Мәдениет

Әскери-патриоттық әндер шырқалды



Елордадағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз – патриоттар ордасы» жобасы аясында әскери-патриоттық әндер байқауы қорытындыланды. Байқау армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай өтті.

Салтанатты іс-шараны елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Білім басқармасы және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-­патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы бірлесе ұйымдастырды.

Елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы ­Самат Ибраевтың айтуынша, астаналық мектептер мен колледждерде 80-ге жуық «Жас сарбаз» сыныптары мен клуб­тары жұмыс істейді. Ал қозғалыс тәрбиеленушілерінің саны 8 мыңнан астам адамды құрайды.

«Әскери-патриоттық әндер байқауына қатысушылар 19 сәуірден бастап іріктелді. Барлығы 58 баладан өтінім келіп түсті, нәтижесінде тек 7-еуі ақтық кезеңге жолдама алды. Бұл байқаудың жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін рес­публикалық байқауға қатысады» деп бөлісті «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы рес­публикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Айдархан Махамбет.

Сайыс қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесі №51 мектеп-гимназия оқушысы Арай Ерахметке берілді. І орынды педагогика колледжінен Диас Мэлс жеңіп алды. ІІ орынды №57 орта мектебінен Темірбек Қалменбай, Наушабек Баязи  мен №52 мектеп-гимназиясынан Дінислам Копиров бөлісті. Ал ІІІ орынға сервис және туризм колледжінің студенті Наргиз Маликова, №63 мектеп-гимназияның «Армандастар» домбырашылар ансамблі және №61 мектеп-лицейінің оқушысы Мансұр Мұхамеджанов ла­йық деп танылды.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button