Руханият

Әуезов ескерткішіне байқау жарияланды



Астанада заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ескерткіші жоқ. Былтыр классиктің 125 жылдығы тұсында «Астана ақшамы» газеті қаламгерді бас қалада тұғырға қондыру туралы бастама көтерді. Алдымен шолушы Айгүл Уайстың «Бас қалаға Әуезов қашан келеді?» (№28 (4306), 10 наурыз, 2022 жыл) мақаласы шықты. Одан кейін хат түрінде жазылып, «Дат» айдарымен жарық көрген «Елордаға Әуезов ескерткіші керек» (№115 (4393), 29 қыркүйек, 2022 жыл) материалының соңына Әкім Тарази, Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай, Уәлихан Қалижан бастаған көрнекті қаламгерлер мен ғалымдар, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, бас-аяғы 12 адам қол қойды. Бірақ биыл Үкімет назарына алса деген ниетпен басылымымыздың бас редакторы Еркін Қыдырдың «Ұлы тұлға ел төрінде тұрса…» (№132 (4565), 7 қараша, 2023 жыл) материалы жарық көрген соң сең қозғалды.

Жыл соңында бізге ақжолтай ақпарат келіп жетті. Астана қаласының Мәдениет басқармасы Мұхтар Әуезов ескерткішінің үздік жобасына байқау жариялады. Ескерткіш тақырыпқа сай, мағыналы және көркемдік деңгейі жоғары болуы тиіс. Конкурсқа көркем-өндіріс шеберханалары, заңды және жеке тұлғалар қатыса алады. Байқау ережесін аталмыш басқармаға хабарласып, білуге болады. Ескерткіштің жобасы мен құжаттарын қабылдаудың соңғы күні – 2024 жылдың 25 қаңтары. Бұл – «Астана ақшамы» газеті көтерген мәселе шешімін тапты деген сөз. Мұхтар Әуезовтің Алаш қайраткерлерімен пікірлес, мүдделес болғаны белгілі. Солармен қатар қуғын-сүргін де көрді. Сол кезде Ахмет Байтұрсынұлының Әуезовке «Сендер кешірім сұраңдар, аман қалыңдар» дегені жөнінде дерек кездеседі. Жазушы оның ақылын тыңдап, аман қалды. Есесіне ұлт әдебиеті мен руханиятына өлшеу­сіз үлес қосты. Басқа еңбектерін айтпағанда, қазаққа ғана емес, әлемге ұлы Абайды танытып кетті. Ендеше ескерткіші елорда төрінде қасқайып тұратын реті бар. Тиісті шешім шықты. Енді «Астана ақшамы» газеті өзі көтерген мәселенің тезірек орындалғанын сүйіншілейтін күн келсін деп тілейміз.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button