадалық вокалға тапсырамын деп шештім. Бойымда қандай қабілет болды – сонымен бардым. Алайда колледжге де түсе алмадым. Қайтсем де түсемін деп, 11-сыныпта дайындалдым. 93 ұпаймен университетке муздрама мамандығына грантқа түстім. «Шабытта» оқып шықтым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаеваның шеберханасында оқыдым. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді ғой. Осы шеберханаға түскеніме қатты қуанамын. Ащысын да, тұщысын да татып, аман-есен оқуды бітіріп шықтық.

– Рөлдерге қалай дайын­даласыз? Арнайы әдістер немесе рәсімдер бар ма? Жанбике Шанинаның бейнесін сомдағанда қалай дайын­далдыңыз?

– Актерлік сала – сан қырлы мамандық. Мысалы, дәрігер мамандығын 8 жыл оқыса, біз ол рөлге 1 ай дайындалуымыз керек. Сол уақыт аралығында дәрігерлер қандай болуы керегін, ең аз дегенде базалық білімін зерттейміз. Сырт көзге оңай болып көрінгенмен, олай емес. Бұрын адамдар «Ән айтып, би билеп жүре бересіңдер» деп айтатын. Шынына келсек, бір премьера шығару үшін театрда қонып қалатын кездеріміз болады. Кейде таңға дейін қаламыз. Қаншама мәтін жаттау керек. Әр кейіпкердің мінез-құлқын зерттеп, бойы­мызға сіңіре алу қажет. Мен рөл сомдаған «Chanel №5» деректі драмасын Жанбике Шанина үшін алдым. Ең қиыны – шын өмірде болған тұлғаларды зерттеу және ойнау. Ойдан шығарылған кейіпкерді сан құбылтып ойнай беруге болады. Ал өмірде болған кісінің өзін қалай ұстауын, қандай адам болғанын барлық деректі егжей-тегжей толық ақтара отырып қарап шығу керек. Біз осы қойылым үшін АЛЖИР-ге, КАРЛАГ-қа да бардық. Сол жақтағы адамдардан сұрастырдық. Кейіп­керлерімізді барынша зерттедік. Жауапкершілігі мол қойылымдардың бірі болды. Бұл номинацияны аламын деп мүлдем ойламадым. Тіпті марапаттау рәсіміне де бармадым. Бір сәтте қарасам, телефоныма хабарламалар түсіп жатыр. Көзіме жас келді. Бұл – театр сахнасындағы менің алғашқы жетістігім.

– Кино индустриясы туралы не ойлайсыз? Болашақта ойнағыңыз келетін рөл бар ма? Қандай режиссермен жұмыс істегіңіз келеді?

– Талай кастингтің табалдырығын тоздыр­ғанмын. Қазір кино саласында кәсіби актерлер емес, блогерлер көбейіп кетті. Менің жеке ойым, әркім өз мамандығы бойын­ша жұмыс істеуі керек. Режиссерлер, театр актерлері кинода жасанды ойнайды деп айтады. Бірақ бұл сөздер, негізі, шындыққа жанаспайды. Оның барлығы режиссер мен сценариске байланыс­ты. Мысалы, «5:32» сериалын ойнағандар – театр актерлері. Сценарийден ауытқуға болмаса, қалай бар, солай ойнап береміз. Не талап етеді, соны істейміз. Әркімнің өз арманы бар. Мен тарихи фильмге түскім келеді. Ақан Сатаевпен жұмыс істегім келеді. Театрда көбіне үлкен жастағы адамдардың рөлін сомдаймын. Ұжымда жастар болғандықтан барлық рөлді ойнай береміз. Бірақ бұл рөлдерді жасым келген кезде де ойнай аламын. Сондықтан өз жасымдағы кейіпкерді ойнасам деймін. Адам қай жаста болмасын өзін көрсете алуы қажет. Алдағы уақытта болашағымның жарқын боларына сенемін.

– Жеке өміріңізді және жұмысыңызды қалай үйлестіресіз?

– Бізде театрда 15 жұп бар. Күйеуі де, әйелі де осында жұмыс істейді. Театрда табысқан жұптар. Сондықтан жұмысқа кедергі жоқ. Бір салада, бір театрда болғандықтан, бір-бірімізге әрқашан қолдау көрсетіп, дем беріп отырамыз. Әрине, үйде жақындарым көмектеседі. Олар мені әрқашан түсінеді, қолдайды. Бәріне тек алғысымды айтқым келеді. Себебі ол кісілер болмаса, бұлай жүрмес едім. Бұрыннан жолдасымның өнер адамы болғанын қалайтынмын. Басқа саладан болса түсінбеуі мүмкін. Өйткені жұмыс кестесі бізде басқаша. Премьера болғанда қызу жұмыс басталады.

– Жақсы актерде қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

– Әртіс болма, адам бол! Бізді ұстаздарымыз жақсы адам болмай, жақсы маман бола алмайсыңдар деп тәрбиелеген. Адамгершілік қашанда біз үшін ең алдыңғы орында тұрады. Осы қасиет болса, адамдардың да сыйластығы арта түседі.

– Өнерде өркендеуге ұмтылған жас актерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Біздің мамандықта «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген түсінік бар. Өмір бойы өзін қамшылап, үлкейгенде жетістікке жеткен адамдар да болады. Сондықтан біздің мамандықта «Керек жерде, керек уақытта табыла білудің» маңызы зор. Мүмкіндік болса, өз-өзіңді көрсетіп, өзіңді жақсы көру қажет. Өзіңді жақсы көру деген сөз – ол ішкі сенімділік. Ұялшақтықты бір шетке ысырып қою керек. Жоғары оқу орнын бітірсең болды, керемет актер болып кететініңе кепілдік жоқ. Сондықтан тек өзіңмен тұрақты жұмыс жүргізу, үнемі ізденісте болу ғана бізді өсіреді.

Гүлназ МҰХАНЖАН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button